Оқырман

- Еңбек адамы
ҰЛЫҚҰМНЫҢ ТАУҒА ҚҰМАР БАЛАСЫ
Адам баласының болмысы да кіндік қаны тамған жерінің тұмса табиғатымен үндесіп тұрады. Өсе келе сол жердің ыстық-суығы өзіне майдай жағып, жырақ кетсе, мекенін сағынуы перзентіне тән қасиет.

Аманкелді Бақтыбаев Ұлықұмның етегіндегі аядай ауылда туып-өсіп, балалық шағын Ордақонғанның майда топырағында аунаумен өткізді. Ауыл шетіндегі үйінің шығыс беткейінде алыстан мен мұндалаған Ұлы Борсықтың көкжиекті жапқан өркешті құмдарын кішкентайынан тауға балап, шарана қиялын шартарапқа шарлататын-ды. Үй алдынан көзге түсетін Сары құмшық, Қара қыр, Берістем дөңесі, Көлтабанның сағым қуған бейнелері оның балауса сезімін ылғи да бір биіктерге жетелеуші еді. Бәкене бойлы, қысық көз сары бала ауыл маңындағы сол биіктерге шықса, тұла бойы ерекше сезімге бөленетін. Аптап ыстығында су дәметкен бозторғайы тұмсығын қайшылап, көлеңкеге тығылатын құмды ауылының аңазақ ауасы оған өте ыстық.
Осы дала тылсымына жақындығы оның бала қиялын ақырындап ақиқатқа бұра бастады. Бүгінде қырық жастың қақпасын ашқан жігіттің дархан еліміздің көз тартар табиғатының аясында бағындырған кей жетістіктерінен осыны ұғасың.

Аманкелді бүгінде «Қазахойл Ақтөбе» ЖШС-да мұнай-газ өндіру бөлімінің маманы болып ауысыммен жұмыс істейді. Кейінгі жылдары ол бала кездегі арманын өзінің сүйікті хоббиіне айналдыра бастады. Қолы қалт еткенде арман қала атанған сонау Алматыға жиі сапарлатып, сол аймақтағы тау шыңдарына шығуға ден қойып жүр. Балағына құм жиналған ауыл баласының тауға құмартуының сырын өзі былай түсіндіреді.
— Алматыға жол түскенде мені алып қаланың әсем көріністерінен гөрі, алыстан мұнартып тұрған тау шыңдары айрықша қызықтыратын. Сол қызығушылықтың бір күндері шынға айналатынын өзім де білген жоқпын. Биік шыңдарға шығып, дала таңғажайыптарына көз жүгірту, бәлкім, бәріне де қызық шығар. Бірде өзімді жігерлендіріп, мен қайткенде де осы тауларға шығып көремін деп бекіндім. Осының қыр-сырын үйрететін мамандармен байланысып, тауға шығудың ережелерін, қауіпсіздік шарттарын тыңдап, әзірлене бастадым. Ең бірінші шыққан тауым — 3100 метр биіктіктегі Фурманов шыңы. Оған шығып-түсуіме 9 сағаттай уақытым кетті. Одан кейін 3680 метр биіктіктегі Үлкен Алматы, 3954 метр биіктіктегі Турист шыңдарына, 3635 метр биіктікте орналасқан Мәншүк Мәметова көліне, Мыңжылқы платинасына көтерілдім. 2021 жылдың қараша айында 3200 метр биіктіктегі көне Жапон жолы және Құмбел шыңдарына, 2022 жылдың тамыз айында 3450 метр биіктіктегі Шымбұлаққа шықтым. Жалпы, 2020 жылдан бері Іле Алатауы маңындағы 16 шыңға шығып үлгердім. Тауға шығу үшін де адамға үлкен дайындық керек. Өзіңе сенімді болып, бойыңды жеңіл сезінуге тиіссің. Ең бастысы, қауіпсіздік ережелеріне аса мән бергенің жөн, — дейді Амангелді Серікбайұлы.
