Жаңалықтар

Жайсаң аға еді

«Единица болмаса, не болады өңшең нөл…». Құнанбайдың баласы осылай депті. «Ел қазығы — азаматы» дегенді мегзегені болса керек.

Абайдан асырып айту қиын, әрине. Ұлт мықты болуы үшін қаптаған нөлге айбар беріп, жұмылған жұдырықтай қуатты күшке айналдыратын «единицалар» көптеп керек.

Есполай Мусин — сондай «единицалардың» бірі еді. Ол өмір сүрген заман тіпті де оңай емес-тін. Колхоздастыру дәуірі, аштық, қуғын-сүргін, соғыс және соғыстан соңғы ауыр жылдар осы ұрпақтың мойнына түсті.

Шырылдап дүниеге келген сәбиге ат таңдағанда әкесі, сірә, арттағы жұртқа ес болсын десе керек. Есағаң, шынында да бірқауым елге ес, былайғы жұртқа сес болды. Көпті соңына ерте алатын білікті басшы ретінде танылды. Ұрпағының бойына ұлттық, мемлекеттік рухты сіңіре білген әке болды.

Бүгін Есполай Мусиннің туғанына 90 жыл толды. Бір ғажабы, оның өз қолымен құрып, бар қиындығын мойнымен көтерген, орасан зор еңбектің арқасында өзін мерейлі биікке шығарып, қарауындағы жұрттың аузын аққа тигізген  Максим Горький атындағы кеңшардың да құрылғанына биыл 50 жыл толар еді.

Қазір Есағаң жоқ, бірақ  оның артында қалдырған ұланғайыр ісі һәм сол істерді жадына сақтап қалған ұрпақ бар. Кеңшар да тарихтың қойнауына кетті, алайда елдің табаны ауған жоқ. Бұрынғы кеңшардың ізімен құрылған  бірнеше ұжым енді тәуелсіз елдің көшін сүйреп келеді.

Есполай ағаның  замандастарының ұсынылып отырған мақалалары біз жүріп өткен жолдың бір үзігі. Ендеше, оқиық, қадірлі оқырман!

Одақ кезінде Алға облыстағы өнеркәсібі де, ауыл шаруашылығы да өркендеген ірі аудандардың бірі болды. Мен республикалық «Лениншіл жас» газетінің Ақтөбе, Орал, Гурьев облыстарындағы меншікті тілшілігінен 1954 жылдың қазан айынан бастап отбасы  жағдайыма байланысты облыстық «Социалистік жол» (қазіргі «Ақтөбе») газетіне ауысып, 1955 жылдың тамыз айына дейін Алға (ол кезде Ключевой) ауданында меншікті тілші қызметін атқардым. 1955 жылдың тамыз айынан 1962 жылдың ақпан айына дейін облыстық газетте әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып істедім.

Алға ауданында тілші болып жүргенде, жылға жетпейтін уақыт ішінде, оның жерін толық аралап, адамдарын да, белгілі азаматтарын да танып білдім. Кейін аудан өміріне, ондағы өзгерістер мен жаңалықтарға құлақ түріп жүретін болдым.

1961  жылдың бірінші наурызында Алға ауданында Қазақстанның XX жылдығы,  М. Горький  атындағы  ұжымшарлардың және  «Пролетарий» кеңшарының үшінші бөлімшесінің негізінде М. Горький атындағы кеңшар құрылды. Алғашқы директоры болып Есполай Мусин тағайындалды.

1962  жылдың ақпан айынан бастап, оған дейін облыстық газетте сегіз жарым  жылдай  істеп,  Қобда аудандық газетінің редакторы  болып  істей бастағанымда,  Батыс  Қазақстан  өлкесі  құрылды. Арада  екі ай  өтісімен облыстық, аудандық газеттер жойылды. Олардың орнына өлкелік «Батыс Қазақстан»   және   облыстық   партия   комитеті   мен   халық   депутаттары облыстық кеңесінің газеті деп саналатын Алға, Мәртөк, Темір, Қарабұтақта жаңадан ұйымдастырылған территориялық өндіріс басқармасының жанынан ауданаралық газеттер шығатын болды. Қобда аудандық газеті жабылған соң мені облыстық партия комитеті   Ключевой   (Алға), Жұрын, Шалқар, Новоресей аудандарына тарайтын, Алғадан   шығатын «Жұлдыз-Звезда» газеттерінің редакторы етіп бекітті. Есполай ағамен мен сол жылдары жақынырақ таныстым.

