Гендерлік теңдік — негізгі басымдықтардың бірі

Қазіргі қоғамның өзекті міндеттерінің бірі — азаматтардың құқықтарын сақтау, гендерлік теңсіздіктің түрлі көріністерін жою. Облыс тұрғындарының 51,4 пайызы — әйел адамдар, оның ішінде ауыл тұрғындарының 49,4 пайызы — әйелдер.
Өңірдегі экономикалық белсенді 445 813 адамның 207 298-і — әйел адамдар (46,5 пайыз). Олардың 30 пайыздан астамы — білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау саласында, 20 пайызы — көтерме және ұсақ саудада, 10 пайызы — өнеркәсіп орындарында, 6,3 пайызы ауыл , балық, орман шаруашылығында еңбек етеді. Керісінше, қаржылық және сақтандыру (1,8 %), тамақтандыру және тұрғынжай ұсыну бойынша қызметтер салаларында (2,9%) әйел адамдардың белсенділігі төмен. Бұл — ресми статистика.
Гендерлік теңдікті сақтау, әйелдерді жұмыспен қамтамасыз ету, олардың денсаулығын сақтау — тұтастай алғанда гендерлік саясаттың өңірімізде қалай жүзеге асырылып жатқаны жөнінде облыс әкімінің орынбасары, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасы Бұлбұл Елеусіновамен сұхбаттасқан едік…
— Алдымен осы бағыттағы заңнамаға тоқтала кетейік. Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында негізгі басымдықтар ретінде шешімдер қабылдау процестеріне әйел адамдардың кемінде 30 пайызы тартылуға тиіс делінген.
Бұл бағытта ілгерілеушілік байқалады. Жергілікті атқарушы органдардағы шешім қабылдау деңгейіндегі мемлекеттік қызметшілердің 14,9 пайызы — әйел адамдар (2021 жылы бұл көрсеткіш 14,6 пайыз болған еді). Әкімшілік мемлекеттік қызметшілер арасындағы әйелдер үлесі — 52,6 пайыз.
Өңірде қоғамдық мәселелерді шешуде әйелдердің белсенділігі басым. Мәселен, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша әйел адамдардың мәслихаттағы үлесі — 32,5 пайыз, саяси партиялардағы үлесі 48,3 пайыз болды. Мемлекеттік органдар жанындағы Консультативтік-кеңесші органдар мен қоғамдық кеңестердегі әйелдер үлесі 30 пайыздан асып отыр.
— Әйел адамдарды басқа да салаларда жұмыспен қамту қалай жүзеге асырылып жатыр?
— Жергілікті атқарушы органдар тарапынан еңбек нарығында тұрақты жағдайды сақтауға бағытталған ауқымды іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Жыл басындағы, 1 қаңтардағы дерек бойынша, жұмыспен қамту шараларына қатысқан 57 991 адамның 28580-і, яғни 49,3 пайызы — әйел адамдар.
13 664 әйел бос жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылды, 691 әйел еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді курстарда оқыды. Сонымен бірге 3456 әйел «Бастау-Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін игерді. 530 әйел адам жұмыспен қамтудың тиімді тетіктерінің бірі — қайтарымсыз мемлекеттік гранттарға (400 айлық есептік көрсеткіш) ие болды. Жастар тәжірибесіне жіберілген жұмыссыз жас түлектердің 61 пайызы (1319 адам), әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілгендердің 59 пайызы (1117 адам), «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысушылардың 72,7 пайызы (101 адам) —әйел адамдар.
«Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша 71 (64,5 пайыз), «Күміс жас» жобасы боынша 98 (43,9 пайыз) әйел жұмысқа орналастырылды.
Сонымен қатар өңірде бос жұмыс орындарын ұсынатын 116 жәрмеңке өткізіліп, оған 4508 адам қатысты, оның ішінде әйелдер — 2123 адам. Жәрмеңке нәтижесі бойынша 3410 адам (оның ішінде әйелдер — 1712) адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды.
Осы жылдың 1 наурызындағы дерекке сүйенсек, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар аясында 7706 адам жұмыспен қамтылған болса, соның 4452-сі (57,8 пайыз) — әйел адамдар. Бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне қатысқан 745 адамның (396-сы — әйелдер) 481-і (оның ішінде 287-сі — әйелдер) жұмысқа орналастырылған.
