Жаңалықтар

Осы аптада сенбілік басталады

Қала

Ақтөбе қаласының әкімі Мұрат Жөребеков санитарлық жұмыстарды ұйымдастыру мәселелері бойынша көшпелі кеңес өткізді.

Шаһар басшысы қалаға қарасты Астана және Алматы аудандарының әкімдеріне, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшылығына көше жолдарын тазалауға жауапты мердігерлерге қатаң талап қоюды жүктеді. Жолдарды күтіп ұстауды міндетіне алған компаниялар жұмыс режимін күшейтуі керек.

Сондай-ақ Мұрат Жөребеков осы аптада сенбілік басталатынын және оған барлық мекеме, кәсіпкерлік нысандары, тұрғындар қатысу керектігін айтты.

— Осы аптада сенбілікке шығуды бастаймыз. Санитарлық тазалық жұмыстарының екі айлық науқанын жариялаймыз. Биыл көктем ерте шықты, соған сай тазалық жұмыстарын ертерек бастап кетуіміз керек. Қаламызда қыс мезгілінен қалған қоқыс көп.

Әр мекеме, бизнес нысаны, көп қабатты үйлер тұрғындары өз аумақтарын тазалауға тиіс. Көктем сайын жалпықалалық сенбіліктер еліміз бойынша өтетіні белгілі. Оған біз, ақтөбеліктер де үлес қосып, қаланы тазартуға атсалысайық. Саябақтарды, гүлзарларды, көшелерді тазалауға да бір кісідей жұмылып кірісетінімізге сенемін.

Сондай-ақ екі ауданның әкімдері санитарлық тазалау мекемелеріне талапты күшейтуі керек,— деді қала әкімі.

Айта кету керек, қала аумағы санитарлық тазалау бойынша 14 учаскеге бөлінген. 7 мердігер компания, 255 адам және 40 техника жұмыс істейді. Бұдан бөлек қазіргі таңда жол белгілерін, бағдаршамдары, бағаналарды 5 бригада жуып жатыр.

Ал автомобиль жолдарының тазалығына мердігер мекемелердің 70 жұмысшысы, 35 арнайы техникасы жұмылдырылады. Қазір су шашып, көшелерді сыпыру және арнайы вакуумды-сыпырғы көліктерін қысқы мезгілден жазғы мезгілге көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button