Жаңалықтар

«100 жаңа жоба»: табыстың кілті — еңбекте

Амал мерекесінде ақтөбеліктер мемлекеттік гранттардың арқасында жүзеге асырылып жатқан 100 жаңа бизнес-жобамен танысты. Көрме-жәрмеңкеге облыс әкімі Ералы Тоғжанов қатысып, жас кәсіпкерлерге сәттілік тіледі.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдарды дамыту тұжырымдамасы алдымен  халықтың әл-ауқаты мен тұрмысын түзеуге, ауылдарды қайта түлетуге арналғанын білесіздер. Осы тапсырмаға сәйкес қолға алынған «Ауыл аманаты» бағдарламасы біздің өңірімізде қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі «100 жаңа жоба» көрмесі де «Ауыл аманатының» жемісі деп айтсақ болады.

Ел экономикасының дамуы жолында шағын және орта бизнестің рөлі зор. Бизнесті дамытып, жаппай кәсіпкерлікпен шұғылдану қоғамдық сипат алатын болса, мемлекеттің экономикалық  қуаты да артады. «100 жаңа жоба» көрмесі өңіріміздегі кәсіпкерлікке серпін беретін, тың идеялар мен бизнестегі жаңа бастамалардың өзегі, экономиканың драйвері болатынына сенімдімін.

Біз еңбек етемін, білімімді жетілдіремін, жеңілдетілген несие алып, кәсіп жасағым келеді дейтін азаматтарды қолдап, оларға мүмкіндік жасауға дайынбыз. Ал қалғаны еңбекпен келуге тиіс. Көрме қатысушыларына алғыс айтамын, мереке құтты болсын! — деді облыс әкімі.

«Ауыл аманаты» жобасының аясында ұйымдастырылған «100 жаңа жоба» көрме-жәрмеңкесіне облыстың барлық аудандарынан келген кәсіпкерлердің өнімдері қойылды.

Қайтарымсыз гранттар халықты жұмыспен қамтудың тиімді тетіктерінің біріне айналды. Өткен жылы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба аясында облыстағы 4500 адам мемлекеттік қолдау алған. Бұл — еліміздің өңірлері арасындағы ең жоғарғы көрсеткіш. Сондай-ақ 2022 жылы 837 ақтөбелік жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болды. Олардың қатарында жастар, халықтың әлеуметтік осал тобының өкілдері — мүмкіндігі шектеулі азаматтар, мүгедек балалары бар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылар бар. Барлығы бизнес ашуға және отбасыларының әл-ауқатын жақсартуға нақты мүмкіндік пен қолдауға ие болып отыр.

Көрме-жәрмеңке барысында мемлекет тарапынан қолдауға ие болып, кәсібін ойдағыдай жүргізіп отырған кәсіпкерлер еркін микрофон арқылы өз жетістіктерімен бөлісті.

Кәсіп бастау ойлаған кезде оңай көрінгенімен, нақты іске келген кезде өзіндік қиындықтары кездеседі. Сондықтан бизнеске енді келіп жатқан әріптестеріме шыдам мен төзім тілеймін. Қандай қиындық кездессе де шаршамай, тек қана алға қарай жүріңіздер.

Біз кәсіпті өз қаражатымызбен бастадық. Бірақ мемлекеттік қолдаудың игілігін көрмедім десем, қате айтқаным болар. Жаңадан ашылған шахмат орталығымыз мемлекет тарапынан қолдау болды. Түрлі бағдарламалар мен гранттардың арқасында балабақша салып, басқа да салада кәсібін бастаған таныстарым бар. Сондықтан барлығыңызға мүмкіндікті жіберіп алмаңыздар деп айтқым келеді, —дейді бірнеше балабақша ашып, ісін жүргізіп отырған көпбалалы кәсіпкер Шамшырақ Құлдан.

Шара барысында еркін микрофонда сөз алған белгілі зергер Болат Атыраубаев биыл облыста ресми түрде шеберлер қауымдастығы құрылғанын айтып, қолөнершілерді бірігуге шақырды.

— Қауымдастық құрудағы мақсатымыз — Ақтөбе облысынан шыққан қолөнер шеберлерінің басын қосып, олардың өнімдерін халықаралық деңгейге шығару. Біздің өңірде де он саусағынан өнері тамған мықты қыз-жігіттер бар. Дегенмен олар қазіргі таңда жеке-дара жұмыс істеп жатыр. Ал біз біріксек, үлкен шаруалар тындырар едік, — деді Болат Атыраубаев.

Көрме-жәрмеңкеге қатысушылардың дені «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға ниеттеніп отырғандарын айтты. Солардың бірі Мұғалжар ауданының Сағашилі ауылынан келген кәсіпкер Гүлпара Қонысбай;

— Өткен жылы қайтарымсыз грант ұтып алып, нан өнімдерін пісіруді қолға алдық. Бүгінде күніне 150-ге жуық нан пісіреміз, одан бөлек, ауыл тұрғындарының тапсырыстары бар. Енді «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, наубайханамызды кеңейткіміз келеді, — дейді.

Өнер орталығында өткен «100 жаңа жоба» көрмесі өңірдегі кәсіпкерлік саласының жаңа келбетін көрсеткен бірегей шара болды. Ал кәсібін енді бастап жатқан кәсіпкерлер үшін өз өнімдерін көпшілікке таныстыруда таптырмас мүмкіндік болғаны сөзсіз.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button