Биыл 18 ауылға ауызсу барады

-
- Ауызсу
Былтыр облыста су арқылы жұғатын инфекциялық, жұқпалы аурулар тіркелген жоқ. Бұл жайында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Райхан Қойшанова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
Ол облыстағы коммуналдық объектілерге былтыр жүргізілген тексеру қорытындысымен бөлісті.
— Біздің департамент қызметінің басты бағыттарының бірі — ауызсудың қауіпсіздігін бақылау. Облыс тұрғындарының 97,6 пайызы таза ауызсумен қамтылған. Ал жалпы өңірді сумен қамтамасыз ететін 204 объект бар. Алдыңғы жылы олардың 57-сі ерекше тәртіппен тексерілсе, қалған нысандардың суының сапасына зертханалық бақылау жасалды. Нәтижесінде микробиологиялық көрсеткіш 1,2 пайызды құраса, санитариялық-химиялық көрсеткіш 2,4 пайызды көрсетті. Су құбырларында кездесетін апаттар да өткен жылмен салыстырғанда біршама азайған, — дейді Райхан Қойшанова.
2022 жылдың қорытындысы бойынша сегіз ауылға су жүргізіліп, 263 елді мекен сапалы ауызсумен қамтамасыз етілген.
— Ел президентінің «2025 жылға дейін Қазақстан халқын ауызсумен 100 пайыз қамту» тапсырмасын орындау мақсатында бірқатар жұмыс атқарылуда. Осы жылға 29 жобаны жүзеге асыру үшін 5,3 миллиард теңге бөлінді. Алдағы уақытта 18 ауылды орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жоспарда бар, — дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаев.
Оның айтуынша, 2024 жылдың соңына дейін облыстағы барлық ауыл ауызсумен қамтылады.
Насиба АРМАНҚЫЗЫ.



