Тұтынушы құқығы қорғалады

-
- Кеңес
Облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Жұмамұрат Алдашевтың төрағалығымен тұтынушылар құқығы мәселелері жөнінде кеңес өтті.
Былтыр департамент тұтынушылардың құқықтарының бұзылуына қатысты 976 өтінішті қарады. Оның ішінде бөлшек және электронды сауда саласындағы тұтынушыларды алдау, тауар таныстырылымына шақырып, несие алуға итермелеу деректеріне қатысты шағымдар көп. Мәселен, 2021 жылы 12 адам шағымданса, былтыр 19 адамнан, ал биыл қаңтарда 6 адамнан шағым түскен. Бұл туралы аталған департаменттің бас маманы Қ.Жалтырбаев баяндады.
— Департамент тұтынушыларға құқықтық көмек беріп, заңнамалық талапқа сәйкес наразылық парағын жазуға көмектесті. Нәтижесінде облыс тұтынушыларына 2021 жылы — 9,0 мииллион теңге, былтыр — 14,9 миллион теңге, ал биыл қаңтар айында бір тұтынушыға 890,0 мың теңге қаражаты қайтарылды, — дейді Қ.Жалтырбаев.
Одан соң облыстағы «Сіздің құқығыңыз» тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамдық бірлестігінің басшысы Расима Латыпова қажетті емес тауарды мәжбүрлеп сатуға қатысты баяндама жасады.
— Тұтынушылардың айтуынша, олар несиені қалай рәсімдегендерін білмей қалады. Мысалы, жақында бір адам массаж жамылғысын осындай жолмен сатып алыпты. Сатушылар массаж жамылғысын денсаулыққа пайдалы екенін түсіндіріп, тұтынушының телефонын алып, онлайн-несие рәсімдеген. Үйіне келгеннен кейін ғана сатып алушы қаржылық шығынды қалталары көтермейтінін байқап, тауарды қайтару туралы шешім қабылдаған. Бірақ тұтынушы құқығын бұзуға әкелетін сылтаулар айтып, тауарды қайта алудан бас тартқан. Бұдан кейін тұтынушы шағым түсіруге мәжбүр болды, — дейді Р.Латыпова. Сондай-ақ ол осы мәселені полиция органдарымен бірлесіп шешуге ұсыныс білдірді. Аталған мәселеге қатысты Ақтөбе қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары Т.Берденов өз пікірін айтты:
— Жалпы, тұтынушылар өздерін алдады деп есептесе, полиция органдарына дәлелді құжатпен жүгінуі керек. Көп жағдайда әкімшілік істі қарауға негіз болатын дәлелдер болмайды. Сатушылар тауар таныстырылымын жасайтын мекенжайды 1-2 күнге жалға алатындықтан оларды сол жерден таппайсың. Азаматтар сатып алуды келісімшарт негізінде рәсімдегендіктен оған қатысты азаматтық іс қозғалады. Ақпараттық технологиялардың дамуы мен интернет желісін пайдаланушылар санының қарқынды өсуіне байланысты интернет алаяқтық көбейіп тұр. Осындай алаяқтықтың алдын алу бағытында тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, дайындалған бейнероликтер таратылды, — дейді ол.
Облыс тұтынушыларын тауар сатып алу барысында келісімшартпен мұқият танысуды, оның ішінде аталған тауарды 14 күн ішінде қайтару құқығы, тауарды қайтару орны туралы ақпараттарға назар аударуды, сонымен қатар ұзақ мерзімге несие рәсімдеуде өздерінің қаржылық мүмкіндіктерін қарастырып шешім қабылдау қажеттігін түсіндіреміз. Сонымен қатар тауар сатып алу барысында тұтынушының фото және бейнетүсіріліміне сатушы тарапынан тыйым салу заңға қайшы екендігін ескертеміз. Себебі «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның 24-бабына сәйкес сатушыға фото және бейнетүсірілімді қолдануға қатысты тұтынушылардың құқықтарын шектеуге тыйым салынады.
Кеңесті түйіндеген департамент басшысы Жұмамұрат Алдашев былтыр тұтынушылар құқықтарын қорғау бағытында 154 іс-шара жүргізілгенін тілге тиек етіп, алдағы уақытта да облыстағы тұтынушылар құқығын сала мамандарымен бірлесе қорғайтындарын айтты.
Гүлзада АЛМАТБАЕВА,
Ақтөбе облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы.



