Ішімдіктен бас тартқан 11 ауылдың үлгісі

Салауатты өмір
Біздің облыстағы 11 ауылда тұрғындар ішімдіктен мүлде бас тартты. Бұл елді мекендерде той, мереке, туған күндерде дастарқанға арақ-шарап мүлде қойылмайды. Дүкен, дәмхана, тойханаларда да ішімдік мүлде сатылмайды. Мұның бәрі — ішімдікпен байланысты қылмыстардың алдын алуға бағытталған жұмыстардың нәтижесі.
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов ауылды дамытуға, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, ауылға жастарды тұрақтандыруға көп көңіл бөліп отыр.
Облыс халқы арақ-шарап өнімдерін сату мен тұтынудан бас тартып келеді. Ішімдікпен байланысты қылмыстардың алдын алуға бағытталған жұмыстар әсіресе өңірдегі 7 ауданда нәтижелі болып отыр. Жалпы 11 ауылда ішімдік мүлде пайдаланылмайды. Бұл елді мекендер: Алға ауданының Бестамақ, Бесқоспа ауылдары; Мұғалжар ауданындағы Саға, Жаңатұрмыс; Темір ауданындағы Жамбыл, Қайыңды, Ақсай; Байғанин ауданындағы Қопа; Қобда ауданындағы Жарық; Ойыл ауданындағы Қараой; Шалқар ауданындағы Қаратоғай ауылы.
Денсаулық сақтау министрлігінің статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, 2021 жылы республиканың басқа өңірлерінің көрсеткіштерімен салыстырғанда Ақтөбе облысы алкогольді тұтыну бойынша 6-орында болды. Өткен жылдың көрсеткіштері биылғы сәуір айында белгілі болады.
2021 жылы облыс бойынша мас күйінде жасалған қылмыстық құқықбұзушылықтар — 11,3 пайызға (936-дан 830-ға дейін), 2022 жылы 15,7 пайызға (830-дан 700-ге дейін) төмендеген. Биылғы 23 ақпандағы жағдай бойынша 5 пайызға (80-нен 76-ға дейін) төмендеп отыр.
Біздің облыста соңғы екі жылда қылмыстық құқықбұзушылық мүлде тіркелмеген 9 ауыл бар. Бұл елді мекендер: Ырғыз ауданындағы Қызылжар, Тәуіп, Алға ауданындағы Қарабұлақ, Мұғалжар ауданындағы Егіндібұлақ, Темір ауданындағы Тасқопа, Хромтау ауданындағы Тассай және Әйтеке би ауданындағы Ақкөл, Ақтасты, Қайрақты ауылдары. Былтыр жыл аяғында облысқа іссапармен келген Ішкі істер министрі М.Ахметжанов соңғы екі жылда қылмыстық құқықбұзушылық мүлде тіркелмеген Ақтөбедегі осы 9 ауылдың тәжірибесін үлгі ретінде таратуды ұсынды.
2021 жылы облыста 6 803 адам маскүнемдік және ішімдікке тәуелділік жағдайы бойынша диспансерлік және профилактикалық бақылауда тұрды. Былтырғы мәлімет — 6484 адам. Биыл ішімдікке тәуелді адамдар саны 4,7 пайызға төмендеген.
Кәмелетке толмағандар арасында 2021 жылы — 4, 2022 жылы 2 адам тіркеуге алынды.
Былтыр стационарда 1 191 пациент емделген, оның 1 146-і сауығып шықты.
Ішімдіктің алдын алу бойынша біраз жұмыс жасалды. Облыста алкогольдік ішімдіктерді тұтынудың алдын алуға жұртшылықтың назарын аудару, алкогольден болатын жағымсыз салдар туралы хабардар ету және азаматтардың оны тұтынуға теріс көзқарасын қалыптастыру үшін облыс бойынша 321 іс-шара өткізілді. Бұл жиындарға барлығы 4025 адам қатысты. Мысалы, дене белсенділігін ынталандыру және насихаттау мақсатында 6 спорттық шара, «Біз салауатты өмір салтын қолдаймыз» атты 18 интерактивті сабақ, «Тұтынудың алдын алу» тақырыбында 18 семинар-тренинг, интерактивті сабақтар өткізілді. Сондай-ақ жалпы білім беретін мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында «Менің денсаулығым — менің қолымда» тақырыбында акция, кездесу, семинар-тренингтер өткізілді.
Өңірде ішімдіктің алдын алу бағытында ақпараттық-насихаттық жұмыстар да жүйелі жүргізіліп келеді. Мысалы, былтыр БАҚ арқылы 56 мақала жарияланды. Телеарналарда — 13, радиода 24 хабар берілді. Сонымен қатар баннерлер ілініп, ақпараттық сөрелер қойылып, бейнероликтер көрсетілді. Адамдар көп жиналатын жерлерде радиотрансляциялық торап арқылы үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. aktobe-zozh2020.kz, densaulik.aktobe.gov.kz web-сайттарда іс-шаралардың барысы туралы 56 ақпарат жарияланды. Facebook, Vkontakte, Instagram әлеуметтік желілерінде 145 хабарлама берілді.
Жоғарыда баяндалған ақпараттық, статистикалық деректерді тұжырымдайтын болсақ, ішімдікке тәуелділік, ішімдіктен болатын өлім-жітім, қылмыс көрсеткіштері бойынша облыста күрделі, резонансты мәселе жоқ деп пайымдауға болады.
Ішімдік — бар кеселдің бастауы. Ал денсаулық — байлық негізі. Әр адам өз денсаулығына жауапты. Ел болашағы жарқын болсын десек, жас ұрпаққа өзіміз үлгі-өнеге көрсетуіміз қажет. Әрбір адам қоғам алдындағы үлкен жауапкершілікті сезінуі керек. Ішімдіктен мүлде бас тартқан 11 ауылдың тірлігінен барлық ауыл, барлық қала үлгі алса игі.
Л.ОРАЗБАЕВА,
облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы.



