Музей алаңындағы кездесу

Мұғалжар
Мұғалжар аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Мен жастарға сенемін!» тақырыбында кездесу кеші өтті.
Шараның мақсаты — өскелең ұрпақтың бойында рухани-адамгершілік, отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру, олардың Әділетті Қазақстанға деген көзқарасын ортаға салуға мүмкіндік беру.
Музей қызметкері Лилия Шамғалиеваның ұйымдастыруымен өткен кездесуге ауданда әр саланың дамуына өз үлесін қосып жүрген белсенді жастар қатысты. Олар — аудандық Мәдениет үйінің директоры Алмат Сматов, облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі, жеке кәсіпкер Наурызбек Сарбасов, дзюдо, самбо күресінен спорт шебері Гүлмира Сағи және басқалары.
— Ауданымызда әр салада өзін жоғары деңгейде көрсетіп жүрген білікті жастар жетерлік. Солардың бірсыпырасын музей алаңында аудандық гуманитарлық техникалық колледж оқушыларымен кездестіруді жөн санадық. Белсенді жастардың бағындырған биігі оларға үлкен күш-жігер берері, мотивация болары сөзсіз, — деді Л.Шамғалиева.
Кеште музей директоры Шәмшат Әбдірзақов алдағы уақытта да тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, елімізді іргелі мемлекетке айналдыру жастардың жауапкершілігі екенін айтты.
А.БАЛЖАНАЙ.



