Жаңалықтар

Өндіріс. Барлау. Нәтиже

Энергетика

Дүйсенбі күні Ақтөбеге келген Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов «Лимб-2» және «Қазақтүрікмұнай» ЖШС-лары, сондай-ақ «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ жұмысымен танысып, артынша тұрғындармен кездесті.

Облыс әкімінің орынбасары Гүлқасима Сүйінтаева вице-министр өңірдегі өндіріс орындарын аралап, жұртшылықпен кездесуге арнайы келгенін, жиналғандарды толғандырған мәселелерді ортаға салуға шақырды.

Сөзінің кіріспесін министрліктің бағыт-бағдарынан бастаған Әсет Мағауов сала бойынша өңірдегі санайғақтарға да тоқталды.

Ақтөбе — мұнай өндіру көлемі бойынша 4-ші өңір. Былтыр 5,1 миллион тонна мұнай өндірілді. Бұл ретте осы облыста мұнай өндіруде табиғи төмендеу байқалатынын айта кету керек.

Бәсекеге қабілеттілікті арттыру және күрделі жобаларды игеруде қосымша инвестициялар тартуға жағдай жасау үшін биылғы 10 қаңтарда заң күшіне енді. Заңмен күрделі мұнай-газ жобалары үшін реттеушілік және фискалдық преференцияларды қарастыратын, жаңа тетік — жақсартылған модельдік келісімшарт енгізу көзделеді. Сонымен қатар министрлік жер қойнауын пайдаланушыларды газ өндіру мен қайта өңдеу көлемін ұлғайтуға ынталандыруға, сондай-ақ газ кен орындарын игеруге инвестициялауға мүмкіндік беретін газ сатып алудың жаңа формуласын әзірледі.

Өткен жылы Ақтөбе облысында орналасқан 19 жер қойнауы учаскесі бойынша аукцион өтті: 8 жер қойнауы учаскесі бойынша келісімшарт жасалды, ал 4 жер қойнауы учаскесі бойынша келісімшартқа енді қол қойылады.

Осы учаскелер бойынша геологиялық барлауға инвестициялар 38,5 миллион АҚШ долларын құрайды.

Бүгінгі таңда Жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасында Ақтөбе облысындағы көмірсутектерді табуға перспективалы 14 учаске тұр. Аталған жер қойнауы учаскелері бойынша инвесторлар тарапынан қызығушылық болған жағдайда, көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға құқық беруге аукцион өткізілетін болады.

Бүгінгі таңда облысты газдандыру деңгейі 93,6 пайызды құрайды. 2022 жылы Энергетика министрлігінің  бюджеттік бағдарламасы шеңберінде 16 жобаны іске асыруға 6,1 миллиард теңге бөлінді, соның ішінде 7 жоба аяқталды. Нәтижесінде 7 елді мекен газға қол жеткізді.

2023 жылы 7 жобаны іске асыру үшін  6,7 миллиард теңге қарастырылған. Тиісінше жыл соңына дейін 4 елді мекенді немесе 3 мыңнан астам адамды газға қосуға мүмкіндік беретін 4 жобаны аяқтау жоспарлануда, — деді Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов.

Сонымен қатар ведомство басшысының орынбасары өңірде 3 газ толтыру станциясы және 196 автогаз құю станциясы барын атап өтті. Оның айтуынша, былтыр облыста сұйытылған мұнай-газды тұтыну 154,5 мың тоннаны, осы жылдың қаңтар-ақпан айларында 26  мың тоннаны құраған.

Сұрақ-жауап бөлімі келгенде қалаға іргелес орналасқан саяжай, елді мекен тұрғындары сөз алып, газ тарту һәм құбыр орнату өте қымбатқа шығатынын, бұны өтеу үшін жылдап несие төлейтінін айтты. Ал арақашықтық соншалықты үлкен емес, бір қаланың іші. Сол сияқты бау-бақша ұжымындағылар электр энергиясы үшін тарифтің жоғары екенін, бұл қалтаны едәуір қағатынын білдірді. Көгілдір отынның бағасы да солай. Олар бұның барлығын монополист мекемелердің қолдан жасаған ісі екенін жеткізді. Бұдан бөлек салынғанына 4-5 жыл болған Есет батыр (бұрынғы «Нұр Ақтөбе») шағын ауданында көше шамдары әлі күнге жанбайтынын, тіпті кейбір жерлерде бағаналардың орнатылмағанын да сынға алғандар кездесті. Жылу желілерінің тозу туралы мәселе көтергендер және болды.

— Барлық мәселеден хабардар болдым. Кейбір сұрақтармен біздің министрлік айналысса, көпшілігі — жергілікті билік органдарының құзырындағы түйткілдер. Әсіресе бау-бақша ұжымдары, саяжайларда тұратындардың мәселесі өзекті екеніне көз жеткіздім. Жұмыс сапарымның соңында облыс әкімінің қабылдауында боламын, сол кезде міндетті түрде осы сұрақтарды жеткіземін.

Біздің министрлік ірі жобалармен айналысатынын түсіну керек. Мысалы, газ қорын молайту үшін өңірге қосымша  құбырларды тарту, желілерді жаңғырту бойынша бірнеше жобаны қолға алу жоспарланған.

Өңірде электр желілерінің орташа тозу деңгейі 66 пайызды құрайды. Бұл да жаңартуды қажет ететін, қосымша инвестицияға мұқтаж салалардың бірі. Түйткілдерді шешу үшін жаңа заңдар қабылданып, қосымша іс-шаралар ойластырылып жатыр. Бүгінгі кездесу де жағдайды жақсартып, тұрғындардың мәселесін шешу мақсатында ұйымдастырылды, — деп түйіндеді сөзін Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button