Кейіпкеріміз кішкентайынан бұқаралық спорттың барлық қағидатына ден қойған жан. Спорттың бір түрімен шұғылданып, бар уақытын арнамаса да, қолы қалт еткенде таза ауада жүгіріп, өзін ширақ ұстағанды ұнатады. Осының көмегі болар, түрлі спорттық шараларда бақ сынап, алдыңғы орындардан да көрініп жүр.
Алматы, Астана қалаларында жүгіруден өткен айтулы марафондарға қатысып, әріптес-достарының мерейін асырып, арнайы медальдармен марапатталған. Таяуда Түркістан қаласында 10 шақырым қашықтыққа жүгіруден өткен марафонға қатысып, олжалы оралды.
Бүгінде Аманкелді үлкен бір шаңырақтың иесі. Кезінде өлкеміздің ауылшаруашылығы саласына еңбегі сіңген ардагер Серікбай Бақтыбаев пен білікті ұстаз Мәруаш Сейілханқызының қарашаңырағында ата-ана аманатына адалдық танытып отыр. Келіншегі Назгүл Қалжанова екеуі төрт бала тәрбиелеуде. Отбасымен кітап оқығанды жаны сүйеді. 2020 жылы «Үздік оқырман отбасы» облыстық байқауына қатысып, бас жүлдені иеленген.
Аманкелді еліміздегі таулы шыңдардың барлығына жаяу шығып тауысқан соң, сырт елдердегі биіктіктерге де беттемек ойы бар. Қазір ол алдағы 19 ақпан мен 23 сәуірде Алматы қаласында 21 шақырым қашықтыққа жүгіруден өтетін марафонға қатысуға қызу дайындық үстінде.
«Әркім Эверестке өзі үшін шығады, бірақ шыңға елінің Туын тігеді» деген екен даңқты Маргарет Тэтчер. Ұлықұмның тау құмар баласының шығар шыңдары мен тігер Туы алда екеніне бек сенеміз.
Мұхтар МЫРЗАЛИН,
Шалқар ауданы.
- Үлгі
ӨНЕГЕЛІ АЗАМАТ
Мен бұл мақаламда үлкен жүректі, заңдылықпен тәртіптің сақталуын мүлтіксіз орындап, білмегендерді үйретіп, түсінгісі келмегендерден талап етіп, ішкі істер органында абыройлы қызмет жасап, зейнеткерлікке шыққан әріптесім туралы айтпақпын.
Елемес Ербазыұлымен сырласып, қандай тақырыпта болмасын ой бөліскенде аңғарғаным — оның бойында мемлекетшілдік қасиеттердің жоғары екендігі.

Жас кезінде институтта оқып жүріп самбо спортымен айналысып, жақсы нәтижелерге қол жеткізген Елеместі біздің Ойыл халқы жақсы таниды, жақсы көреді. Ойылдықтардың оны тануы қызық оқиға еді. Кеңес кезінде шопандар слетінде атжарыс, спорттық жарыстар қызықты өткізілетін. Сондай іс-шаралардың бірінде күрес болып жатқан жерде жергілікті қазақ жігіттеріне осы елге жұмысқа келген шешен ұлтының дәу жігіттері дес бермей, абдыратып тастайды, бұған намыстанған арық сары бала ортаға атып шығады. Ол «мен күресемін» дегенде халық шуы тына қалды, «оу, салмағыңа сай емес қой» деп аяушылық білдіріп жатқандар да болды. Не керек, айла-тәсілді жақсы меңгерген сары бала шешен ұлтының еңгезердей төрт жігітінің аяғын аспаннан келтіріп, алып-ұрып жыққанда қуанбаған адам қалмады. Сол сары бала Елемес Ербазыұлы болатын. Содан оқу бітіріп келіп, Ойыл қазақ орта мектебінде мұғалім болып жүргенде сол кездегі Ойыл аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Әбдіраман Жаулыбаев спортшы жас жігіттің болашағына сенім білдіріп, жол сілтеп, милицияға жұмысқа келуіне себепші болды.
