Жаңалықтар

Оқушылардың ораза ұстауы дұрыс па?

Көзқарас

Биылғы рамазан айында мұсылманның бес парызының бірін орындап, ораза ұстап жатқандар көп. Олардың қатарында мектеп оқушылары да бар. Осыған байланысты қоғамда екіжақты пікір қалыптасып үлгерді. Бірі «Оқушыларға ораза ұстау қажет емес» десе, енді біреу «Балиғат жасына жеткен әрбір адамның ауыз бекітуге құқы бар» дегенді құптайды. Осы мәселе төңірегінде әр сала өкілдерінің пікірін білген едік. Сонымен…

Оң-солын танып барып ораза ұстағаны дұрыс

Серікжан ЕНШІБАЙҰЛЫ, Ақтөбе облысының бас имамы:

— Ауыз бекітіп, ораза ұстау — бес парыздың бірі. Бірақ балиғат жасына толмаған балаларға шариғатта ораза ұстау міндеттелмейді. Қыз балаға да, ер балаға да 15 жасқа толған кезден бастап құлшылықтар парыз деп есептелген. Жұртшылық ораза ұстау тек таңнан кешке дейін аш жүру еместігін, оның үлкен мақсаттары бар екенін түсінуі керек. Ал жас балалар бұл туралы мәліметті интернеттен емес, ата-аналарынан алуға тиіс.

Жалпы балаға 5-сыныпқа дейін ораза ұстатуды міндеттеудің қажеті жоқ. Бала оң-солын танып, оразаның негізгі мақсат-міндетін түсінетін кезден бастап ауыз бекітсе де болады. Сондай-ақ адам ораза ұстағанын ешқашан біреуге міндет етпеуі керек. Керісінше, ол бойындағы жаман әдеттерден арылып, мектеп жасындағы бала болса, сабағына көңіл бөлуге тиіс.

Өздеріңіз білетіндей, құлшылық адамға қиындық туғызбайды. Алла тағала Құранда жол жүретін жолаушыға, жүкті, бала емізетін әйелге, денсаулығы жарамсыз адамдарға ораза ұстауды міндеттемейді. Сол секілді балиғат жасына толмаған жас балаға да шариғатымыз ораза ұстауды міндеттемейді. Егер мектеп жасындағы бала өзін төзімділікке тәрбиелеу мақсатында ауыз бекітіп, кейін шыдай алмай аузын ашып жіберсе, ол күнә болып есептелмейді. Соны естен шығармаған жөн.

Ораза айы басталғалы мешітке тарауық намазын оқуға келетіндер қатары көбейді. Арасында мектеп жасындағы балалар да бар. Тіпті емізулі баласы бар аналар да келеді. Осы ретте тарауық намазының парыз емес екендігін тағы бір мәрте еске салғым келеді. Біз бұл туралы әр жұма сайын халықпен кездесу барысында ата-аналарға айтып отырамыз. Балаға мәжбүрлеп ораза ұстатып,  тарауық намазына қатыстыру міндет емес. Тарауық намазына қатысқан баланың таңертең ұйқысы қанбай, сабағына кесірін тигізуі мүмкін. Сондықтан ата-аналар қауымы ораза тұтқан баласын ерекше бақылауда ұстап, оның күнделікті режиміне көңіл бөлуі қажет.

Түнде балалардың ағзасында өсу гармоны бөлінеді

Жанар БҰХАРБАЕВА, №1 қалалық емхананың балалар бөлімінің меңгерушісі:

— Балиғатқа немесе кәмелетке толмаған жасөспірімдердің ораза ұстау кезінде ағзаларында әлсіздік, дәрменсіздік пайда болуы мүмкін. Бұл жағдай балалардың денсаулығына кері әсер етеді. Мәселен, балалар түнде ұйқысын бөліп, сәресін ішуге тұрады. Бұл кезде жасөспірімдердің өміріне қажет эндокриндік процесс бұзылады. Себебі кез келген баланың ағзасында түн мезгілінде өсу гармоны бөлінеді.

