Оқырман

- Пікір
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ТҰҢҒЫШ РОМАН
Көпшілік оқырман«Қазақ әдебиетіндегі тұңғыш роман «Бақытсыз Жамал»десе, кейбірі«Қалың мал» деп жатады. Тіпті
ішінара Тайыр Жомартбаевтың«Қыз көрелік»шығармасын тұңғыш роман дейтіндер де кездесіп қалады.
Алайда ақиқаты қалай? Әдебиет сыншылары, ғалымдар не дейді? Осы тақырыпқа сәл зерттеу жүргізіп көрген едім…

«…1910 жылы Қазандағы Каримовтар баспасынан «Бақытсыз Жамал» деген атпен қазақ тіліндегі роман басылып шығады. Қазақ әдебиеті тарихындағы тұңғыш роман дүниеге осылай келді», — дейді Міржақыптың өмірін зерттеп, ақын туралы мол ақпарат қалдырған публицист-жазушы, аудармашы, сыншы-әдебиетші, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Жұмағали Ысмағұлов.
Ал ақын, драматург, әдебиет зерттеушісі, ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, халық жазушысы Әбділдә Тәжібаев: «Міржақып Дулатовтың ендігі бір аса ірі еңбегі қазақ әдебиетіндегі тұңғыш рет жазылған «Бақытсыз Жамал» романы. Бұл ХХ ғасырдың алғашқы жылдарында жазылып, 1910 жылы Қазанда басылып шықты. Сөйтіп, біз қазақтың жазба поэзиясының басы Абай десек, қазақ әдебиетінде бірінші роман жазған М.Дулатов екенін көрдік» деп жазады.
Ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі Серік Қирабаевтың да пікірі осыған саяды: «Қалың мал» жазылған мезгілі жағынан қазақтың жазба әдебиеті тарихындағы алғашқы романдардың бірі болып саналады. Оның алдында 1910 жылы басылған М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамалы» ғана бар. Спандияр Көбеевтің «Қалың мал» романы 1913 жылы Қазан қаласында ағайынды Каримовтардың баспаханасында басылып шықты», — дейді. Яғни «Қалың мал»1913 жылы басылып шықса, «Бақытсыз Жамал» 1910 жылы оқырманның қолына тиіп те үлгерген болатын. Жазушы Спандияр Көбеевтің өзі: «…Мен осы ойымды жүзеге асыру мақсатымен 1911 жылдан бастап «Қалың мал» романын жазуға кірістім»дейді.
Иә, расында Міржақып Дулатов — қазақ әдебиетінде тұңғыш романның авторы ретінде есімі жазылған қаламгер. Соның ізімен іле-шала дүниеге келген — «Қалың мал» (1913), «Мұңлы Мәриям» (1914 ж), «Қамар сұлу» (1914), «Қыз көрелік» (1912) романдары қазақ әдебиетіндегі өз орны бар ерекше туындылар. Ал Сәбит Мұқанов өзінің «ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті» деген оқулық еңбегінде: «Бақытсыз Жамалға» еліктеп «Мұңлы Мәриям» (Мұхаметсәлім Кәшімұлының) сияқты романдар (1914 жылы) шықты» деп жазады.
Байқасаңыз, «Қалың мал» (1913) романынан бұрын Тайыр Жомартбаевтың «Қыз көрелік» романы 1912 жылы басылып шығыпты. Ал академик Серік Қирабаевтың оны тілге тиек етпеуін, елемеуін «Қыз көрелік» романының көлемі мен құрылымдық ерекшелігіне байланысты болар деп ой түйдім. Не десек те, «Бақытсыз Жамалдың» біздің төл әдебиетіміздегі тұңғыш роман екені даусыз.
Нұрлыбек САБЫРҒАЛИЕВ,
- Үлгі
ӨНЕРЛІ АНА
Қазақ — талғампаз ұлт. Ұрпағына қалдырған бай мұрасы — тұнған ғибрат-өнеге. Сол мұрамыздың бірі – ұлттық қөлөнеріміз. Бүгін мен қазақтың ұлттық құндылықтарын бойына сіңірген, он саусағынан өнері тамған анамАйман Ибраева туралы айтпақпын.

Анамыз керемет шебер кісі. Оның қолынан шыққан құрақ көрпелер, текеметтер, тұтқыштар, тоқылған, тігілген киім түрлері көздің жауын алады, өзі тіккен қыз жасаулары аулымыздың көп үйінің төрінде жаюлы. Ал өзі жасайтын ұлттық тағамдары —тары-талқаны, женті, ірімшік-құрты, балқаймағы жегенде тіл үйіреді. Тума-туыс, ауылдастары арасында үлкен беделге ие анашым бұныбізге үйретуге тырысты. «Мал жұтайды, өнер жұтамайды» деп айтып отырады үнемі.