Қабылданған іс-шаралардың нәтижесінде өңірде жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайыз болып отыр (республикадағы бұл көрсеткіш — 4,8 пайыз).
Әйелдердің жұмыссыздық деңгейі — 4,7 пайыз. (республикадағы бұл көрсеткіш — 5,5 пайыз). Жұмыссыз әйелдер саны — 9795 адам, оның 3 520-сы ауылдық жерде тұрады.
— Өңірдегі аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқтала кетсеңіз?
— Аз қамтылған отбасылардың табысын, әл-ауқатын арттыру мақсатында өткен жылдың желтоқсанынан бастап Қобда ауданында «Табысты отбасы» әлеуметтік жобасы жүзеге асырыла бастады. Аталған жоба «Самұрық қазына» акционерлік қоғамының қолдауымен жүргізліп жатыр. Алғашқы қатысушылар тігін ісі, кондитер, автоэлектрик, сұлулық индустриясы және СММ бағыттары бойынша оқып, оларға қажетті құрал-жабдықтары табысталды. Бүгінде бұл жоба Ақтөбе қаласында жалғасын тауып, 40 адам оқуды сәтті аяқтады, қор арқылы оқыған мамандықтарына сәйкес қажетті құрал-жабдықтар берілетін болады.
Ақтөбе қаласындағы «Бақытты отбасы» орталығында 379 адамға қызмет көрсетілді, оның ішінде 313 адам тігін ісі, флористика, массаж, кондитер, визажист, СММ мамандықтары бойынша ақысыз курстардан өтті. 55 адам психологиялық және құқықтық кеңес алып, қаржылық сауаттылығын арттырды. Түрлі санатқа жататын 18 әйел өз кәсібін ашып, жұмыспен қамтылды. Орталыққа жүгінген 54 ананың алименті өндіріліп, 401 әйелдің банктегі шоттары бұғаттан алынды.
Өңірде аз қамтылған және көпбалалы отбасыларын қолдау бағытында көмектің бірнеше түрі көрсетіледі. Атап айтсақ, көпбалалы аналарға арналған жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, кепілдендірілген әлеуметтік топтама, жергілікті өкілетті органдардың шешімдері бойынша біржолғы әлеуметтік төлемдер, тұрғын үй көмегі, тұрғын үй сертификаты және қайырымдылық көмектер беріледі.
Облыста 23 736 көпбалалы отбасы бар, ондағы бала саны — 102 758, оларға өткен жылы 14 655,1 миллион теңге көлемінде мемлекеттік балалар жәрдемақысы төленді; 1562 анаға — 9,2 миллиард теңге көлемінде жүктілік және босану жәрдемақысы, 3623 анаға — 3,1 миллиард теңге көлемінде бала туғанда тағайындалатын жәрдемақы; 3104 «Алтын алқа», 6061 «Күміс алқа» иегерлеріне 2,6 миллиард теңге көлемінде төлемдер төленді.
Бұл төлем түрлері биыл да беріліп жатыр.
Сонымен бірге 5 634 отбасына (28 898 адам) 2 120,6 миллион теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек төленді.
Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасының бір жастан алты жасқа дейінгі 7 596 баласына 529,7 млн теңгеге кепілдендірілген әлеуметтік топтама (азық-түлік жиынтығы, гигиеналық құралдары) таратылды.
Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы атаулы әлеуметік көмек алушылар саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 497 отбасына (1709 адамға) азайды. Аз қамтылған көпбалалы отбасылардың әл-ауқатын көтеру басты мәселе болып қала бермек.
— Әйел адамдардың кәсіпкерлік саласындағы белсенділігі қандай? Жалпы, өзін-өзі қамтуға бағытталған іс-шараларға қыз-келіншектердің қатысуы қандай деңгейде?
— Тағы да статистикаға сөз берейік: облыста 84,8 мың бірлік шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істесе, оның ішінде әйелдердің үлесі — 58 пайыз.
Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде барлығы 4549 жобаға қолдау көрсетілді, оның ішінде кәсіпкер әйелдерге 51,9 пайызы (2361 жоба) тиесілі.
Нақтырақ айтсақ, 2393 жобаға субсидиялау бойынша 36,5 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде әйел адамдарға берілген көмек көлемі мынадай — 1045 жобаға 6,6 миллиард теңге көлемінде кредиттер бойынша кепілдіктер, 78,5 миллион теңгеге 22 грант, инфрақұрылымды жүргізу бойынша 8 жобаға 236,3 миллион теңге кепілдік берілген.