Жалпы елімізде медициналық жағынан ораза ұстаудың зияны туралы нақты дәйектер, ғылыми деректер жоқ, дегенмен дәрігер ретінде айтарым — ауыз бекіту балалардың қалыпты өсуіне әсер етуі мүмкін.

Қазіргідей көктем мезгілінде балаларға ашығу, уақытымен тамақ ішпеу зиян. Себебі олар онсыз да тез шаршап, әлсірейді. Жалпы бұл кезеңде балалардың ағзасына түрлі дәрумендер керек. Ал дәрумендердің көбін біз тамақтану арқылы аламыз. Осыны ата-аналар ескерсе екен дейміз.

Оқушылардың оқуға ынтасы төмендейді

Гүлдана КОЛЕНКИНА, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

— Қазір мектеп оқушылары арасында ауыз бекітіп жүрген оқушылар жетерлік. Олардың арасында жоғары сыныптың да, 5-9 сыныптың да оқушылары бар. Ораза ұстаған оқушылар сабақ кезінде ұйқысы қанбай, маужырап отырады, тапсырмаларды орындауға, оқуға құлқы болмай, шаршайды. Жоғары сынып оқушылары, тіпті соңғы сабақтарда партаға жатып алады. Бұл өз кезегінде білім алушылардың оқу үлгеріміне айтарлықтай әсер етеді, олардың білім көрсеткіштері төмендейді.

Мен 6, 9,10-сыныптарға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беремін. Биыл осы сыныптағы оқушылардың арасында өткен жылдарға қарағанда ауыз бекітіп жүргендер саны әлдеқайда көп. Олардың біразы көпшілікке еріп немесе қызық көріп ұстайды. Кейбірі ауыз бекіткенін міндет, тіпті мақтан қылады. Бұл басқа оқушылардың психологиясына жағымсыз әсер етеді. Біз, ұстаздар қауымы, бұл тұрғыда ораза айының алдында барлық сыныптың оқушыларына түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Тіпті ата-аналармен бірге түрлі тәрбие сағаттары да өткізілді. Дегенмен жыл өткен сайын ораза ұстау жаппай дәстүрге, тіпті сәнге айналып барады десе де болады.

Қазіргі заман — ғылым мен білімнің заманы. Сондықтан қазір білімді, ғылымға ден қойған, жан-жақты жастар ғана биікке қол жеткізе алады. Еліміздің дамуына өз үлесін қосуға ниет еткен әрбір оқушы мектептің ішкі тәртібіне бағынып, өз міндетін орындауға тиіс. Жалпы оқушыларға ортақ міндет — мектепте сапалы білім алу. Ал дұрыс білім алу үшін кез келген оқушы сабаққа уақытында дайындалып, бағдарламаны терең меңгеріп, тиісті бағасын алуы керек.

Баланың міндеті — сабақ оқу

Гүлжан СУЛИКЕНОВА, Ақтөбе қаласының тұрғыны, көпбалалы ана:

— Көпбалалы ана ретінде кішкентай балалардың ауыз бекіткеніне қарсымын. Біріншіден,  олар оразаны не үшін ұстау керектігін біле бермейді. Екіншіден, өсіп келе жатқан ағзаға түрлі дәрумендер мен микроэлементтер қажет, ал рамазан айында бала ашығатын болғандықтан, дәрумендерді уақтылы іше алмауы мүмкін.

Биыл 10-сыныпта оқитын, он алты жастағы қызым әкесінен рұқсат алып, бірінші рет бізбен бірге аузын бекітті. Одан кішкентайлары ораза ұстамайды.

Әр адам ораза ұстау тек ас-судан тыйылу емес екенін ұғынуға тиіс. Сол себепті рамазан айында үлкен даярлықпен, ниет етіп барып ауыз бекіткен жөн.

Әйтпесе оң-солын танып-білмеген, ораза туралы түсінігі жоқ балалар үйдегі үлкендерге еріп, сәресіне дейін ұйықтамау үшін телефон қарап уақыт өткізуі де мүмкін. Ал мектеп оқушысының түнгі ұйқысы толыққанды болмаса, ол оқу үлгеріміне де, денсаулығына да теріс әсер етеді. Ал баланың негізгі міндеті — сабақ оқу.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button