Ата-анамыздан тараған бес бала бүгінде біріміз қияға, біріміз ұяға қонып, жолымызды таптық. Десек те, ата-анамыз үйреткен қолөнерді ұмытпай, ұрпағымызға табыстауды өзіміздің міндетіміз деп білеміз.
Алтынай ИБРАЕВА,
Құмсай ауылы,
Мұғалжар ауданы.
- Тағзым
ӨТЕБАЙ ӨНЕГЕСІ
Биыл қазақтың белгіліжазушысыӨтебайҚанахинніңтуғанына100 жылтолады. Осыған байланысты Ырғыз өңірінде түрлі мәдени шаралар өткізіліп жатыр.

Облыстық «Оқитын өлке» акциясына Ырғыздан қаламгердің шығармаларының таңдалып алынуы жазушы шығармаларының қалыңоқырманарасына кеңірек таралуына ықпал етері анық. Қазіргі уақытта Ырғыз аудандық кітапханасында, аудандық тарихи-өлкетану музейінде, жазушы дүниеге келген Жайсаңбай ауылындағы Ө.Қанахин атындағы орта мектепте және басқа білім беру ұйымдарында көрнекті қаламгерге қатысты шығармашылық деректер, жәдігерлер толықтырылуда.
Жуырда аудандық орталық кітапханада «Ymyrttagy kitapxana» әлеуметтік-мәдени шарасы және облыстық «Оқитын өлке» акциясы аясында жазушының туғанына 100 жыл толуына арналған «Туған жердің текті перзенті Өтебай Қанахин» атты кездесу кеші ұйымдастырылды. Бұл шараның өтуіне Тәуіп ауылдық модельді кітапханасы атсалысты. Жазушының туыстары Мейрамкүл Сатаева, Марат Тұрымов, Жайсаңбайда туып-өскен, Ө.Қанахин атындағы мектептің ұстазы болған Мейрамкүл Әбішева және басқалары өз естеліктерінде Өтебай Қанахиннің тұлғалық қасиеті, шығармалары туралы естеліктеріменбөлісті. Жазушы туралы оқушылар арнау өлеңдероқылып, кітап көрмесі таныстырылды.
Жалпы, Өтебай Қанахиннің қай шығармасын оқысаң да, тақырып желісіне адамдар тағдыры, туған жерге деген сүйіспеншілік, іңкәрлік, ел мен жерге деген махаббат өзек болады. Осыдан жарты ғасыр бұрын жарық көрген «Жер басып жүрсем» атты кітабында қаламгердің өзінің балалық кезеңдегі қиын тағдыры, Ырғыз өңіріндегі ауылдардың, жергілікті отырықшы тұрғындардың хал-ахуалы, тыныс-тіршілігіқозғалған. Мұнда халқымыздың салт-санасы, әдет-ғұрпы, сайын даладағыөсімдіктер дүниесі сияқты жайттар қамтылған.
Ө.Қанахин ең алғашқылардың бірі болып зиялылар тақырыбына қалам тербеген жазушы екендігін де айта кету керек. Ұлы Отан соғысы тақырыбында жазған шығармасы оқырманның оң бағасын алды.
Өтебай Қанахин туған өлкеде қарымды қаламгер туралы ел арасында айтылар естеліктер мен жәдігерлер мол кездеседі. Кезінде аудандық газетте қызмет жасап жүрген кезімде редакциядағы жігіттер баспасөзден Өтебай Қанахиннің жазған мақалаларын оқыған соң, өзара байланыс жасап тұру жөнінде хат жазғанбыз. Көп кешікпей ол кісіден төмендегідей жауап хат алдық.
«Рахымжан, Зәкіржан, Марат қарақтарым!
Хаттарыңды алдым. Алыста жатқан ағаға деген інілік ілтипаттарыңа, үлкен деп көрсеткен құрметтеріңе рахмет!
Мен өзім Ырғыздың топырағынан жаралғанымды зор мақтаныш тұтамын. Туған өлкеден біржола қоныс аударғаныма 48 жылдай уақыт болса да, оның шаруашылығы мен мәдени өмірі, жерлестерімнің тұрмыс-тіршілігі, хал-ахуалы әрқашанназарымда. Мұны азаматтық борышым деп білемін.
