БілімБасты жаңалықтар

Дуалды білім беру — сапалы маман даярлау кепілі

Дуалды білім беру — кәсіптік-техникалық білім беру саласында сапалы кадр даярлаудың озық тәсілі. Студенттер колледжде оқи жүріп, өндірісте тәжірибе жинайды. Бұл әдіс бойынша білім берудің тағы бір артықшылығы — оқу орнын бітірген жастардың жұмыспен қамтылу көрсеткіші артады.
Біз дуалды білім беру бағытында жасалып жатқан жұмыстар туралы облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұргүл Бертілеуовамен сөйлескен едік…

Он жылдың жемісі:
29 колледж және 525 кәсіпорын

Өңірдегі 41 колледждің 29-ы (70 пайыз) дуалды оқыту бойынша маман даярлайды.
— Дуалды оқыту жүйесінің басты мақсаты — колледждер жұмыс берушілермен әлеуметтік серіктес ретінде бірлесе отырып, бәсекелестікке қабілетті, жаңа инновациялық-технологиялық бағдарламаларды жетік меңгерген маман даярлау. Бұл оқу әдісінің тағы бір ерекшелігі — жас мамандарды даярлауда тек білім мекемелерінің ғана емес, сондай-ақ жұмыс беруші мекемелердің де жауапкершілігін арттыра түседі.
Бұл әдіс әлемнің Германия, Австрия, Дания, Швеция, Оңтүстік Корея секілді біраз мемлекеттерінде табысты жүзеге асырылып жатыр. Біздің елімізде дуалды оқыту элементтері бұдан он жыл бұрын қолға алынған болатын. 2013-2014 оқу жылдары алғаш рет біздің облыстағы 6 колледжде дуалды оқыту элементтерін енгізу бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылды. Бұл оқу орындары: Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжі, Ақтөбе политехникалық колледжі, Ақтөбе өнеркәсіп және басқару колледжі, Ақтөбе байланыс және электротехника колледжі, МұхаметжанТынышбаев атындағы Ақтөбе көлік және коммуникация колледжі және Хромтау тау-кен техникалық колледжі. Қазір олардың саны біршама артып, өңірдегі кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орындарының 70 пайызы тиімді әдіс бойынша маман даярлап жатыр. Дуалды оқыту бойынша мамандарды даярлау тәсілі көлік, тау-кен, тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тоңазытқыш-компрессорлық машиналар мен қондырғылар, мұнай мен газды қайта өңдеу, жеңіл өнеркәсіп, қызметтер, энергетика және байланыс салаларында енгізілді. Яғни дуалды білім беру 52 мамандық бойынша жүргізіледі.
Былтыр 525 кәсіпорын (42 ірі, 48 орта, 364 шағын, 71 мемлекеттік) 3858 студентпен келісімшарт жасады. Бұл — түлектерге аталған мекемелерде жұмысқа орналасуға берілген үлкен мүмкіндік, — дейді Нұргүл Бертілеуова.
Оның айтуынша, «Қазхром» ТҰК», «Дөң тау-кен байыту комбинаты» АҚ филиалы, «Қазпошта» АҚ, «АМК Жарық» ЖШС, «Анвар» ЖШС, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы, «Данай-Ақтөбе» ЖШС секілді облыстағы ірі кәсіпорындар —колледждердің негізгі серіктестері.

