«Мұқалмастың» мақсаты

Республикалық «Мұқалмас» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшылары мен басқарма мүшелері Ақтөбеге келді. Сапар аясында Ақтөбедегі тәуелсіз байқаушыларға оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізіп, құқықтары мен міндеттері туралы мәлімет берді.
— Біздің қоғамдық бірлестік сайлаудың мәдениетін көтеру, кандидаттар мен сайлаушылардың құқығын сақтау, сайлаудың әділ өтуін қадағалау мақсатында құрылып, жұмыс жасап жатыр. Бүгінгі таңда республикамыздың 23 қаласында филиалымызбен өкілеттіліктеріміз бар. Ақтөбе облысының өзінде «Мұқалмастың» 100-ге тарта мүшесібар. Біз — тәуелсіз байқаушылармыз. Мақсатымыз — сайлау кезінде заңсыздықтарға жол бермеу, оның әділ өтуіне атсалысу, — деді «Мұқалмас» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғазиза Әмірбекова.
«Мұқалмас» бірлестігі 2019 жылы республикалық қозғалыс ретінде құрылған. Кейін қоғамдық бірлестік ретінде ресми түрде бекітілді.
— 19 наурызда елімізде өтетін сайлауды демократиялық қоғамның бір көрінісі деуге болады. Өйткені бұл жолы «халық таңдауы» деген атқа лайықпын деген азаматтар өзін-өзі ұсынып, бәсекеге түсуге мүмкіндік алды. Ал біз осы науқанның әділ өтуіне өз үлесімізді қосатын боламыз, — деді ол.
Ақерке САТЫБАЛДЫ.



