Жаңалықтар

Ақтөбе облысындағы су тасқыны кезеңі – Ералы Тоғжановтың жеке бақылауында

Өңір аумағында 6-7 наурыз аралығында ауа температурасының +7 градусқа дейін күрт жылынуынан, далада еріген қар суы мен көп мөлшерде жауған жаңбыр ағынының салдарынан жергілікті автожолдардың шайылып кетуінің 2 дерегі орын алды.

6 наурыздан 7 наурызға қараған түні Байғанин ауданы аумағындағы «Қарауылкелді-Оймауыт» автожолының 63 шақырымында жол шайылып, Миялы, Оймауыт және Дияр елдімекендеріне тікелей жол жабылды. Еріген су ағыны төмендеген кезде қалпына келтіру жұмыстары жоспарланған. Ауыл тұрғындарын азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдануда. Жергілікті атқарушы органдар мен полиция қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, 7 наурыз күні таңертең Байғанин ауданының Ноғайты ауылына кіреберіс жол жартылай шайылып кеткені туралы хабарлама келіп түсті. Ноғайты елдімекеніне жол қатынасы тоқтатылды. Жергілікті жерде жолдың жамылғысын нығайту жұмыстары жүргізілуде. Дүкендер штаттық режимде жұмыс істеп тұр, азық-түлік қоры жеткілікті. Елдімекен арқылы теміржол өтеді, Ноғайты станциясы жақын орналасқан.

Жағдай – облыс әкімі Ералы Тоғжановтың жеке бақылауында.

Су тасқыны кезеңінің басынан бастап Ақтөбе қаласының, сондай-ақ облыстың бірнеше ауданының тұрғындарынан 410 өтінім келіп түсті, оның 381-і пысықталды, қалғандары бойынша жұмыстар жалғасуда. Ақтөбеде осы кезеңде келіп түскен 295 өтінімнің 280-і пысықталды. Тәулік бойы қала көшелерінде 120-дан астам техника жұмыс істеуде.

Облыс орталығында ТЖД және жергілікті атқарушы органдардың күштерімен су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізілуде. Бір тәулікте 16 мың текше метрден астам су сорылды, шамамен 2 шақырым арық тазартылды, 42 текше метр инертті материалдар әкелінді.  Тәулік бойы қала көшелерінде 120-дан астам техника жұмылдырылған.

Жалпы, өңірде еріген қар суын сору жұмыстарына 500-ден астам адам, 143 бірлік техника және 33 мотопомпалар тартылды.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button