Жаңалықтар

Отбасының цифрлық картасы қызмет алуды жеңілдетеді

Президент тапсырмасынан соң

«2023 жылдан бастап Отбасының цифрлық картасы және Әлеуметтік әмиян сияқты тәсілдерді енгізу жоспарланып отыр. Осы бастамалар аясында мемлекеттік қолдаудың түрлі шаралары біріктіріледі. Оның бәрі барынша түсінікті, ең бастысы, нақты болады әрі алдын ала жасалады». 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан.

Ел Президенті Қасым Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыру мақсатында

«Отбасының цифрлық картасы» және «Әлеуметтік әмиян» енгізуді тапсырды.

Отбасының цифрлық картасы — әлеуметтік мәртебесіне байланысты, кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алу құқықтары туралы ақпарат беретін азаматтардың күн сайынғы «электронды жаршысы» және көрсетілетін мемлекеттік қызметтің проактивті форматының жаңа құралы.

Яғни мемлекет ақпараттық жүйе арқылы азаматқа тиісті органдарға жүгінбей-ақ мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуды өзі ұсынатын болады.

Бір сөзбен айтсақ, бұл жүйеде мемлекеттік органдардың барлық дерекқоры жинақталған. Онда азаматтардың табыс деңгейі, жылжымалы және жылжымайтын мүлігінің бар-жоғы, отбасы құрамы, кредиттің болуы және тағы басқа әртүрлі ақпарат бар.

Жоба кезең-кезеңмен жүзеге асырылады: 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша жаңа форматта қызмет алу мүмкіндігі ұсынылды. Биыл 1 қаңтардан бастап отбасының цифрлық картасы іске қосылып, тізбесі әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтермен кеңейтіліп жатыр. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы мемлекеттік кепілдіктер енгізілмек. 2025 жылдан бастап мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрі қамтылатын болады.

Бұл бағытта Ақтөбе облысында қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын бізге облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының аз қамтылған отбасыларымен жұмыс және әлеуметтік көмек көрсету бөлімінің басшысы Ақсұлу Жұбаназарова айтты.

— «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесі дерекқоры нақты деректермен салыстырылып, толықтырылып отырады. Ақпараттық жүйе бойынша анықталған мемлекеттік қолдау шараларын қажет ететін отбасылардың әрқайсысымен жеке-жеке сөйлесу, ол үшін әлеуметтік жұмыс жөніндегі ассистенттер мен консультанттармен бірге аула аралау, қажетті мемлекеттік органдардың мәліметтерімен салыстыружұмыстары жүргізіліп жатыр. Былтыр 1 қыркүйектен бастап пилоттық режимде іске қосылған отбасының цифрлық картасы арқылы жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрін проактивті түрде алуға болады, бұл ретте sms-хабарламалар жолданып, өтініш қалыптастыру жұмыстары іске асырылуда.Мәселен, баланың тууы және оның күтімі бойынша, мүгедек бала күтіміне қатысты, жұмыссыздық бойынша төлемдер, мүгедектігі бойынша жәрдемақы, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төлемдер, төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелеріне берілетін жәрдемақылар және атаулы әлеуметтік көмек алу қызметтері проактивті түрдекөрсетіледі. Сондай-ақ азаматтарға цифрлық карта арқылы зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігі туралы автоматты хабарлама жіберіледі, — дейді Ақсұлу Жұбаназарова.

Былтыр жыл аяғына дейін облыс бойынша 3494 азаматқа мемлекеттік қызмет көрсетуге келісім алу үшін sms хабарлама жолданып, проактивті өтініш арқылы 719 төлем тағайындалған. Бүгінде 1562 sms-хабарлама жолданды, оның ішінде 172 адамға проактивті түрде өтініш қалыптастырылды, 9 өтінім  қаралып жатыр, 26 адамның банк деректемелеріне сұраныс жіберілген.Ал sms-хабарламаға жауап қайтармаған 615 адамның әрқайсысымен байланыс орнатылып, олардың 16-сына

қайта хабарлама жолданған.

Атаулы әлеуметтік көмек бұрынғыдан өзгерек

Отбасының цифрлық картасы арқылы проактивті түрде көрсетілетін  қызметтердің дені — әлеуметтік төлемдер. 

Елімізде аз қамтылған және көпбалалы отбасыға көмектің бірнеше түрі көрсетіледі. Олар: көпбалалы аналарға арналған жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, кепілдендірілген әлеуметтік топтама, жергілікті өкілетті органдардың шешімдері бойынша біржолғы әлеуметтік төлемдер, тұрғын үй көмегі, тұрғын үй сертификаты және қайырымдылық көмектер.

