Жасөспірімдер «қателігі» орны толмас өкінішке душар етті

Оқыс оқиға
Шалқар қаласындағы кәмелетке толмаған екі қыз баланың өмірін қиған жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір апаттың себептері анықталып, тергеу жүріп жатыр.
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ардана Саймағамбетов осы оқиғаға қатысты арнайы баспасөз мәслихатын өткізді.
Өткен сенбіде Шалқар қаласының маңында джип көлігі аударылып, оның ішінде бес оқушының болғаны белгілі болды. Бәрі де — 2007-2008 жылы туған, кәмелетке толмаған жасөспірімдер. Бесеуі де бір сыныпта оқиды. Оның екеуі — қыз бала. Мәлім болғандай, көлік қатты жылдамдықпен жүріп, рөлдегі оқушы басқара алмай қалған.
— Кәмелетке толмаған балалардың көлік құралдарын басқаруына қатаң тыйым салынған. Себебі балалардың қауіпсіздігі әрқашан өзекті мәселе. Жеткіншектің көлікті айдап шығуы қайғылы жағдайға душар етіп отыр. Осы оқыс оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Апаттың басты себебі жылдамдықты шамадан тыс арттырып, жаяу жүргіншілерге жол бермеуден болады. Әзірге тергеу жүргізіліп жатыр. Білгеніміздей, рөлде болған баланың ата-анасы сол күні үйде болмаған. Яғни рұқсатсыз алып кеткен болуы керек. Ал ата-анасы бала бұрын рұқсатсыз көлік жүргізбегенін айтады. Оның бәрі тергеу барысында анықталады, — дейді басқарма бастығы А.Саймағамбетова.
Оның айтуынша, соңғы 2 айда облыста 58 жол көлік оқиғасы тіркеліп, 8 адам көз жұмған және 71 адам әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға түскен. Жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың қатысуымен 14 жол көлік оқиғасы болып, 6 бала қаза тапқан. Көлік апатынан 16 жасөспірімнің өміріне қауіп төніп, жарақаттанған.
Брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақыт Түлкібаева Шалқар қаласында жол апатына түскен оқушылардың жағдайын айтты.
— Көліктегі қыз баланың бірі оқиға орнында ауыр жарақаттан қайтыс болса, екінші қыз бала Шалқар аудандық ауруханасында бір тәуліктен кейін көз жұмды. Бас сүйегі қатты жарақаттанып, ауруханаға өте ауыр жағдайда түскен. Жедел түрде жасанды тыныс алу аппаратын қолданып, Ақтөбе қаласындағы дәрігерлермен тікелей желі арқылы барлық медициналық емдеу шараларын жүргізген. Алайда бастың қатты соғылуынан миға қан құйылған.
Ер балалар Ақтөбе қаласына медициналық қызметпен қамтамасыз етілген жүрдек пойызбен жеткізілді. Қазіргі таңда екі ер баланың жағдайы орташа, травмотология бөлімінде ем алып жатыр. Ал бір жасөспірім жеңіл жарақаттанған, ол жергілікті дәрігерлердің бақылауында, — дейді Б.Түлкібаева.
Жалпы, кәмелетке толмағандардың көлікті басқаруы ата-анасының жауапкершілігіне тікелей байланысты. Бұл тұрғыда Жергілікті полиция қызметі басқармасы мектептерде арнайы дәріс өткізіп, жасөспірімдерге түсінік жұмыстарын тұрақты түрде жүргізеді. Алайда көлікті ерте тізгіндеуге құмар балалардың саны азаймай отыр. Жасөспірімдер қызығушылықпен темір тұлпарды тақымына басқысы келіп тұратыны белгілі. Мұндай кезде ата-ана барынша абай болып, кәмелетке толмаған балаға көлікті жүргізуіне жол бермеуге тиіс.
Самат НАРЕГЕЕВ.



