Жаңалықтар

Дамылсыз еңбек

Ақтөбе көшелерінде тәулік бойы қар шығару және еріген қар суын тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың тапсырмасы бойынша күннің күрт жылынуына, сондай-ақ Ақтөбе аумағында жауын-шашынның көп түсуіне байланысты мердігер ұйымдар күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті, қар шығару және еріген қар суын сору жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда екі ауысымда 14 мердігер мекеме жұмыс істеп жатыр. Жұмылдырылған арнайы техниканың саны 330 бірлікке дейін арттырылды.

Облыс әкімі су тасқынына қарсы іс-шаралардың барысымен танысып, мердігерлерге міндеттерін сапалы орындауды тапсырды.

Ақтөбе қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Ернар Қалауовтың айтуынша, облыс орталығында су басуға бейім 4-шағынаудан бар.  Олар — Қалалық сүт зауыты, Шанхай, Мәскеу және Құрмыш. 5-7 наурыз аралығында мердігерлер 135 бірлік мамандандырылған техника мен бригаданы жұмылдырып, Мәскеу шағын ауданының көшелерін қардан толығымен тазартты. Қалалық сүт зауыты шағын ауданындағы көшелерде осымен екінші рет қар тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұндағы 40 көшенің 15-і қардан тазартылды. Қазір 5 көшеде жұмыс қызу жүріп жатыр. Мердігерлер бұл аудандағы жұмысты екі-үш күн ішінде аяқтауға уәде беріп отыр. Құрмыш және Шанхай шағын аудандарында бригадалар тәулік бойы жұмыс істеуде.

Қыс басталғалы полигонға 213 мың текше метр қар шығарылды, 7 наурыздан бастап қала көшелерінен 20 мың текше метрден астам еріген қар суы сорылды, 2 шақырым арық тазартылды. Бүгінгі таңда аталған жұмыстарға 650 адам тартылған.

Айта кетейік, қаладағы ауа райының қолайсыз жағдайына байланысты облыста полиция департаментінің жеке құрамы қызметін күшейтті. Департаментте гарнизонның жеке құрамын қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету және тұрғындарға, құтқарушыларға қоғамдық тәртіпті сақтау, сондай-ақ жолдарды жабу бойынша жәрдем көрсетудегі дайындығы тексерілді. Су қоймаларының жағасында орналасқан елдімекендер мен саяжай массивтерін су басқан жағдайда ұрлық пен тонауға жол бермеу бойынша нұсқаулық өткізілді.

Тұрғын үйлерді су басу қаупі төнген жағдайда су тасқынына қарсы штабқа келесі телефондар бойынша хабарласуға болады:

71-30-49, 71-31-09, 71-33-52, 71-33-04, +77084713049, +77084713304, +77084713352, +77084713109, немесе 109 нөміріне.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button