Жаңалықтар

Тұрғындардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді

Су тасқыны

13 наурызда Қобда ауданында қардың қарқынды еруі және далалықта еріген қар суы салдарынан Қобда ауылында 15 тұрғын үй, 32 аула аумағы, денешынықтыру-сауықтыру кешенінің ғимараты, екі мектеп және елді мекеннің төменгі бетінде орналасқан екі коммерциялық нысан су астында қалды. Тұрғындар қауіпсіз жерге — эвакуациялық пунктке көшірілді.
Қазіргі уақытта үйлердің аулаларын аралау жүргізілуде, қапшықтарды төсеу бойынша шаралар қабылданып жатыр. 6 мың шаршы метрден астам еріген қар суы сорылды.
Суды ағызу үшін Жедел штаб аудан орталығы арқылы өтетін Самара-Шымкент тасжолында канал қазу туралы шешім қабылдады. Барлық көлік құралдарының қозғалысы тоқтатылды.
Су тасқынына қарсы іс-шараларға 35 бірлік техника, 123 адам жұмылдырылды.
Қобда ауданы Егіндібұлақ ауылына да еріген қар суы кірді. Тұрғын үйлер мен жеке қосалқы шаруашылықтарға қауіп төнген жоқ.
Қобда ауданындағы жағдайға байланысты облыс әкімі Ералы Тоғжанов Қобда ауылында су тасқынына қарсы штабтың шұғыл отырысын өткізді. Жиында өңір басшысы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, елді мекенді су басудың алдын алу мәселелерін талқылады. Сонымен қатар көлік қозғалысын қалпына келтіру мақсатында 13 наурызда бұзылған Самара-Шымкент халықаралық маңызы бар жолдың 613-шақырымында металл су өткізгіш құбырларды орнату және инертті материалдармен толтыру жөніндегі жұмысты аяқтауды тапсырды.
— Ауданда комиссия құрылып, үйлер тексерілетін болады. Біз барлығына қолдау көрсетеміз, қаражат бөлеміз, мүмкіндігінше тез қалпына келтіреміз. Бұл жағдайға мұқият талдау жүргізіліп, су тасқынының қайталануына жол бермеу шаралары қабылданады, — деді Ералы Тоғжанов.
Елді мекенде су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізіліп жатыр: арнайы техника жұмыс істеуде, инертті материалдарды төгу, қапшықтарды төсеу және су сорғылау жұмыстары күшейтілді.
Су тасқынына қарсы жүргізіліп жатқан жұмыс барысын облыс әкімі Ералы Тоғжанов тексерді. Өңір басшысының тапсырмасымен металл су өткізгіш құбырларды орнату және инертті материалдармен толтыру жұмыстары басталды. Өңір басшысы жұмысты қысқа мерзімде аяқтауды және автокөлік қозғалысын қалпына келтіруді тапсырды.
Қабылданған шаралармен танысқан соң аймақ басшысы су тасқыны қаупі жойылғаннан кейін тек көрсетілген аумақта ғана емес, сонымен қатар елді мекендерді су басу қаупі бар барлық учаскелерде максималды өткізу қабілеті бар тұрақты су өткізу құбырларын орнату жобасын әзірлеуді тапсырды.
Қобда ауданының әкімдігіне Самара-Шымкент тасжолы арқылы Қобда ауылына қарай су тасқынына жол бермеу және ауылдың өзін су басуды болдырмау мақсатында Қобда-Ойыл автожолы учаскесінің екі жағында бөгет салу мәселесі тапсырылды.
Ералы Тоғжанов тұрғындармен кездесуде әрбір зардап шеккен отбасына барлық қажетті көмек көрсетілетінін атап өтті.
— Ең бастысы, тұрғындардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Ауданда комиссия құрылып, барлық үйлер тексерілетін болады. Біз барлығын қолдаймыз, қаражат бөлеміз, бәрін мүмкіндігінше тез қалпына келтіреміз. Бұл жағдайға мұқият талдау жүргізіліп, су тасқынының қайталануына жол бермеу бойынша шаралар қабылданады, — деді Ералы Тоғжанов.
Қобдалықтар мұндай көлемдегі су тасқыны соңғы рет 1993 жылы болғанын айтады.
— Судың иесі жоқ, кінәлілерді іздеудің қажеті жоқ. Қар көп болды, біз оны өзіміз де көрдік, жаңбыр да мол болды. Топырақ әлі жібіген жоқ. Шыдау керек. Көмекке тез жеткендеріне ризамыз, — деді ауыл тұрғындарының бірі әкімге.
Халыққа және төтенше жағдай департаментінің қызметкерлеріне көмек көрсету үшін облыстық полиция департаментінің жиынтық жасағының қызметкерлері Қобда ауданының аумағына жіберілді. Полицейлер су басқан үйлердің тұрғындарын және мал-мүлкін эвакуациялап, жол бойына құм төсеумен, құм дорбаларын дайындаумен айналысады. Сонымен қатар, полиция ауыл тұрғындарының мүлкінің сақталуын қадағалайды. Қобда ауданындағы жағдай қатаң бақылауда.
Су тасқынына байланысты Қобда ауданы Қобда ауылында аудан әкімі Болат Құловтың шешімімен жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды.

А.ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button