Сол жылы облыста егіннің шығымы жақсы болды. Мемлекетке 27 миллион пұт орнына 40 миллион пұттан астам астық тапсырған Ақтөбе облысы ерекше абыройға ие болды. Оның 11 миллион пұттан астамын Алға территориялық басқармасының шаруашылықтары жинап еді. Ал Есполай Мусин басқаратын М. Горький атындағы кеңшар 144,5 мың центнер астық жинап, 4 жылдық жоспарын бір-ақ жылда орындады.

Сол жылы осы шаруашылықтың қол жеткен көрсеткіштерінің қаншалықты болғандығын оңай аңғаруға болады. Мемлекетке ет тапсыру жоспарын 108 пайызға, сүт жоспарын 103 пайызға орындаған шаруашылық қысқа 16900 қоймен, 1840 ірі қарамен, 644 жылқымен түсіп, келер жыл егісіне 23700 гектар жер дайындады. 25 отбасыны жаңа үй салып берді, бірнеше мәдени-шаруашылық объектілерін іске қосты. Бұл дегеніңіз қыруар еңбек пен сол еңбекті ұйымдастыруға жұмсалған күш-жігердің нәтижесі болатын.

Озат шаруашылық туралы газетке жиі шығатын мақалаларды қамдап жүріп, Есағаңмен бауырымдай болып араласып кетіппін. Сөйтіп шаруашылықты он үш жыл бойы басқарған Есполай Мусиннің басшы ретіндегі талай табысының, азамат, өнеге тұтар аға ретіндегі талай қуанышының куәсі болдым. Үлкен ұлы Орынбасардың тойын да бірге мерекеледік.

Есполай ағаның естен кетпес қасиеті —  ізгілігі еді. Оны қарапайым шаруадан ірі басшыларға дейін бір кісідей қадірлейтін.

Есағаңның тумысынан текті, жомарт болмысы мүлде ерекше екендігі, көрінген кісіде бола бермейтін қарапайымдылығы, адам атаулыға қамқорлығы, адам тағдырына алаңдағыш жан сүйгіштігі, онда біреуді алалау, менсінбеу деген мүлдем жоқ екендігі жайлы, бұдан бұрын да, 2000 жылы 15 желтоқсанда республикалық «Алтын Орда» газетінде жарық көрген «Ізгілік» деген мақаламда айтқан едім.

Біздің Алға ауданының кадрлары кезінде жоғары бағаланды. Олардың арасында шаруашылықтарды басқарған Гаврил Федорович Федорченко, Рахметолла Ағниязов, Есполай Мусин, Федор Петрович Дергач ауданның нарқасқалары, орысша айтқанда, «киттері» атанды.

Аудандық партия конференциясы өткенде оның жұмысына қатысқан облыс басшылары Алға ауданы партия ұйымының атқарған жұмыстарына тоқтала келіп, алда тұрған міндеттерді айтқанда, ол міндеттерді партия ұйымының орындап шығатындықтарына мол сеніммен қарайтын еді. Олай дейтініміз, оның тамаша іскер кадрлары бар деп, жоғарыда аты аталған аға буындардың есімдерін атаумен сөздерін аяқтайтын-ды.

Есағаң ауданның, облыстың осындай белгілі кадры болып ғана қойған жоқ, тамаша ұл-қыз тәрбиелеп өсірудің де өлшеусіз үлгісін көрсетті.

Ұлы Аслан Ақтөбе, Атырау облыстарының әкімі, Президент аппаратының жетекшісі, туған жері, туған өлкесінің мақтанышына айналды. Биыл 90 жасқа толатын Есполай аға тірі болғанда шалқып жүрген болар еді.

