Мемлекеттік қолдаудың алғашқы қадамы

-
- Табысты отбасы
Еліміздің бес облысында халықтың әлеуметтік осал тобына жататын азаматтарды қолдау мақсатында «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы «Табысты отбасы» жобасын жүзеге асырып жатқаны белгілі. Бүгінде Ақтөбе, Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарының 143 тұрғынына жобаны сәтті аяқтағанын растайтын сертификаттар табысталды.
Ақтөбеде өткен жоба қатысушыларына сертификат табыстау салтанатына облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова және «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының өкілдері, қоғам белсенділері, бизнес-тренерлер мен жоба тәлімгерлері қатысты. «Samruk-Kazyna Trust» қорының өкілдері, жоба авторы Айжани Нұрланова іс-шараға Zoom платформасы арқылы қатысты.
— Табысты отбасы» жобасы әртүрлі себептермен мемлекеттік қолдау алмаған әлеуметтік осал санаттағы отбасыларды қолдауға бағытталған. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың тұрмысын жақсартуға бағытталған әлеуметтік жобалар көптеп жүзеге асырылуы керек. Олардың материалдық жағдайын жақсартып, кәсіп бастауына мүмкіндік жасау — мемлекеттік маңызы бар іс, — деді облыс әкімнің орынбасары Бұлбұл Елеусінова.
Жобаға екінші лекте қатысушылар «SMM», «Автоэлектрик», «Бьюти индустрия», «Кондитер ісі», «Тігін ісі» сынды бес бағытта оқытатын кешенді курстан сәтті өтті.
«Табысты отбасы» жобасының Ақтөбе облысы бойынша бекітілген менторы Әсемгүл Қадырханованың айтуынша, осы жоба бойынша 60 адам оқыған, оның 20-сы аудандардан қатысып отыр.
— Жоба қатысушыларының кәсіп бастауға деген ынтасы жоғары. Олар гранттық жабдыққа қол жеткізіп қана қоймай, кәсіп бастауына мүмкіндік алып отыр, — деді Әсемгүл Қадырханова.
Жобаға қатысқандардың дені — көпбалалы аналар. Солардың бірі — қала тұрғыны Ғафура Ағыбаева.
— Көп нәрсе үйрендім және жаңа тігін машинасына ие болдым. Енді өзімнің сүйікті кәсібімді үйден жасап, сол арқылы табыс табатыныма қуаныштымын, — деді ол.
Он екі бағыт бойынша жұмыс жасайтын жобаның мүмкіндіктері өте көп. Осы жоба аясында 300 адамға мемлекеттік грант қарастырылған. «Samruk-kazyna Trust» қоры арқылы жобаны жүзеге асыруға 200 миллион теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.