Басқа да қазақ өлкелері сияқты, Ырғыз өңірі де соңғы 60-70 жылдың ішінде небір аласапыран, алмағайып кезеңдерді басынан кешті. Көбісін көзбен көрдім, куәсі болдым, біршамасын, қалғандарын нақты деректі зерттеу арқылы біліп-таныдым. Қилы-қилы жағдайлар болды ғой…
Сендер маған нақты түрде ұсыныс жасап, тапсырма беріңдер. Орындау жағы менен болсын (көлемін көрсетуді де ұмытпаңдар).
Ағаларың Өтебай.
15/1. 1989 жыл.
Алматы»
Қазақ прозасында өзіндік орыны бар жерлес жазушының артында қалған мұрасы кейінгі ұрпаққа өнеге болып, туған жерге деген сүйіспеншілік сезім қалыптастыруға ықпалын тигізері анық. Өтебай шығармаларын мектептің оқу бағдарламасына енгізу жолдарын қарастыру керек деп есептейміз.
Марат Мырзалы,
Ырғыз ауданы.
- Кәсіпкер
ЕНДІ ӨЗ САБЫНЫМЫЗ БАР
Ақтөбелік кәсіпкер Ержан Жұбаниязов сабын шығара бастады. Нарық қажеттілігін ұзақ зерттеген ол сабын шығару ісін қолға алғанын айтады.

—Бұл — біздің отбасылық кәсібіміз. Ең алдымен кір сабын шығаратын жабдықты несиеге сатып алдым. Шикізаттың өзін Шымкенттен сатып алуға тура келіп тұр. Күніне салмағы 200-300 грамм кір сабынның бір мың данадан астамын шығаруға мүмкіндігіміз бар. Сабын бағасы тұтынушы үшін де қолжетімді, — дейді «Батыр» ЖК басшысы Ержан Жұбаниязов.
Ол өнімді дайындау үшін Өзбекстаннан арнайы техникалық аппарат сатып алған.
Кәсіпкер өнімінің 500 данасын Атырауға да жөнелтіпті. Келешекте «Батыр» ЖК кәсібінің ауқымын кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр.
—Жергілікті өнімге деген сұраныс артса,кәсіп аясын кеңейту мақсатында қолдау көрсетуге әзірміз,— дейді аймақтық кәсіпкерлер палатасының директоры Дана Бекбауова.
Ақмарал МҰҚАШЕВА,
Ақтөбе қаласы.
- Дәстүр
ЕТ АСАТУ АЙЫП ПА?
Көп жыл бойы есік көрсетпеген жақыным қонаққа шақырды. Ағайындар араласпаса арасы алыстай түседі. Әулеттің үлкендері бір-бірін көріп мәз болды. «Генерал» жеңгейлер жылтыр көйлектерін киіп,алтын-күмісін тағып,малынып отыр. Қарттар бір-бірінің балаларын сұрасып, немере,шөберелерін түгелдеп болғаннан кейін ет тартылды. Жылқының сүрленген,майлы қазысы мұрынды жарып барады.
Бір кезде сексеннің жетеуіне келген ағайым,яғни бала кезде оқыған мектептің сол кездегі директоры қазақтың ет асату деп аталатын дәстүрлі кәдесін жасады. Табақтағы тартылған ет желініп болған соң үлкендердің бас табақтан жасы кішілерге өз қолыман алып ет асататын дәстүрін айтамын. Кейде асатылатын ет бөлек ыдысқа салынып та беріледі.Бала күнімізде үйге мейман келгенде тізіліп есіктен сығалап тұрушы едік. Сол сәттер көз алдымнан өткендей болды.
— Қәне, балалар, келіңдер, ет асатамын, — дедіәлгі қарт кісі дауыстап.Арлы-берлі жүгіріп жүрген жүгірмектер шошып қашты.
— Әй,қазіргілер аш емес,қарындары тоқ, — депбір жеңгем қойып қалды.
— Сонда ет асату тек аштықта болған ырым деп тұрсыңдар ма? Бұрынғының баласы да аш болған жоқ. Олар таза айран, шұбат ішті. Бұл қазақтың дәстүрі, — деді қариялардың бірі. Дастарқан шетіне жайғасқан жастау «современный» келіншекке бұл дәстүр ұнамай қалды білем: «Біреудің қолынан қалай жейді, масқара», — деп майлы қолымен дорбадай бетін бір шымшыды.
