Ақтөбе облысы әрбір ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын әзірледі

Бүгін Сенаттағы парламенттік тыңдау барысында Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов ауыл халқының әл-ауқатын жақсартуға және табысын арттыруға бағытталған негізгі жобалар туралы баяндады.
«Мемлекет басшысы өзінің бірінші Жарлығымен ауылдарды дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. Ең алдымен ауылдың мәселелерін шешпей, қаланың мәселелері шешілмейді. Осыған байланысты Ақтөбе облысында өткен жылдың соңында «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру басталды. Ол қазірдің өзінде ауыл тұрғындарының жоғары бағасына және қызығушылығына ие болды, өйткені ол нақты отбасыға бағытталған. Тәуелсіздік алғаннан бері алғаш рет біз өңірдегі барлық 134 ауылдық округтерге скрининг жүргізіп, ауылдардың нақты экономикалық әлеуеті, азық-түлік өнімдерін өндіру-тұтыну теңгерімі анықталды. Скрининг негізінде аудандарды дамытудың кешенді жоспарлары әзірленді. Нәтижесінде, қолдау шараларының «бірыңғай пакетін» іске асыру арқылы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының толыққанды жүйесі құрылады. Бұл Ақтөбе облысында жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасының айырықша ерекшелігі», – деп атап өтті өңір басшысы.



«Ауыл аманаты» аясында жеке қосалқы шаруашылықтар мен ауылшаруашылығы кооперативтерін дамыту, ауылдарды сапалы интернетпен қамту жөніндегі жобалары іске асырылып, «Bilim ALL» және «Фельдшер сөмкесі» бірегей жобалары аясында ауыл тұрғындарын сапалы біліммен және медициналық қызметтермен қамтамасыз ету үшін тең мүмкіндіктер береді.
Айта кетейік, жыл ішінде облыстың 67 ауылын мобильді кеңжолақты интернетпен қамтамасыз ету жоспарлануда. Нәтижесінде ауыл халқының 98,5 пайызы сапалы интернетпен қамтылады.
Сондай-ақ, «Ауыл аманаты» аясында өңірде «Абаттандырылған ауыл» жобасы бастау алды, оны іске асыру үшін бюджет есебінен ғана емес, демеушілік қаражат та тартылатын болады. Оның мақсаты – ауылды ХХІ ғасырдың дамыған ауылына кезең-кезеңімен трансформациялау. Пилоттық режимде 12 ауылда 120 әлеуметтік маңызы бар жобаны іске асыру жоспарлануда. «Ауыл – ел бесігі» жобасымен сабақтастыра отырып, ауылдарды өңірлік стандарттар жүйесінің талаптарымен қамту деңгейін арттыруға ықпал ететін болады.
«Ауыл аманатына» қатысатын ауылдарда жұмыссыздық деңгейі 41,4 пайызға, атаулы әлеуметтік көмек алушылар деңгейі 49,3 пайызға төмендейді деп күтілуде. Отбасының орташа табысы 2 есеге артады. Алдағы жылдарға өңірдің барлық ауылдарын жобамен қамту үшін қосымша 58,6 млрд теңге қажет.
Ералы Тоғжанов Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын жаңғырту, инвестициялық тартымдылықты арттыру туралы тапсырмаларын орындау бойынша да шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.
Атап айтқанда, өңірдің өз мүмкіндіктерін республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттермен ұштастыра келе, кешенді шаралар іске асырылуда. Тұтастай алғанда, экономиканың, әлеуметтік саланың, инновацияның және инвестициялық тартымдылықтың барлық компоненттерін дамыту бойынша алдағы жылдарға өңір әлеуетінің алға жылжуын қамтамасыз ететін іс-қимылдар алгоритмі қалыптасты.
Күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі өңірді инфрақұрылыммен, оның ішінде сапалы жолдармен қамтамасыз ету болып қала береді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылы нормативтік жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 95 пайызды құрауы тиіс. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін жыл сайын қосымша 13,5 млрд теңге бөлу қажет. Осы жылы сіздердің және Үкіметтің қолдауымен 770 шақырым облыстық жолдарды жөндеу жоспарлануда. Республикалық маңызы бар автожолдардың ішінде биыл «Ақтөбе – Ұлғайсын» трассасын 4 жолаққа дейін кеңейте отырып қайта жаңғыртуды, сондай-ақ соңғы 30 жылда алғаш рет «Қандыағаш – Шалқар» автожолын жөндеуді бастаймыз», — деп атап өтті облыс әкімі.
Өңірде құрылыс саласын дамытуды және ірі инвестициялық жобаларды іске асыруды айтарлықтай тежейтін газ тапшылығы мәселесі өзекті. Депутаттық корпустың, Үкіметтің қолдауының арқасында ағымдағы жылдың мамыр айында «Бұқара-Орал» магистральдық газ құбырының 3-желісінің құрылысы басталады. Ақтөбе облысы үшін маңызды бұл жобаның жалпы құны – 43,4 млрд теңге.
Ералы Тоғжанов экология мәселелеріне тоқталып, қоршаған ортаға зиянды шығарындыларды 99,9 пайызға, ферроқорытпа газдар шығарындыларын 100 пайызға қысқарту бойынша шаралар қабылданып жатқанын атап өтті. Ақтөбе қаласында жаңа кәріз-тазарту құрылыстарын салу бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде. Жұмыс істеп тұрған желілердің тозуы 80 пайызға жеткен. Экологиялық жобаларды іске асыру туралы «Қазхром» компаниясымен 85 млрд теңге сомасына меморандум жасалып, өңірдің басқа да ірі компанияларымен осындай келісімдер жасалады.
«Ақтөбе облысының өңірлік экономикасына жыл сайынғы оң демографиялық динамика әсер етеді. Республикалық еңбек ресурстарын дамыту орталығының деректері бойынша 2050 жылға қарай облыс халқының күтілетін өсімі 31 пайыздан 45 пайызға дейін (1 336 мың адамға дейін) құрайды. Тиісінше, өңірдің одан әрі экономикалық дамуы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған технологиялық, өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық өсудің түбегейлі жаңа нүктелеріне айналатын жобаларды қолдауға негізделуі тиіс», — деді Ақтөбе облысының әкімі үлкен экономикалық әлеуетке ие перспективалы өңірдің әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған барлық жобалар қолдау табатынына сенім білдіре отырып.
Ақерке Сатыбалды.



