Жаңалықтар

Ақтөбе қаласының көшелерінен соңғы тәулікте 11 мың текше метрге жуық еріген қар суы сорылды

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың тапсырмасы бойынша  күннің күрт жылынуына, сондай-ақ Ақтөбе аумағында жауын-шашынның көп түсуіне байланысты мердігер ұйымдар күшейтілген режімге көшті, қар шығару және еріген қар суын сору жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде.

Ақтөбе қаласының ТКШ бөлімінің бас маманы Ернар Қалауовтың айтуынша, облыс орталығының аумағында су басуға бейім 4 көше бар, олар: Қалалық сүт зауыты, Шанхай, Мәскеу және Тұрғындар қалашығы аудандары.

5-7 наурыз аралығында мердігерлік ұйымдар 135 бірлік мамандандырылған техника мен бригаданы тарта отырып, Мәскеу ауданының көшелерін қардан толығымен тазартты.

«Қалалық сүт зауыты ауданында осымен екінші рет қар тазарту жұмыстары жүргізілуде. Мұндағы 40 көшенің 15-інен қар толығымен шығарылды, қазір 5 көшеде жұмыс қызу.  Жұмылдырылған бригадалар су басу қаупі бар көшелердің бірі – Түрксіб көшесіне тартылды.

Түнде 35 бірлік арнайы техника, оның ішінде 5 жүк тиегіш, 30 самосвалды тартамыз», – деді ТКШ бөлімінің өкілі.

Екі-үш күн ішінде мердігерлер ҚСЗ (ГМЗ) аймағында жұмысты аяқтауға уәде беріп отыр.

Құрмыш және Шанхай аудандарында бес-бестен бригада тәулік бойы жұмыстанған. Техника жеткілікті.

Жалпы, қыс басталғалы полигонға 205 мың текше метр қар шығарылды. Бір тәулікте шамамен 11 мың текше метр еріген қар суы сорылды.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button