Сонымен, аяғы не болды дейсіңдер ғой?Кәде бойынша етті ұсынған адамның өз қолынан асау керек. Шақырғасын ұстазымның қасына бардым. Май араласқан үш түйір етті асатып жіберді. Мен үшін үлкен құрмет болды. Қазіргі ұрпақ үлкендер берген етті асамақ түгіл бас тартқанда қойдың құлағын да жемейді. Бұл рас.
Айтпақшы,оқырман, сіз ет асап көрдіңіз бе?..
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН,
Мәдениет қайраткері,Қазақстан жазушылар одағының мүшесі.
- Еңбек адамы
АТАКӘСІП — БЕРЕКЕ БАСТАУЫ
Табиғаты көркем, шаруаға қолайлы Қобда ауданыауыл шаруашылығымен, соның шінде мал шаруашылығымен айналысуға өте қолайлы.
Аудандағы беткеұстар шаруа қожалықтарының бірі — «Нұран» шаруашылығының құрылғанына бүгінде ширек ғасырдан асқан. Бүгінде тізгінін Жандос Нұранұлыұстаған бұл шаруашылықты 1997 жылы оның әкесі құрыпты. Азын-аулақ сиыр бағумен басталған іс отыз жылға жуық уақытта ірі кәсіпке айналды.
Талай қиындықтар болса да, ата жолынан айнымаған ол кәсібін кеңейтіп отыр.

— Ауылшаруашылығымен шұғылданған адам күні-түні іс басында болуы керек. Кейбіреулерсекілді жұмысты қалада отырып басқарып, пайдаға кенелемін деген пікір қате, — дейді қазір Өтек ауылдық округінің аумағында және Терісаққан ауылдық округінде шаруасын жүргізіп отырған Жандос.
Жыл-он екі ай тыным көрмейтін шаруа жер аяғы кеңіген бойда мал төлдетіп, маусымның ортасынан бастап шөп шауып, мал азығын дайындайды.Күн салқындағанда малды қысқы тұраққа орналастырып, қыстан шығару да оңай шаруа емес.
Жандос Нұранұлы негізінен жылқы бағады. Бүгінде оның шаруашылығында үйір-үйір жылқысы бар. Жүзден аса сиыры да бар.
Отбасылық бизнес деуге келетін шаруашылықта Жандосқа балалары үнемі қолғабыс көрсетеді. Ал есеп-қисап, шарт жасасу секілді құжатқа қатысты жұмыстардың бәрін жұбайы тындырады. Сонымен бірге ол жеті-сегіз жұмысшыға тұрақты жалақы төлеп отыр.
Жандос Нұранұлы қазір бұрынғыдай емес, мемлекет шаруа істеймін дегенге үлкен қолдау көрсетіп отырғанын айтады. «Пайызы төмен, шарттары өте тиімді несиелер, малды асылдандыруға бағытталған бағдарламалар біз үшін өте ыңғайлы. Егін еккенге, аналық басына берілетін субсидия тағы бар. Мемлекет беретін мүмкіндіктерді барынша пайдалану керек», — дейді ол.
Шаруашылығының басшысы қоғамдық істерден де қалыс қалмайды. Ауылға қатысты шаруаға көмек қолын аяған емес. Жуырда Терісаққанда қолға алынған «Абаттандырылған ауыл» жобасына да белсене атсалысып, балалар алаңын салып беруді өз мойнына алыпты.Атакәсіпті өрбітіп, ауданымыздың дамуына оңтайлы үлес қосып отырған Жандос Нұранұлы сынды жерлесіміздің ісі көпке үлгі.
Ардақ МЫРЗАБЕКОВА,
Қобда ауданы.
- Ықылас
БІЗДІҢ СҮЙІКТІ ДӘРІГЕР
Әр мамандықтың, әр саланың өз қиындығы мен қызығы болатыны ақиқат. Соның ішінде адам жанына араша болатын, балтырың сыздап, басың ауырса, жаныңнан табылатындар ақ халатты дәрігерлердің жұмысы қиын да жауапты.

Өмір жолында ақ халатты абзал жандармен кездесіп, олардың ыстық ықыласы мен аялы алақанының жылуын сезінбегендер қатары сирек болар. Олардың көмегімен тоқтаған жүрек қайта соғып, үзілген үміттер жалғанады.
Ауылдағы жас пен кәріге көмек қолын созып, ауруынан айықтырып, ем жүргізіп, сөзімен демеп, науқастың көңілін көтеріп, өмірге деген құштарлығын арттырып, ертелі-кеш ерінбей еңбек етіп жүрген абзал жандардың бірі Таңшолпан Қуатбекованы бәріміз жақсы көреміз. Темірбек Жүргенов атындағы ауылдың жалпы тәжірибелі дәрігері Таңшолпан Қуатбековаға сүйікті газетіміз арқылы тұтас ауыл тұрғындары атынан алғыс білдіргіміз келеді.