Хромтаудың колледжі Қазақстанға үлгі

— Біздің мақтанышымыз — Хромтау тау-кен техникалық колледжі. Бұл колледж — Батыс өңірінде тау-кен металлургия саласы үшін мамандар даярлайтын жалғыз оқу орны. Қазір онда мыңнан астам жас білім алып жатыр. Аталған колледждің дуалды оқыту жүйесі бойынша негізгі әлеуметтік серіктесі — «Қазхром» трансұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының біздің облыстағы филиалы Дөң тау-кен байыту комбинаты. Дөң тау-кен байыту комбинаты мен Хромтау тау-техникалық жоғары колледжі 40 жылдан астам уақыттан бері өзара ынтымақтастықта жұмыс жасап келеді. Осы жылдар ішінде колледж комбинат үшін түрлі мамандықтар бойынша 5 мыңнан астам жұмысшы даярлады.
2013-2014 оқу жылынан бастап колледждегі «Пайдалы қазбалардың кен орындарын жер астында өңдеу» мамандығы бойынша дуалды оқыту әдісі енгізілді. Аталған мамандық бойынша өндірістік іс-тәжірибе жүргізу өте ауыр және қауіпті. Себебі 18 жасқа толған оқушылар шахтада жерасты жұмыстарын жасайды. Мамандық түрінің ауырлығына қарамастан, дуалды оқыту жүйесі бойынша оқыту өз жемісін берді.
Аталған мамандық бойынша эксперимент жұмысын іске асыру мақсатында оқу-жұмыс бағдарламалары жасалды, оқу процесінің кестесі, арнайы пәндер бойынша оқу бағдарламалары, өндірістік оқыту мен іс-тәжірибе жоспары, бақылау кестесі әзірленді. Сонымен бірге студент құзыретінің моделі де (студент картотекасында) — өндірісік оқыту, өндірістік тәжірибе нәтижелері, аралық бақылау, біліктілік емтихан қорытындысы, курстық дипломдық жұмыс және кәсіби дайындық деңгейін бағалау нәтижесі есепке алынады.
2015 жылыдан бұл оқу орнында «Тау-кен электромеханикалық жабдықтарына техникалық қызмет көрсету және жөндеу» мамандығы бойынша дуалды оқыту бағдарламасы енгізілді.
Айта кету керек, дуалды оқыту жүйесі бойынша негізгі шығындарға комбинат қаржы бөліп отыр. Яғни жастарды арнайы киіммен қамтамасыз етеді, оқу жабдықтарын сатып алуға қаражат бөледі, өндірістік тәжірибеден өткен жастарға ақы төленеді, тәжірибеден өту барысында көлікпен қамтамасыз етеді. Кәсіпорында оқу кабинеттері қажетті жабдықтармен, компьютерлік техникамен қамтылған.
Комбинат колледждің материалды-техникалық базасын жаңартуға да қолдау көрсетті, — дейді Нұргүл Бертілеуова.
Білім сапасын арттыру мақсатында колледжге кәсіпорындардан арнайы мамандар шақырылады екен. Дөң тау-кен байыту комбинаты, Восход-Ориел өндіріс орындарында еңбек ететін 22 инженер-педагог Германия, Ресей, Финляндия, Австрия, Жапония секілді елдерде білімдерін жетілдіріп келген.

Материалдық база жаңартылды

«Жас маман» жобасы аясында колледждердің материалдық базасын халықаралық стандарттарға сәйкес нығайтуда елімізде бұрын-соңды болмаған үлкен қолдау көрсетілді. Жобаның арқасында сұранысқа ие өнеркәсіптік және сервистік 100 мамандық бойынша еліміздегі 180 колледж бен 20 жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базасы жаңғырылды.
— Соның 10-ы — біздің облыстың колледжі. Олар: Хромтау тау-кен, Ақтөбе жоғары политехникалық, құрылыс және бизнес, автожол, көлік-коммуникация және жаңа технологиялар, байланыс және электротехника, ауылшаруашылық, өнеркәсіптік технологиялар және басқару, сервис және Ойыл аграрлық колледждері. Бүгінде жоба аясында өңірде сұранысқа ие 35 мамандық (техникалық мамандықтар және қызмет көрсету саласы) бойынша жабдықтар алынды, — дейді Нұргүл Бертілеуова.
Мысалы, Хромтау тау-кен техникалық колледжіне «Жас маман» жобасы бойынша 323,2 миллион теңге бөлінген. Қазір бұл оқу орнында «Жаңа кәсіптер атласы», «Колледждерге арналған ERG», «Экожүйе» және т.б. жобалар жүзеге асырылып жатыр. Колледждің әлеуметтік серіктестермен жұмыс тәжірибесі өңірдің ғана емес Қазақстандағы колледждерге де үлгі болып отыр.
Хромтау тау-кен техникалық колледжі Оқу-ағарту министірлігінің «ТжКББ жаңғырту» жобасы негізінде халықаралық қайта кұру және даму банкінің қаржыландыру грантын жеңіп алды. Жоба негізінде оқу кабинеттері жаңа құрылғылармен қамтамасыз етілген. Нәтижесінде студенттер мехатроника саласындағы ғылым мен техниканың жаңалықтарымен танысып, сол салада құзыреттіліктерін арттырды.

P.S.
Дуалды білім беру жүйесінің ең басты ерекшелігі, түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғары болады. Мысалы, былтыр колледждерде дуалды әдіс бойынша 1092 түлек бітірген болатын. Соның 73,6 пайызы жұмысқа орналасты. Ал Хромтау тау-кен техникалық колледжінің көрсеткіші — 100 пайыз. Ақтөбе сервис колледжін бітірген 92 түлектің 74-і (80 пайыз) жұмысқа орналасқан.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button