Алға ауданында отыз жылдан астам редактор болып еңбек еттім, аз емес. Бұл өз тұстастарыммен бірге кезінде жарғақ құлақтары жастыққа тимей, аз ұйықтап, көп еңбек еткен Есполай ағайлардай аға буындарға қарап өсіп, еңбек ете білгенімнің жемісі деп білемін.

Көпжан Жалдыбаев,

Алға ауданының құрметті азаматы.

Ол әрқашанда педагог болды

Менің жасымдағылар қазір қыр басынан құз басына шықтық. Қырға дейін де, құзға дейін де сан тарау соқпақты жолдар артта қалды. Қайсыбіріне мойын бұрарсың: балалық шағымызды балдай тәтті балдәурен деп айта алмайсың. Неміс басқыншыларымен соғысқа тұспа-тұс келіп, қан кешкен кезіміз желкілдеген жігіттік кезең деуге және келмейді. Одан кейін халық шаруашылығын қалпына келтіруге жан сала кірістік.

Міне, осы тұста мен соғыстан оралып, «Пролетарий» кеңшарында кәсіподақ комитетін басқарып, одан соң Ақкемер, кейінірек Шевченко ауылдық кеңесінің төрағасы қызметтерін атқардым.

Бұл кезең ешқандай уақытпен санаспай, отбасының күйбең тірлігіне де араласа бермей, тек қана мемлекеттің қызметіне бас қойған сәттер болатын.

Бірде, күзге салым мені Ключевой (қазіргі Алға) ауданына насихатшылардың бес күндік семинарына жіберді. Оған ауданның барлық активі, мемлекеттік басқару органдарының басшылары қатысты. Сәті түсіп, солардың арасында XX партсъезд атындағы кеңшардағы мектептің директоры Есполай Мусинмен таныстым. Ол адамды өзіне тартып тұратын, бойында көсемдік қасиеті бар, байсалды азамат екен. Сөзіміз жарасып кетті.

Семинар қорытындысы бойынша емтихан тапсырдық. Оған барымызша дайындалып-ақ келген едік. Дегенмен Есполай Мусин басқаларға қарағанда өзінің терең білімін, жан-жақты сауатын көрсетті. Оқу аяқталған соң бәріміз де жұмыс орындарымызға оралдық. Бес күндік семинардың өзінен едәуір білім алып қайттық.

1961 жылы республикамыздың ауыл шаруашылығында реформалар жүргізілді. Қазақстан Компартиясының, Үкіметтің арнайы қаулысымен Алға ауданындағы шағын ұжымшарлар ірілендіріліп, М.Горький атындағы кеңшар құрылды. Тамды өзенінің бір басында осы жаңа шаруашылық, екінші жағында «Пролетарий» шаруашылығы орын тепкен. Жаңа әрі үлкен шаруашылықтың басшылығына жалындап тұрған, қайратты, іскер Есполай Мусин тағайындалды. Ал мені осы шаруашылықтың Тоқпансай бөлімшесін басқаруға жіберді. Осылайша, Есақаң екеуміздің тізе қосып еңбек еткен жылдарымыз басталды.

Алғаш танысқанда да байқағанмын, ол — аса сауатты, қолға алған ісіне жанын салатын іскер, қарамағандағыларға қатаң талап та қойып, еңбегіне қарай бағалай да білетін адам болатын. Ол бірден-ақ мемлекет мүлкін көздің қарашығындай сақтауды және мал басын жыл сайын үдемелі түрде арттырып отыру міндеттерін алға қойды. Мұның артында темірдей тәртіп те талап етілді. Іс барысы апта сайын кеңейтілген отырыстарда қаралып отырды.

Есақаң мамандардың ісіне лайықты бағасын беруші еді. Кейбір жағдайда жұмыс барысында қатты-қатты айтып салатын кездер де болды. Қанша дегенмен, жаратылысы педагог адам ғой, негізі дауыс көтермейтін. Артық сөз айтылмайды. Соның өзінде іс орнына келген соң әлгі маманды шақырып алып, арқасынан қағып жатқанын да көргенбіз.

