Жаңалықтар

Еңбегі жанған арулар тәжірибесімен бөлісті 

Форум

Халықаралық әйелдер мерекесіне орай Темір ауданында «Еңбегі жанған арулар» форумы өтті.

Мұндағы мақсат — ауылдағы іскер әйелдерге «Ауыл аманаты» жобасы аясында кәсіби, қаржылық сауаттылық бағытында кеңес беру, бастамаларына қолдау көрсету, жалпы жұмысшы қыз-келіншектердің мәртебесін көтеру.

Шара барысында жиналғандарға Ақтөбе облыстық іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері іскерлік этикет, сервистік және мәдениетаралық байланыстар бойынша шеберлік сабақтарын өткізді. Айталық, кеңесші Жанымгүл Төлеуова, салық кеңесшісі Жанар Қожабаева, жеке кәсіпкер, «Alyakosh kids»,   «Ar-Amir» сауда белгілерінің директоры  Гүлнұр Мұстафина және психолог Анар Исказина көрген-білгенімен бөлісті. Олардың ақыл-кеңесін ауылдық округтерден жиналған барлығы 100-ден астам бикеш тыңдады.

Сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға ниет білдіруші және аталған жобаға қатысушы әйелдерге өз кәсібін ашу, ісін ілгерілету бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек қатысушылар алдында жетістікке жеткен еңбек адамдары да сөз алып, өмірлік тәжірибесін ортаға салды. Атап айтсақ, Әсел Мақашева бейнелеу өнері бойынша әңгіме тиегін ағытса, «Caramel» кондитерлік сауда желісінің басшысы Қарлығаш Сарбупина тәтті өнімдерін шығару арқылы қалай табысқа жетуге болатыны жөнінде сыр ақтарды. Мұнымен бірге ұлттық тағам әзірлеу бойынша Ақбөбек Жанұзақ, мерекелік дастарқанды безендіру бойынша Гүлдана Есенаманова, гүл өсірудің қыр-сырын Назгүл Айнағұлова, тігіншілік өнер бойынша Гүлжанар Сатаева, заманауи сәнді қолөнер бұйымдары туралы Нұргүл Айдарбаева, қолөнер төңірегінде Гүлсая Ілиясова, теріден жасалатын  бұйымдар жайында Гүлшара Жақыбаева, қолданбалы тігіншілік өнері бойынша Гүлбану Есқұлова, бет әрлеу бойынша Балауса Қаржауова шеберлік сағаттарын өткізді.

— «Еңбегі жанған арулар» форумының дәл Темір ауданында өткізіліп отырғанына қуаныштымын. Өйткені ауылымыздан жырақта, облыс орталығында ұйымдастырылса, бара алмас едік. Мұндай құнды кеңестер алып, көптеген іскер әйелмен танысатынымызды білгенде, үйдегі қызым мен келінімді де ертіп келетін едім. Өз басым зейнет демалысына жақындап қалған адам болсам да, бұрын-соңды білмеген мол мағлұматқа қанық болдым. Әйелдер мерекесі қарсаңында мен үшін бұл жақсы сый болды. Алдағы уақытта да осындай форумдар жалғасын тапса, ауылдарда рет-ретімен ұйымдастырылса деген тілек бар, — дейді Шұбарқұдық кентінің тұрғыны Ырысты Демегенова.

Форум барысында жерлес қолөнершілердің көшпелі көрмесі де өткізіліп, онда әртүрлі материалдан жасалған бұйымдар қойылды.

Шара   соңында   Темір ауданы  әкімінің  орынбасарыНұрлыгүл Көшекбаева

кәсібінен нәсіп тауып отырған іскер әйелдерге ризашылығын айтып, сәттілік тіледі.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Темір ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button