Жақында елімізде Алғыс айту күні өтті. «Алтын алма, алғыс ал» дейді қазақ. Елдің алғысына бөленген біздің ауылдың сүйікті дәрігері, міне, осындай!
Т.Жүргенов атындағы ауылдың тұрғындары.
Әйтеке би ауданы.
ІЛГЕРІ БУЫННЫҢ ҮЛГІСІ ЕДІ…
Үлкендерін құрметтеп өскен халықпыз. Сондықтан да алдымыздағы ағаларды ардақтап, олардың жақсылығын жария етіп отыру — парызымыз.

Сондай ізгілікті жандардың бірі Мұса Алданиязов еді. Ұзақ жыл ел басқару қызметінде болып, халықтың ортасында еңбек еткен, жұртты жақсы шаруаларға жұмылдыра білген оның айтқан сөзі мен жүріс-тұрысының өзі түсінген адамға бір тәрбие мектебіндей еді.
Мұса Алпанұлы 1926 жылы Мұғалжар ауданының Батпақкөл ауылында дүниеге келген. Ол кездің өзіндің ерекшелігі, қиындық сипаттары бүгінгі ұрпаққа баспасөз, әдебиет арқылы жақсы белгілі. Алдағы күндерінен жақсылық іздеген жасөспірім еңбек жолын он бес жасында «Жаңажол» ұжымшарында колхозшы болып бастайды. 1942-1944 жылдары бастауыш мектеп меңгерушісі болып, шәкірттерге дәріс береді. Ал 1944 жылы әскер қатарына алынады. Еліміздің Қиыршығыс шекарасында жауынгерлік сапта тұрады.
Саяси шыңдалып елге оралған жас жігіт бірден қызметке араласады.
Оның еңбектегі қызметі Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, 13 медальмен атап өтілді.
2014 жылы Мұса Алпанұлына «Ақтөбе облысының құрметті азаматы» атағы берілді.
Мен Мұса ағамызды 1968-1972 жылдары Ырғыз аудандық атқару комитетінің төрағасы болған кезеңінде көбірек танып-білген екенмін.
Жастайынан партия-кеңес қызметкері болып жұмыс жасап, мол тәжірибе жинақтап, ауыл шаруашылығы саласын жете меңгерген ол осы қызметінде өзінің біліктілігін бірден байқатты. Жергілікті шаруашылық басшыларымен бірден тіл табысып, өзара түсіністік ахуалы орнаған соң жұмыс та үйлесімді жүрді.
Ең бастысы, ол өзінің пайымы бөлек парасаттылығымен, жұғымды мінезімен, қандай мәселеде де салмақтылығымен аудан жұртшылығының ілтипатына бөлене білді. Оның ешкімге де менмендік мінез көрсетіп, ғайбат сөйлегенін көрген кезіміз болмапты.
Мұса ағамыз аудандық атқару комитетінің төрағасы болғанда мен аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас инженері қызметін атқарғанмын. Ол ауыл шаруасын жетік білетін, көбінесе жергілікті мамандардың ой-пікірлерін мұқият тыңдап, тиімді ұсыныстарды қолдап отыратын. Жігерлі азаматтарға ылғи да сенім білдіретін.
Ырғыз өңіріне басқа аудандардан талай басшылар келіп еңбек етті ғой. Солардың арасында Мұсекең үлкен абыройға ие болды. Кейін де ол туралы ел азаматтарынан жақсы пікірлер, жылы лебіздер естідім.
Бұл кісі отбасында, жалпы әулетінде үлкен ұйтқы, ізгілікті істердің бастаушысы, алға жол салушы болды. Аққайша апамызбен алпыс жеті жыл ғибратты да сыйластықты ғұмыр кешті. Олардың шаңырағында бес перзент — үш қыз, екі ұл өсіп-жетілді. Олардан 12 немере, 25 шөбере өрбіді.
…Жүрегі жылы жақсы аға тоқсанның орта тұсына тақап, бабалық кезеңінде өмірден өтті. Оған да, міне, тура бес жыл өтіпті. Оның өнегелі өмірі көзі тірісінде кейінгі буынға үлгі болғанын, алда да ол туралы жақсы естеліктер жалғаса беретіндігін күмәнсіз айта аламын.
Ұлан АБДУЛЛИН,
еңбек ардагері.