Осы ретте біз атаулы әлеуметтік көмекке кеңірек тоқталуды жөн көрдік. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Ақсұлу Жұбаназарованың айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек, жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын, отбасының оны алуға құқығы бар әрбір мүшесіне тағайындалады. Сонымен бірге атаулы әлеуметтік көмек алу құқығы тоқсан сайын белгіленген тәртіппен құжат тапсыру арқылы расталады.

— Биыл бірінші тоқсанға белгіленген кедейшілік шегінің мөлшері — 29720 теңге. Атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері отбасының жан басына шаққандағы кірісі мен белгіленген кедейшілік шегі мөлшерінің ортасындағы айырмашылығы ретінде есептеледі. Отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде елімізде және одан тыс жерлерде есептi кезеңде алынған табыстың барлық түрi ескеріледі. Тек атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй көмегі,жерлеуге арналған біржолғы жәрдемақы, бала тууға байланысты берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақылар, 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға мүгедектігі бойынша төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар, стипендиялар, қайырымдылық көмектер, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне төленетін мемлекеттік жәрдемақылар отбасылық жиынтық табысқа есептелмейді. Ал жан басына шаққандағы орташа табыс атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтініш жасаған тоқсанның алдындағы тоқсанда алынған жиынтық табысты отбасы мүшелерінің санына және үш айға бөлу арқылы есептеп шығарылады, — дейді Ақсұлу Жұбаназарова.

Ақтөбе облысы бойынша былтыр102758 баласы бар 23736көпбалалы отбасына он екі айда— 14655,1 млн теңге, ал биыл қаңтар айында 105 680 баласы бар 24111 көпбалалы отбасына 1461,2 млн теңгекөлемінде мемлекеттік  жәрдемақы төленді.

Ал кедейлік шегінен төмен тұратын аз қамтылған 5634 отбасына(28898 адамы бар) былтыр мемлекеттен  2120,6 млн теңге, қаңтар айында 2613 отбасына (13477 адамы бар) 158,2 млн теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек берілді. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі 7596 баласына 529,7 млнтеңгеге кепілдендірілген әлеуметтік топтама (азық-түлік жиынтығы, гигиеналық құралдары) таратылды.

— Мемлекет басшысының былтырғы қыркүйектегі Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес енгізілген өзгерісті түсіндіріп өтейін. 2020 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларының 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларына ай сайын азық-түлік түрінде және әр тоқсан сайын гигиеналық құралдар түрінде берілетін кепілдендірілген әлеуметтік топтама ақшалай көмекке ауыстырылды. Яғни, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларына ай сайын 1,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (5175 теңге)қаражат аударылып келеді. Биыл қаңтар айында атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі 4278 баласына 22,1 миллион теңге көлемінде қосымша төлем жүргізілді. Әлеуметтік көмек көрсетудегі негізгі ұстаным — шынайы мұқтаж азаматтарға көмектесу, — дейді бөлім басшысы Ақсұлу Жұбаназарова.

Қолданыстағы «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заңға сәйкес атаулы әлеуметтік көмек көрсетудегі ең басты шарттардың бірі — отбасының еңбекке қабілетті мүшелері жұмыс істеуі керек және отбасы үшін жауапкершілікті сезінуге тиіс.

Жұмыс істеймін дейтін адамға мемлекет тарапынан қолдау көп. Мәселен, жұмыссыз азаматтарға бағытталатын «Еңбек» жұмыспен қамту бағдарламасының мүмкіндіктерін кеңінен қолдануға немесе бос жұмыс орындар жәрмеңкелеріне қатысуға болады. Мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналасу ретін қарастырып, өз бизнесін ашу үшін жеңілдікпен шағын несиелер және қайтарымсыз гранттар алуға да мүмкіндік бар.

Бөлім басшысы Ақсұлу Жұбаназарованың айтуынша, отбасының еңбекке қабілетті мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамту шараларынан бас тартатын болса, онда атаулы әлеуметтік көмек тек оған ғана емес, бүкіл отбасына берілмейтін болады.

2022 жылы атаулы әлеуметтік көмек алушылар арсындағы еңбекке қабілетті 1386 азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды, оның ішінде 833 адам тұрақты жұмысқа орналасты, 45 адам қайтарымсыз грантқа ие болды.

2022 жылы атаулы әлеуметік көмек алушылар саны 2021 жылмен салыстырғанда 497 отбасына (1709 адамға) азайды.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button