Мен өзімнің алдыма қойылған міндеттерді уақытында әрі сапалы орындауға жанымды салдым. Бөлімшеде 4 мың га егіс алқабы, 300 ірі қара, 9 мың қой болды. Алғашқы жылдары әр саулықтан басына-бас қозы алып, өрістеттік. Төлеу Жаманбаев деген шопанымыз әр 100 саулықтан 121 қозы алып, облыс бойынша көш бастады. 1962 жылы әр гектардан 12 центнер бидай, 18 центнер арпа алып, мемлекет тапсырмасын артығымен орындадық.

Содан соң Тоқпансайда жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген мені шаруашылығын көтеру үшін Павловка бөлімшесіне басқарушы қылып жіберді. Мұнда сол екпінді төмендетпей, табысты толықтыра түстік.

Шаруашылықты дөңгелентіп басқарып отырған Есполай Мусиннің ұйымдастыру қабылеті өте шебер болатын. Ол бірыңғай шаруашылықпен айналысып кетпей, кеңшар еңбеккерлерінің тұрмысын жақсарту, ауылды көріктендіруді де ұмытпады. Сол жылдары жазғы кезеңдерде сонау Ресейдің Мәскеуінен, Туладан құрылысшы-студенттер әкеліп, солардың көмегімен кеңшар орталығында 30-ға тарта тұрғын үй бой көтерді. Жаңадан кеңсе, орта мектеп ғимараты, әрқайсысы 250-275 басқа арналған 6 механикаландырылған ферма, автожөндеу базасы салынып, пайдалануға берілді. Шаруашылық орталығында жаңадан әп-әсем үш көше пайда болды.

Кеңшар орталығы мәдениетті, үлгілі селоға айналды. Шаруашылықты Есақаң басқарған он төрт жыл ішінде жаңа үлгідегі балабақша, асхана, екі дүкен, мектеп-интернат, медпункт, жатақхана, автопарк, монша, басқа да әлеуметтік нысандар салынды. Оның бәрі де халыққа қызмет етіп тұрды.

Ауданымызда егін өнімі біраз тәуекелмен өндірілетін. Климат жағдайы сондай. Бірақ соған қарамастан егіннен орташа есеппен 8-10 центнерден өнім алынды. Егін шаруашылығында едәуір ілгерілеу болды. Механикаландырылған қырман, 5000 центнерге дейін астық сақтайтын 3 қойма іске қосылды.

Мүйізді ірі қара шаруашылығы тиімді жүргізілді. Әр сауын сиырдан 10 литрден, майлылығы 3,7-3,8 пайыз болатын сүт алдық. Шаруашылықтардағы әр сиырдың соңына бұзау ерді. Мемлекетке тапсырылған әр малдың салмағы 400 килограмнан кем түскен жоқ, әрі жоғары қоңдылықта болды. Алға қойылған Үкімет тапсырмасы артығымен орындалып тұрды.

Есполай Мусиннің басшылығымен М. Горький атындағы шаруашылық облыс және республика көлемінде үнемі жақсы атақтарға ие болды.

Осындай еңбегі, өндірісте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені және шаруашылықты шебер ұйымдастыра білгені үшін Есполай Мусин «Ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкер» атағын иеленді, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды.

Қолға алған ісін, мемлекет тапсырмасын тиянақты орындайтын Есақаң 1974 жылғы қыркүйекте облыстық кәсіптік-техникалық білім беру басқармасының бастығы болып тағайындалды.

Одан кейін де байланысымыз үзіле қойған жок.

Қазір енді елін сүйіп, халқына қызмет еткен таңдаулы ұл Есполай Мусин ортамызда жоқ. Бірақ, артында жақсы із, лайықты ұрпақ қалды.

Есақаңа лайықты жар бола білген Дәден мұғалім  болатын. Ол кісі азаматына сай кең пейілді, алды-арты кең пішілген, қолы ашық, жайсаң мінезді жан еді. Осындай жарасқан жұптан жұртыньің қамын ойлайтын ұрпақ қалары анық. Оны ел, барша халқымыз көріп отыр.

Жарқын НҰРТАЗИН,

еңбек және соғыс ардагері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button