Мен сол жылдары Ойыл АІІБ-інде учаскелік инспектор қызметінде едім. Елемес Ербазыұлы қызметке келгенде мекемедегі спорт саласы одан әрмен дами түсті. Міндетті қызметін де ойдағыдай жақсы атқарды. Соның нәтижесінде басқа ауданға қызметі жоғарылап ауысып кетті.
Бұл кез Кеңес Одағының уақыты болатын. Біздің салада кадр мәселесіне қатаң қарайтын. Қойылатын талаптары да оңай емес еді. Бірақ сол заманда ішкі істер органының қызметіндегі қазақ ұлты қызметкерлерінің өсуіне кедергілер көп болатын. Дәрежесі мен шендерін Мәскеу бекітіп отыратын.
Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін жоғарыда айтылған кедергілерден құтылдық. Соның нақты дәлелі — Елемес Ербазыұлының полковник шенін алып, дәрежесінің жоғарылауы. Әрине, бұл атаққа ол лайықты қызмет жасай білді. Ол Ойыл өңірінен шыққан алғашқы полковник. Тағы бір ерекшелігі — зейнеткерлікке шыққаннан кейін, аудан әкімшілігінде басшылық қызмет атқарғандығында.
Ішкі істер саласындағы еңбек жолы 1979 жылы аудандық комсомол комитетінің ұсынуымен Ойыл АІІБ-інде жасы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор болудан басталды. Ішкі істер органында профилактика инспекторы аға тергеуші саласында жақсы қызметі үшін «Үздік милиция» және «Үздік тергеуші» атақтарын алды. Кейін СССР ІІМ-нің Қарағанды жоғары мектебін заңгер мамандығы бойынша бітірді. Сонымен қатар Мәскеу қаласындағы Академияны аяқтады.
1990 жылдары Ырғызда ІІБ бастығының орынбасары қызметіне жоғарылап, Темір, Шалқар, Әйтеке би аудандарының ішкі істер бөлімінің бастығы қызметтерін атқарып, жасына байланысты 2008 жылы зейнеткерлікке шықты. Органда лейтенант шенінен бастап, полиция полковнигі дәрежесін (шенін) алды. Бірнеше Құрмет грамоталармен және төсбелгілермен, медальдармен мадақталды.
Зейнеткерлікке шыққан соң Шалқар ауданында бірқатар жұмыстар атқарды.
Зайыбы Клара — зейнеткер ұстаз. Екеуі бес бала тәрбиелеп өсірген. Балаларының барлығы жоғары білім алып, абыройлы еңбек етіп жатыр. Елемес қызмет атқарған жылдар ішінде талай шәкірттер де даярлады.
Бүгінде Елемес Ербазыұлы — Темір мен Ойыл ауданының құрметті азаматы. Облыстық ішкі істер департаментінің ардагерлер қоғамы ұйымының мүшесі.
Тілеген АЛДАНАЕВ,
ІІО-ның отставкадағы подполковнигі.
Ойыл ауданы.
- Дәстүр
АЙРАНҒА ҚАРА ТҰЗ САЛЫП ІШКІЗЕТІН…
Менің әжемнің шын есімі — Тәрбие. Әжем атасы Ерменбетке үнемі көрік басуға көмектесіп жүреді екен. Ол кісі атам мен әжемнің айтуы бойынша алтын мен күмістен түрлі бұйымдар соққан зергер, кілем тоқыған, аяқ киім тіккен, байларға арнап мазарлар салған, бірнеше өнерді меңгерген шебер адам болған. Барлық ісіне араласып, көмектесіп жүргендіктен, әжемді Шоң деп атап кеткен.
Шоң әжем 94-тен асып, 95-ке қараған шағында дүниеден озды.
Атам мен әжем біз үшін қымбат жандар болды. Олар туралы естеліктер үнемі есімізде. Бала кезімізде атам мен әжем бізге ертегілер айтып беретін. Атам аспан денелері туралы көп айтатын. Есімде қалғаны:
«Ақбоз, Көкбоз екі жұлдыз,
Жеті қарақшы жеті жұлдыз.