Ақтөбе облысы бойынша ауыл шаруашылығы саласында жұмыспен қамтылған 33150 адамның 10144-і (30,6 пайызы) — әйел адамдар. Мемлекеттік несиелендіру бағдарламаларына қатысатын ауыл шаруашылығы өндірушілерінің 865-і «Агробизнес», «Кең дала», «Іскер», «Ауылдық ипотека», «Ауыл аманаты» сияқты бағдарламаларға белсенді қатысып, тиімді шарттармен үш миллиард теңгеге жуық несие алды. Осы шаруашылықтардың 295-нің басшылары — әйел адам. Бұл әйел адамдардың ауыл шаруашылығы саласында да белсенділігін көрсетеді.
Әйел адамдар «Ауыл ипотекасы» бағдарламасы бойынша несие алу (67,3 пайыз), «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша да (52,4 пайыз) белсенді. Биыл 1171 әйел 13,8 миллиард теңгеден астам сомаға жеңілдетілген несие беру бағдарламаларына қатысады деген үміт бар.
— Ана мен бала денсаулығы да әйел адамдардың қоғамдағы белсенділігіне әсер ететін факторлардың бірі. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
— Денсаулық сақтау жүйесінің басты бағыттарының бірі — ана мен баланың денсаулығын қорғау. Өңір тұрғындарының төрттен бір бөлігі (215 239 адам) — фертильді жастағы әйел адамдар.
Былтыр, өкінішке қарай, ана өлімінің 3 жағдайы тіркелді. 2021 жылмен салыстырғанда ана өлімі 72 пайызға төмендеген, алайда белгіленген индикаторға қол жеткізілген жоқ. Былтыр нәресте өліміне қатысты 153 жағдай, 2021 жылы 222 болды, яғни алдыңғы жылмен салыстырғанда 17,4 пайызға төмендеді.
Бүгінде әйелдер денсаулығын сақтау, ана мен бала өлім-жітімінің алдын алу бағытында көптеген іс-шара жүзеге асырылып жатыр. Атап айтсақ, облыста отбасын жоспарлаудың 30 кабинеті және босануға дайындықтың 28 кабинеті жұмыс істейді, 2022 жылға контрацептивтерді сатып алуға 20 миллион теңге қаражатқа өтінім берілді.
Жасөспірімдер жүктілігін төмендету және прегравидарлық даярлықты қамтуды ұлғайту, сондай-ақ фертильдік жастағы әйелдердің репродуктивтік индексін жақсарту жөніндегі кешенді шаралар жүйелі жүргізіліп келеді. Перинаталдық көмектің бірінші және екінші деңгейлерінде жаңа туған балаларды күту, алғашқы реанимациялау дағдыларын жетілдіру мақсатында облыстық перинаталдық орталық базасында тағылымдамадан өту үшін мамандардың кестесі жасалды, барлығы 43 маманды оқыту жоспарланып отыр.
Былтыр жатыр мойны обырын алдын алу бойынша 38 мың әйел скринингтік зерттеуден өтіп, 2100 әйелде түзілістер, соның ішінде 21 әйелде қатерлі ісіктер анықталды. Сүт безі обыры бойынша 40 мың әйел зерттеліп, 1200 әйелде жаңа түзілістер, соның ішінде 88 сүт безінің қатерлі ісігі анықталды.
Облыста 10 жастан 29 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандардың және жастардың репродуктивті және психикалық денсаулығын қорғау бойынша медициналық көмек көрсету үшін медициналық ұйымдар жанында төрт жастар денсаулық сақтау орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтарда жастар репродуктивті және психикалық денсаулық мәселелері бойынша ақпараттық қызметтерді, гинеколог, уролог, дерматовенеролог сияқты бейінді мамандардың консультативтік көмегін, сонымен қатар медициналық-психологиялық көмек, психологиялық диагностика, коррекциялық қолдау, консультативтік көмек ала алады.
Денсаулық сақтау басқармасымен Ақтөбе облысында босандыру қызметі жұмысының тиімділігін арттыру бойынша 2022-2023 жылдарға арналған Жол картасы бойынша жұмыс жалғастырылып келеді.
Сұхбаттасқан Н.ДӘНЕКЕРОВ.



