Жаңалықтар

Қауіп сейілді ме?

Су тасқыны

Кенеттен болған су тасқынан зардап шеккен қобдалықтардың жай-күйі өңір жұртын алаңдатпай қоймады. Облыс тұрғындары мен белгілі кәсіпкерлер бірауыздан көмек қолын созып, моральдық қолдау көрсетті. Етек-жеңін жинап, еңсесін тіктеген тұрғындардың қазіргі ахуалын білмек үшін ауданға барған едік…

Аудандық төтенше жағдайлар департаментінің дерегі бойынша, 100 үйге су кірген. Мамандар 17 үйдің құлап қалуы мүмкін екендігін айтады. 25 адам эвакуациялық пункттерге орналастырылып, азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз етілген. Қобданың бірқатар ауылдарында тасқын салдарынан құлаған көпірлер қайта қалпына келтіріліп жатыр.

Наурыз айының 12-ші жұлдызында Егіндібұлақ ауылының ортасынан өтіп жатқан Батпақты өзені тасыды. Келесі күні сағат 15.00-де судың деңгейі қатты көтеріліп, ауыл тұрғындарына көпірден тез арада өтіп алу туралы хабар берілді. Сол күні кешқұрым көпірді су шайып кетіп, ауылмен қатынас тоқтады. Көпірден түсетін 25 метр жерді қар суы басты. Оқиға басталған сәттен кезекшілік ұйымдастырылып, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері дамылсыз қызмет етті. Көпірді қайта қалыпқа келтіру жұмыстарына кәсіпкер Қоблан Таңатаров және «Автопарк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мейіржан Өндіргенов қол ұшын созды.  Олар арнайы техникалармен қамтамасыз етіп, 4 күннің ішінде ауылішілік қатынасты қалыпқа келтіріп берді. Кәсіпкерлерге айтар алғысым шексіз, — деді Егіндібұлақ ауылына қарасты Исламғали Құрманов атындағы ауылдық округ әкімі Қайырбек Әмірғалиев.

Қобда ауданының әкімі Болат Құловтың айтуынша, аудан бойынша тасқын су деңгейі қалыпты деңгейде. Келтірілген шығындардың есебі жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік қызметкерлер мен еріктілер бір күндік жалақысын аударған. Қаладағы ірі компаниялар 100 үйге жететін азық-түлік жіберді. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес су басқан үй иелеріне 500 мың теңгенің сертификаты берілді. Аудандық «Шапағат» қоғамдық қоры 20 миллион теңге көлемінде қаржы жинақтады. Ауыл тұрғындары 27 наурыздан бастап көмекті қолма-қол алатын болады.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, су тасқыны болған сәттен бастап игі іске жаны құмар адамдар қобдалықтарға барынша көмек көрсетуге тырысты. Әсіресе ауыл тұрғындары төсек-орын жабдықтары мен киім-кешектерге мұқтаж еді. Сондықтан су жаңа заттарды жиналған қаражатқа сатып алып, қаладан ауылға тасымалдауға арнайы көлік жалдадық. Одан бөлек азық-түлік, шаруашылық заттарын уақытында жеткізіп отырдық. Ойламаған жерден баспанасынан айырылған тұрғындарға барынша қолдау көрсетіп жатырмыз, — деді жеке кәсіпкер Рәзия Галиева.

Аудан тұрғындарының бірі Назифа Тауманова да төтенше жағдайлар департаменті мен жанашыр адамдарға алғыс білдірді:

«Апат айтып келмейді» дегендей, су тасқыны ауыл тұрғындарын есеңгіретіп тастады. Үйім суға толып, жарамсыз болып қалғанда не істерімді білмедім. Оқиға орнына дереу жеткен құтқарушылар бригадасы ең алдымен адамдарды, одан соң жануарларды судан алып шығып, өз қызметтерін мінсіз орындады. Қазіргі тұрып жатқан үйім саманнан салынған ескі үй еді. Соған қарамастан, жаңа үй беретінін естігенде қуанышымда шек болмады. Қиын күндерге қолдау көрсеткен облыс әкімдігіне, еріктілерге айтар алғысым шексіз. Мен 25 жылдан астам білім беру саласында қызмет атқардым. Қазір зейнеттемін. Кезінде оқытқан шәкірттерім де көмегін аямады. Олар да қолдарынан келгенше жеке есепшотыма қаражат аударып жатыр. Ауызбіршілігі мықты қазақ халқына ризашылығымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын, — деді Назифа Тауманова.

Ауыл тұрғындарының бірі суға кеткен үйлердің бірін күзеткен итті бірнеше күннен бері байқағанын айтады. Ол күн сайын үй алдынан шықпай ұлиды екен. Бала кезімізде ит ұлыса үрейленетінбіз. Үлкен кісілеріміз ит ұлыса, жаман ырымға балайтын еді. Су тасқыны болған жерде иесін іздеп, ұлып тұрған итті біз де көрдік.

Үй жануарының ұлуы естір құлаққа шынында қайғы-қасіреттің лебін сездіретіні рас. Иесіз қалған үйді күзеткен иттің өз иесін іздеп, шарқ ұрғаны көңілді құлазытады. Бәлкім, адамдар арасынан иесін іздегені шығар, — дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Арман Қабылов.

Айтып келмейтін апатты көзімен көрген ол жүрекжарды өлеңін арнапты:

Сын сағаты

Жердің беті кетті судан былбырап,

Бәрімізге келді Алладан бұл сынақ.

Көктем келіп күлімсірей бастап-ек,

Бір-ақ кеште шыға келдік тұнжырап.

 

Қардың суы көзге тамшы жинады,

Табиғаттың топан суы қинады.

Өрт пен суды тілі жоқ жау дейді ел,

Сансырап жұрт, су астында үй қалды.

 

Қиындықты қайыспастан көтерді ел,

Сабыр, сабыр! Күн жаманы өтер деп.

Бір жұмылған жұдырықтай Қобданы

Атамаған батыр ел деп бекерден!

 

Үміт оты жанып емес, лаулап тұр,

Сезеді жұрт қалмайтынын жаурап құр.

Өз халқының арасынан табылған

Азаматтар көңілдерді баурап жүр.

 

Күн өтеді, ай өтеді, жыл өтер,

Бұл табиғат жерді әлі түлетер.

Уайым кетіп, із қалғанда ел өзі

Ақты ақ деп әлі талай жыр етер!

 

Басың аман, кеткен шығын өтелер,

Ажарланып шығады әлі көшелер.

«Шірімейді ер мойнында қыл арқан»,

Ердің ері елдің жүгін көтерер!

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button