Жаңалықтар

Байғанинде жағдай қалыпты

ҚарауылкелдіОймауыт автожолында көлік қозғалысы қалпына келтірілді.

Еске сала кетейік, 6-7 наурызда өңір аумағында ауа  температурасы +7 градусқа дейін күрт жылынып, қар еріп, толассыз жаңбыр жауып, соның салдарынан аталған жолдың 67-шақырымын су  шайып кеткен-ді. Сол кезде бұл жолдың Алтай батыр-Миялы-Оймауыт бағытындағы 33-шақырымында су шайып кеткен болатын.

Еріген қар суы көтеріліп кетіп, дәл осы 33-шақырымда орналасқан суағарға сыймай, тасыған су жолдың үстін шайып кеткен еді. Бұл — Ащыағыр сайының тұсы. Жалпы ұзындығы 65 шақырымға созылатын Ащыағыр — Сағыз өзенінің бір саласы. Қазір су деңгейі басылды. 10 наурыз күні «Мерей и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі суағарды қалпына келтірді, — дейді аудан әкімінің орынбасары Әсет Жеткізгенов.

Оның айтуынша, сенбі күні Қарауылкелді-Оймауыт автожолын қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталды.

Жалпы Байғанин ауданы бойынша су басу қаупі 7 наурыз күні кешкі сағат 17.00 шамасында басталып, 8 наурыз түске дейін жалғасқан.

Сол күні аудан орталығы Қарауылкелдінің Барақ батыр көшесінде орналасқан «Дәуімшар» ескерткіші мен шағын саябақтың тұсынан бастап көшенің арғы бетіне дейін су тасыды. Кейбір үйлерді су басу қаупі төнді. Дегенмен әкімдік тарапынан шұғыл шешім қабылданып, жүйелі жұмыс жасаудың арқасында қауіп сейілді, — дейді аудан әкімінің орынбасары.

8 наурыз күні Көкбұлақ ауылындағы өткелді тасыған су шайып кеткен. Дегенмен көлік қатынасы тоқтамапты.

Ауылға төнген қауіп жоқ. Өткел енді жөнделеді. Бұл бағыттағы жол бақылауда тұр, — дейді Әсет Жеткізгенов.

Қазір Жем мен Сағыз өзендерінің маңында орналасқан ауылдарды су басу қаупі жоқ.

Мал-жан аман, жұрт тыныш. Алтай батыр ауылының халқы Сағыздың тасығанына қуанып жүр. Өйткені су — несібе, су — құт-береке. Мол су шаруаға қолайлы. Сондай-ақ экологиялық мәселенің де бір бөлігінің шешілуіне сеп.

Былтырдан бері Сағыздың арнасы суға толды. Биыл су былтырғыдан да көп келді. Оған дейін Сағыз тартылып, өзеннің ғана емес, сол өзеннің бойында орналасқан ауылдардың да мәзі кеткен болатын.Сол себепті қар суының мол болуы мал шаруашылығы негізгі кәсібі саналатын ауыл халқы үшін мереке, — дейді Сарытоғай ауылдық округінің әкімі Асқар Махан.

Қазір Байғанин ауданында жағдай қалыпты. Ауданға қауіп төніп тұрған жоқ. Жағдай жіті бақылауда тұр.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button