Жаңалықтар

Гүл шоқтары қойылды

Алғыс айту күніне орай Ақтөбедегі орталық саябақтағы «Мәңгілік ел» стеласына гүл шоқтары қойылды.

Ардагерлер, студент жастар, этномәдени бірлестіктердің мүшелері қатысқан жиында алдымен Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Гүлназ Сисенова құттықтау сөз сөйледі.

Алғыс айту дегеніміз — жақсы іске жақсы пейіл, жылы сөзбен жауап қату. Жақсылықтың жауабы да жақсылық болған жерде, әрине, мейірім, тұрақтылық, тыныштық салтанат құрады. Сондықтан да бүгінгі мерекенің маңызы зор. Бір-бірімізге деген сыйластық, құрмет арқылы біз еліміздің жарқын болашағына да жол ашамыз, — деді қала әкімінің орынбасары.

Қуғын-сүргін жылдарында қазақ жерінен пана тапқан шешен әулетінің ұрпағы, ардагер Хасан Сағаев та жиында сөз сөйлеп, мерекенің тарихына тоқталды, көптеген халықтардың Қазақстанға күштеп көшірілуі, олардың кейінгі тағдыры, ұрпақтарына аманаты жөнінде сөз қозғады:

Қазақ жеріне күштеп жер аударылғандардың қатарында біздің ата-әжелеріміз де болды. Ал ата-анамыз олардан естіген әңгімені: «Аталарымыз қазақтан жақсылық көрген» — деп, бізге жеткізіп, оны ұмытпауды аманаттады. Сол аманатқа сай, қазақтың жақсылығы біздің жүрегімізде сақтаулы, — деді ол.

Бұдан соң бабаларымыздың ерлігі мен кең пейілін айғақтайтын «Мәңгілік ел» стеласына этномәдени бірлестіктердің атынан, сондай-ақ ардагерлер мен жастар тарапынан гүл шоқтары қойылды.

Жиын «Дэш» сыған ән-би ансамблінің әншісі Алексей Дадусенконың орындауындағы «Жаса, Қазақстан» әнімен аяқталды.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button