Атаңа не қылсаң…

-
- Ойтүрткі
Өткен сенбі күні ескі қаладағы Орталық базарға барғанмын. Үйге қажетті ұсақ-түйек қарап жүрсем, қасыма бір әже келіп көмек сұрады: «Айналайын, мынау қай жер? Базардан шығар жерді таппай қалдым. Көмектесіп жіберші». Бір қолында таяғы, екінші қолында шүберектен тігілген көк сөмкесі бар. Қолтығынан демеп, Орталық базардың аялдамасына дейін апарып тастадым. «Балаларыңыз қайда? Жалғыз өзіңіз базарда не істеп жүрсіз?» — деп сұрап ем, әжей көзіне жас алып, басын шайқады. Сосын бір күрсінді де: «Қыз да, ұл да жөн-жөнімен кетті ғой. Шалым қайтқан соң жалғыз қалдым», — деді.
Аялдамаға жеткенше әжей шалы екеуі екі ұл, екі қыз өсіргенін, қыздары басқа қалада тұратынын, ал ұлдары бөлек үй болып кеткенін жеткізді. Апта сайын Орталық базарға келіп, азық-түлігін, тұрмысқа қажетті заттарын сатып алады екен. Қолы-аяғы қалтырап, таяқ ұстаған жалғызбасты әжейді аяп кеттім. Ішімнен «қайырсыз, мейірімсіз ұрпақтан сақта!» дедім…
Жалпы, қазір елімізде жалғызбасты қариялар көбейіп барады. Бұрын жалғыз тұратын өзге ұлттың шал-кемпірлерін көріп, таңғалатын едік. Қазір таяғына сүйеніп, есігінің алдында жалғыз өзі отыратын қазақтың ата-әжелерін жиі көреміз. Бір өкініштісі, сол жалғыз өзі тұратын ата-әжелердің кемінде екі-үш баласы бар. Немере-шөберелері де жетерлік. Алайда ұлы келіннің, қызы күйеудің «ырқынан» шыға алмай, қария қара шаңырағында жалғыз қалған.
…Жақында теледидардан бір бағдарламаға келіп, балаларына өкпе-назын айтып отырған атаның «хикаясын» тыңдадым. Жеті баласы бар екен. Кезінде ішкі істер органдарында жұмыс істеген әлгі қария түрлі жағдайлармен отбасынан ажырап қалған. Қартайғанда жалғыз қалған қария қазір Қарттар үйінде тұрып жатыр. Балалары телефонмен хабарласып та хал-жағдайын сұрамайды екен. Ұрпағына, жалпы тағдырға өкпелі қария іштегі мұң-сырын жалпақ жұртқа жариялауға намыстанбады. Әлгі бағдарламаны көріп отырып, жан дүнием біртүрлі алай-түлей болды. Қазақ қашанда баланы ерекше көреді ғой. Басқа ұлттарды қайдам, бірақ қазақ халқы ұрпақтың тәрбиесіне, ұл-қызының болашағына алаңдап өтеді. Өзі қартайып отырса да, немере-шөбересін бағады, солардың қызығын көруді тілейді. Сөйте тұра, қартайған шағында ұл-қызы қадіріне жетпесе, қас-қабағына қарап, қажетін әкеп бермесе, онда мына дүниенің қызығынан не пайда?
Мен отбасында ата-әже тәрбиесін көрмедім. Өз әжем мен нағашы атамның бейнесі ғана еміс-еміс есімде. Олар кішкентай кезімде өмірден өтіп кетті. Мектеп қабырғасында жүргенде өзіммен қатарлас құрбыларым ата-әжелерін әңгіме қылғанда оларға қызығушы едім. Қазір сол қариялардың біреуі де өмірде жоқ. Бүгінде өз әке-шешем де жетпістен асып, қарттыққа таяды. Қазір олар сәл ауырса, уайымдап, берекем қашады. Қай балаға да өз әке-шешесі қымбат қой. Ешкім жек көрмейді. Бірақ ата-анаға қартайғанда қамқорлық көрсетіп, мейірімді болу керек.
Қазақта: «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер» деген нақыл сөз бар. Шынында да, ата-анаңа қамқорлық танытпасаң, жамандық қылсаң, ертеңгі күні сенің де балаңның дәл солай жасамайтынына кім кепіл?! Сондықтан замандастар, ата-аналарыңызды жалғыз қалдырмаңыздар, жылатпаңыздар, оларға қамқор болыңыздар. Ал көшеде жалғыз жүрген қарияны кездестірсеңіз, қол ұшын созып, көмектесуге асығыңыздар. Үлкеннің батасын алған жанның жолы әрдайым ашық болады.
Данагүл ҚАЗИХАН.



