Жаңалықтар

26 инвестициялық ірі жоба іске қосылады

    • Брифинг

Өңір экономикасында оң серпін бар. Инвестициялар көбейіп, өндіріс көлемі артып келеді.  

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық индустриялық инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұртуған Оралбаев айтты.

— Былтыр облыс экономикасына 959,1 милиард теңге инвестиция тартылды. Капитал салымдарының едәуір көлемі облыстың ірі кәсіпорындарының кен орындарын игеруге, күрделі жөндеуге, негізгі жабдықтарды сатып алуға және жаңғыртуға салған инвестициялары есебінен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ инвестициялық 30 жоба іске асырылып, мыңнан астам жұмыс орны ашылды.

Жобалардың ең ірілеріне тоқтала кетейін: «Ақтөбе ЖЭО» кәсіпорны жылу электр орталығын жаңғыртуға 27 милиард теңге, «Айс-плюс» кәсіпорны сүзбе өндіру цехын ашуға 5,7 миллиард теңге бөлді, ал «Қожасай» кен орнында қуаты сағатына 40 мың текше метр газды кешенді дайындау қондырғысын қайта жаңартудың 2-кезеңі үшін «Gas Processing Company» кәсіпорны 3,1 миллиард теңге, «ТехноСкаут» компаниясы биологиялық ыдырайтын пакеттер шығаратын зауыт үшін 3 милиард теңге жұмсады. Өткен жылдың соңғы үш айында инвестициялық форумдардың қорытындысы бойынша 3 триллион теңгеден астам сомаға 12 меморандум жасалды. Барлық ірі жобалар бойынша Жол карталары әзірленіп, келісілді. Бұл жобалардың жүзеге асырылуы облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында, — деді Нұртуған Оралбаев өткен жылды қорытындылап.

Сондай-ақ ол жаңа жылға арналған міндеттерді де атап өтті. Оның айтуынша, 2023 жылдың соңына дейін 70 миллиард теңгеге есептелген 26 ірі инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл жобалар жүзеге асырылса, 1200-ге жуық жұмыс орны ашылмақ.

Облыс экономикасының 40 пайыздан астам үлесі өнеркәсіпке тиесілі. Ал барлық өнеркәсіптің 90 пайызы ірі және орта кәсіпорындарға байланысты. Нұртуған Оралбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда ай сайын облыстағы 70-ке жуық ірі және орта кәсіпорынға мониторинг жүргізіледі, жалпы өңірде өнеркәсіптердің өндіріс көлемінің өсуінде оң серпін байқалады. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіптердің өндіріс көлемі 101,5 пайызға жетіп отыр (2,8 триллион теңге). Тау-кен өнеркәсібінде өсім — 101,7 пайыз (1,5 триллион теңге), өңдеу өнеркәсібінде өсім 102,0 пайызға (1,2 триллион теңге) жеткен.

Сонымен қатар басқарма басшысының орынбасары облысымыздың әлемнің барлық елімен сыртқы сауда көрсеткіштері өткен жылдың қаңтар-қараша айларында 4,4 млрд АҚШ долларына, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдермен өзара сауда көлемі 1,2 млрд АҚШ долларына жеткенін айтты.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button