Қобда ауданында су тасқынынан зардап шеккендер үшін жаңа үйлер салынады
Қобда ауданы Қобда ауылындағы үйлері су астында қалған тұрғындар үшін 24 үй салынады.
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов Қобда ауданына сапары барысында тиісті тапсырма берді.
Жалпы, 13 наурыздан бастап Қобда ауылында 79 үй, 22 аула аумағы еріген қар суының астында қалды.
Залалды бағалау жөніндегі комиссияның алдын-ала мәліметтеріне сәйкес, 3 үй қалпына келтірілмейді, 4 үйдің қабырғалары құлаған, олар апатты деп танылды, 17 үй суда тұр.
Өңір басшылығы үш отбасыға бюджеттен тыс қаражат есебінен тұрғын үй сатып алуды жоспарлағанымен, елдімекенде бос тұрғын үй болмай шықты. Соған байланысты үй салу жөнінде шешім қабылданды.
Қазіргі уақытта елдімекенде су тасқыны деңгейінің төмендеуі байқалады. Жасанды су жинау, құм төсеу және су айдау жұмыстары жалғасуда.
38 бірлік мамандандырылған техника, 277 адам жұмылдырылды.
⚡️ Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі