Жаңалықтар

Көңіл шуағы

Ақтөбе қаласы басшылығы Алғыс айту күніне орай өңірдің дамуына өлшеусіз үлесін қосқан түрлі сала ардагерлерін құттықтады.
Қала әкімі Мұрат Жөребеков алдымен облыс мәдениетінің дамуына үлес қосқан сала ардагерлері Мағзом-Шалқия Бақытжановтардың үйіне барды. «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Мағзом Сәпиұлы мен «Құрмет» орденінің иегері Шалқия Ауғанбайқызы ұзақ жылдардан бері Т.Ахтанов атындағы драма театрында еңбек етеді. Сахнада талай тарихи тұлғаны сомдаған өңірімізге белгілі театр саңлақтарына қала әкімі алғысын білдіріп, сый-сияпатын ұсынды:
— Алғыс айту күні құтты шаңырағыңызға келіп, сәлем берудің сәті түскеніне қуаныштымын. Сіздер Ақтөбенің өнері мен мәдениетінің дамуына ерекше үлес қостыңыздар. Студент кезімде театрға көп баратын едім, сіздер ойнаған талай қойылымды көрген көрермендеріңіздің бірімін. Сіздерге алғысым шексіз, — деді қала әкімі Мұрат Жөребеков.
— Пейілі кең, көңілі дархан бауырмал халықпыз ғой, бір-бірімізге деген алғысымыз шынайы, көңіліміз кіршіксіз, бірлігіміз бекем, тірлігіміз түзу болғай. Былтыр біздің отау құрғанымызға 50 жыл толды. Бес баланы өсіріп, он бес немере сүйіп, жақында шөберелі болдық. Елге жасаған еңбектерімізді ескеріп, сіздер келіп қуантып жатырсыздар, — деп Мағзом Сәпиұлы ризашылығын білдірді.
Бұдан кейін қала әкімінің орынбасары Гүлназ Сисенова қазақтың рухани әлемін дамытуға өлшеусіз еңбек сіңірген, мемлекет және қоғам қайраткері марқұм Амангелді Айталының шаңырағына келіп, зайыбы Гүлжан Сүйінбайқызын құттықтады. Ұзақ жылдар білім және ғылым саласында тер төгіп, «Құрмет» белгісі, «Парасат» орденімен марапатталып, Ақтөбе қаласының құрметті азаматы атанған абыз жайлы естеліктер айтылды.
Еліміздің ішкі ауызбіршілігінің сақталып, тұрақты дамуына атсалысқан азаматтардың бірі, Ақтөбе қаласының құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өлкетанушы Еркін Жолмырзаұлын Астана ауданының әкімі Айбек Көпенов құттықтап барды.
Сонымен қатар Алматы ауданының әкімі Медет Ысқақов құрметті ұстаз, абайтанушы Нағашыбай Ердәулетұлын құттықтады. Тоқсан жасты еңсерген абыз ақсақал елдің амандығын тілеп, батасын берді.

Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button