Сурет салу — өзгеше өнер

Сурет салу — баланы заттың пішінін дұрыс аңғаруға, түстерді ажыратуға үйретеді. Көріп, есте сақтауын, көзбен өлшеу қабілетін, бақылау дағдысын дамытады.
Әсемдікті сезіне білу арқылы өзінің шығармашылығынан ләззат ала отырып, қоршаған ортаны тереңірек ұғынады.
Бейнелеу өнерімен жүйелі әрі үздіксіз айналысу — бейнелеу мәдениетінің ұлттық дәстүрлерін сақтауға, сондай-ақ табиғатты аялауға үйрете отырып, балалардың суретшілік талғамын дамытады.
Шығармашылық қабілет өзінен-өзі оянбайды, ол тәрбие мен білім берудің әсерінен дамиды. Бала суретшілік кәсіпті таңдамаса да, жасынан шығармашылық шабыттың қуанышын сезінеді. Өткен заман педагогтерінің де, қазірігі ұстаздардың да ойы осы арнада тоғысады.
Бейнелеу өнері сабақтары — баланың жан-жақты дамуына ықпал ететін тиімді құралдардың бірі. Әр сабақ сайын бала әсемдікті сезінуге үйренеді. Сурет салғанда бала қоршаған ортаның сұлулығы мен ғажайыптарына ерекше ықыласпен қарайды. Оның сеніміне кірбің түсірмейік! Баланы әсемдікке, мейірімділікке, бақытқа, қуанышқа, шығармашылыққа апарар дұрыс жолға түсірейік! Олар өз жүректерінің құпиясын қорықпай ашсын.
Бұның дәлелі ретінде біздің қаламызда өткізілген оқушылардың түрлі шығармашылық байқауларын айтуға болады. Мысалы, республикалық «Балалар әлемді бейнелейді. Қазақстан» кітабына еңгізілген балалар еңбектері, респуликалық «Алтын қазына» атты сәндік-қолданбалы өнері байқауы, Мәскеу қаласындағы өткен «Фламинго-2022» Халықаралық фестивалін атауға болады.
Біздің оқушылар облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың бірнеше мәрте жеңімпаздары атанды.
Ләйла ТАЖЕНОВА
Қалалық көркемсурет лицейінің
бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі.