Жеті қайырып айтса, сауап дейді», — деп үйрететін. Жаздың күндері аспандағы жұлдыздарды көрсетіп, аңыздарын айтатын.

Әжем бұжы, шұжық, үлпершек жасап, қолынан шыққан тәтті тағамдарын сүйсіне жейтінбіз. Әжеме керек заттарын алып беріп, қасында жүремін. Сонда «тұзды төгіп алма, ырыс, несібең азаяды» деп ескертетін. Әжем «қара тұз денсаулыққа өте пайдалы, денедегі судың сақталып тұруына көмектеседі. Тұз — киелі нәрсе, тұзды аяққа басуға болмайды, төгіп алсаңдар сыпырып алып, жуындыға салыңдар», — деп айтатын.
Бала кезден-ақ тұздың екі түрі болатынын білдік. Ақ тұз және қара тұз. Қара тұзды да кейде келіге түйіп тамаққа салуға пайдаланатынбыз. Әжем қара тұзды «бұл Тоқсанбайдың қара тұзы» деп ерекше атайтын. Атам ол тұзды үлкен етіп ойып әкеледі. Емдік қасиеті де мықты деп айтып отыратын.
Бір қызығы, әжем айранға қара тұз салдырып ішкізетін. Айранды ағаш зеренге құйып, Тоқсанбайдың қара тұзын салып жібереміз де, ағаш қасықпен араластырып, тұзын сорып, қайтадан айранға салып ішетінбіз. Қара тұздың дәмі ерекше. Айран да дәмді болатын.
Ал өзі шайді тұзбен ішетін. Әлі есімде алдына шай келген кезде, қара тұзбен шайын бір былғап алады. Біз қарап, қызық көретінбіз.
Ауызын тұзбен шайып, аяғын тұзды сумен жуып отыратын.
Әжем молданың қызы болған. Өзі де құр емес-тін. Есімде қалғаны — шұбыртпа, теміреткі сияқты түрлі жараларды емдеп жазатын, ұшық беретін. Түйенің қара шудасын қара тұз қосылған жылы суға салып, қолы, не аяғы сынған адамға сары су иленбесін деп тартып беретін. Соған қарағанда әжем тұздың қасиетін өте жақсы білген-ау…
Ал менің әжемнен көргендерім көнеден келе жатқан денсаулықты сақтауға қатысты дәстүрлердің бірі болса керек.
Алмагүл САРЫБАЙ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Ақтөбе қаласы.
- «Ақтөбе» — 100
«АҚТӨБЕ» ГАЗЕТІ — ОБЛЫС ЖЫЛНАМАСЫ
Ғасырлық тарихы бар облыстық «Ақтөбе» газеті менің өмірлік серігіме, рухани досыма айналды. 1966 жылы алғаш рет еңбек жолым басталған сәттен бері газеттің тұрақты оқушысымын. Қызмет етіп жүрген кездерде бірнеше газет-журналмен қатар, әдеби кітаптарды қызыға оқушы едік.
Жасым 80-ге таяп қалса да, әлі де ауылдағы кітапхананың тұрақты оқушысымын. Ал «Ақтөбе» газетінің әрбір санын асыға күтемін.
Облыс жылнамасы болып келе жатқан газеттің өңірдің өзекті мәселесін көтеріп отыруы, тұшымды материалдарды қамтуы көңілге қонады.
Қазіргі жастар жаңалықтың бәрін әлеуметтік желіден оқиды. Мейлі ғой. Бірақ газет бетіне шыққан материалдар сенімді, анағұрлым құнды екенін түсіне бермейді-ау!
«Ақтөбе» газетінде белгіліқаламгерлер, журналистер жұмыс істейді. Сырт қарағанда тілшілердің жұмысы оңай көрінуі мүмкін. Алайда олардың жұмысы да әскери тәртіпті қажет етеді. Редакция жұмысымен қай жаққа баруға тиіс болса да, журналист ешқандай сылтаусыз, үй жағдайына да қарамай баруға тиіс. Журналистердің еңбегі туралы бір кітаптан оқыған едім. Сондықтан тілшілердің қалам тербеген әрбір мақаласы мен тақырып қоюдағы шеберліктеріне құрметпен қараймын.
