Жаңалықтар

Сисенбай суға түсіп, көсембайлықтар көпір жасады

«Ел басына күн туғанда етігімен су кешетін» азаматтар арамызда әлі де бар. Ойыл ауданы Қайыңды ауылдық округінің 37 жастағы тұрғыны Сисенбай Тілегеновтің батыл әрекетіне көпшілік сүйсініп, ауылдастары алғысын жаудыруда.
Ол ауыл іргесінде қар суымен тасып жатқан Қайыңды өзенін шағын қайығымен жүзіп өтіп арғы беттен электр сымын әкеліп берген. Оқиға былай болыпты. Наурыздың 13-і күні кешкілік су көтеріліп, өзен бойындағы ағаш бағанаға сең соққан. Үш аяқты бағанның екі тіреуі сынып, жалғыз тіреумен қалған бағана қисайып, сымы үзіледі. Сол түні ауыл жарықсыз қалады. Ертеңіне ауылдың жігіттері жиналып, үзілген сымды арқанмен бергі жағаға шығарып алу амалын іздейді. Көпір арқылы арқанмен тартуға ауылдағы ауызсу қоймасына тартылған бағана сымдары кедергі келтірген. Сөйтіп, дағдарып тұрғанда Сисенбай өз қайығымен тіке жүзіп өтуге бел байлайды. Ағыс қатты. Шағын қайық аударылып кетуі әбден мүмкін. Бірақ тәуекелге барған жігіт ағасы қиялап, ағыстың ыңғайымен арғы бетке жетіп, электр сымдарын арқанға байлап, арқанның ұшын жағада тұрған жігіттерге әкеп береді. Сөйтіп, 3 электр сымын да жалғап, ауылға жарық беріледі. Ол үшін өзенге 6 рет түскен.
— Кешкілік жігіттер боп жиналып сеңнің бағанаға қалай соғып сындырғанын көріп тұрдық. Ертеңіне аудан орталығынан электрстанциядан адамдар келіп, менен көмек сұрады. Бірақ олар айтқан амалдың пайдасы жоқтығына көз жетті. Ақыры өзеннен өту керек болды. Алдымен жіп тартып алдық Одан кейін арқан өткіздік. Өзеннің ортасына келгенде арқанның шіріген тұсы үзіліп кетті. Жағаға қайта келдім. Жағада тұрғанда көп байқалмайды, суға түскенде ағыстың күшейіп, судың көтерілгенін байқадым. Арасында сеңдер кездеседі. Оларды өткізіп жіберу керек. Су бетімен аққан томар ағаштар, қамыстың түптері көп еді. Бірақ бәрі ойдағыдай болды. Жарық болмағасын ауызсу да тоқтайды. Кейбір үйлер электр тогымен жылынады. Қалай болғанда да жарықты қосу керек еді, — дейді Сисенбай Тілегенов.
Тұрғындардың айтуынша, Сисенбайдың жақсылығы тек бұл емес. Ауылдың айналасындағы сай-саланы, жолды жақсы білетіндіктен талай трактормен жолда қалған адамдарды тасып, балшыққа қарға батқан көліктерді шығаруға көмектескен.
Сағалықтардың сөзіне қарағанда биыл сең өте қалың болған. Бағанаға соққан сеңнің қалыңдығын өлшегенде 70-80 сантиметрге жеткен. Мұндай оқиға 1981 жылдан бері болмаған. 1993 жылдары да бұлай көтерілмеген.
Қайыңды ауылдық округінің орталығы Сағаға барар жолда Көсембай елді мекенінің жолын су шайып кеткен. Қазіргі таңда тұрғындар қырмен қатынап жүр. Көсембай ауылының маңында Майлысай деген сайға Көсембайдың жігіттері шағын өткел жасап алған. Жеке көліктерімен қиыршықтас төсеп биіктетіп, көліктер батпайтындай етіп жасаған. Мал суаратын астауды бір-біріне беттестіріп, су өткізгіш құбыр жасаған.
Төтенше жағдай кезінде ауыл үшін тәуекелге барып, ауызбіршілік танытқан жігіттердің осындай үлгі істері әлеуметтік желіні шарлап, көптің аузында жүр.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button