Ақынның жарына құрмет

Марапат
Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Сәбит Баймолдин есімі жұртшылыққа жақсы таныс. Оның көзі тірі кезінде «Жер-мекен», «Қырда туған», «Монолог», «Қызыл іңір», «Сағыныш», «Алтын гүл», «Сенемін саған», «Армия семьясы», «Іңкәр күндер», «Бесік жыры», «Тал кеме» атты жинақтары жарық көрді.
«Оян, ақын, тартқылаймын жағаңнан, Мен — ел рухы, тілекшің де, аларман…» деп жырлаған ақынның артында қалған мол мұрасы бүгінде оқырмандардың рухани байлығы ретінде пайдаланылуда. Сондай-ақ ақынның сирек кездесетін әдеби дүниелердің басын құрайтын ауқымды жеке кітапханасы осыдан бірнеше жыл бұрын қаламгердің туған өңірі — Ақтөбе қаласына жеткізіліп, С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасынан орын алды. Осы игілікті шаруалардың атқарылуына ақынның жары, байырғы кітапханашы Жантөре Әбілханова ұйытқы болды.

Байғанин ауданының Ноғайты ауылында дүниеге келіп, Сағыз орта мектебін бітірген Жантөре апа кезінде Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінің кітапхана бөлімін тәмамдаған. Алғашқы еңбек жолын Жарлы ауылында кітапханашы болып бастап, кейін Ақтөбе, Алматы қалаларында осы мамандығына сай қызмет атқарған.
Қай жерде қызметте болса да, кітап жанашыры ретінде танылған ол оқырмандардың ой-өрісінің кеңеюі, жас буынның әдебиетке құштарлығын дамыту жолында өз міндетін адал атқарады.
Оның осындай ұзақ жылғы игілікті қызметі бағаланып, жақында Қазақстандық Кітапханалық одақтың «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісімен марапатталды.С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында өткен салтанатты жиында Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин сөз сөйлеп, осы құрмет белгісін Сәбит ақынның қызы Ләззат Баймолдинаға тапсырды.

Жеті балаға ана атанып, олардан он екі немере, бес шөбере сүйіп отырған ардақты ана қазір Алматы қаласында тұрады. Оның бір қызы — Ләйла Сәбитқызы анасының жолын жалғастырып, сондағы А.Чехов атындағы кітапхана меңгерушісі қызметін атқарады.
Салтанатты жиында Қазақстан Журналистер одағының мүшелері Аманқос Орынғалиұлы, Нұрмұханбет Дияров, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Жақсылық Айжан ақынның жарына көрсетілген құрметтің орынды екенін айтып, оның рухани саладағы қызметін жоғары бағалады.
Кітапхана директоры Сұлушаш Хакімова өз сөзінде көрнекті қаламгер Сәбит Баймолдин мұраларын және жеке кітапханасын елге жеткізудегі еңбегі үшін Жантөре апа мен ақынның ұрпақтарына алғыс сезімін білдірді.
Өз тілшіміз.