Әсіресе осы газетте ұзақ жылдар бойы еңбек еткен ардагер журналист Қазақстанның құрметті журналисі Жанғабыл Қабақбаев інімізді ерекше көретінімді айтқым келеді. Ол бір жылдары Қарабұтақ ауданында, «Жаңа өмір» газетінің редакторы болып жұмыс істеді. Сыртынан ғана танушы едім.
Бір қызығы, апасы Қанымай менімен жұмыстас (ол да ұстаз), сырлас құрбы, ал жездесі Сағидолла шалыммен әзілі жарасқан құрдас еді.
Бір-екі жылдықта Жанғабылдың «Кеткенің бе, шынымен…» деген тақырыптағы мақаласын оқып, қамығып, жылап та алдым. Сол жылы менің де жасы елуге келіп қалған жалғыз сіңілім қайтыс болып, көңілім құлазып жүрген шағым еді.
Жанғабылға: «Жаным-ау, үлкен кетіп, кіші топырақ салу — ол да бір жаныңа медет қой. Мен оның артында қалып отырмын ғой», — дегім келіп еді, айта алмадым.
Менің ерекше риза болатыным, Жанғабыл біздің елдің келмеске кеткен үлкен ағаларының еңбегін дәріптеп, газет бетіне жиі жариялап тұрады. Мен мұны өзі қызмет еткен елдің дәм-тұзының өтеуі емес, адамгершілік болмысыдеп түсінемін.
Тағы ескеретін жағдай — мен Жанғабылдың атақ-беделі көтерілсе екен деп жазып отырған жоқпын.Ол — онсыз да өзіне тиесілі атақ-абыройы биіктен көрініп жүрген азамат.
«Ақтөбе» газеті — облыс жылнамасы ғой. Жылнама демекші, газеттің ғасырға жуық тарихын архивтен табуға болатын шығар деп үміттенемін.
Туған өлкеміздің тыныс-тіршілігі, тарихы туралы білгісі келген көкірегі ояу, көзі қарақты әрбір азамат еш жарнамасыз-ақ «Ақтөбе» газетін алып, оқып тұруы керек.
Ырысты НҰРМАҒАНБЕТОВА,
зейнеткер ұстаз.
Аралтоғай ауылы,
Әйтеке би ауданы.
- Тағзым
ЖАҚСЫНЫҢ АТЫ ӨШПЕЙДІ…
Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі Жақия Жүсібалиев — Ойыл топырағында туып-өсіп, ел-жұртының тарихында еселі еңбегімен аты жазылған, Екінші дүниежүзілік соғысқа денсаулығының жарамсыздығына қарамай, сұранып барып, екі бірдей аяғынан айрылып келсе де, ұстаздық жолын жалғастырған тұлға. 1915 жылы Ащы Ойыл елді мекенінде болысшы-диқаншы отбасында дүниеге келген.Ұстаздың ерен еңбегінің көпшілікке танылмай қалған, танылса да, ұмытылған естеліктерді жинақтап, өмір және майдан жолын зерттеуге арналған жоба жұмысын №69 орта мектептің 10-сынып оқушысы Инабат Викторова жасады.

Қобда ауданының Әлия Молдағұлова ауылында әке жолын қуған ұстаз, ҚР Білім беру ісінің үздігі Жәмила Жақияқызы тұрады. Сол кісімен сұхбаттасқан едік.
— Әкем жан-жақты адам болатын. 4 кластық біліммен Орал педагогикалық институтына даярлық курсына барып оқуға түседі.3-курста оқып жүргенде Орал қаласының екі техникумына сабақ бере бастаған. Ал Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда майданға сұранады. Алайда денсаулығына байланысты оны алмайды. Бірақ әкем соғысқа сұранып, Сталинге 3рет телеграмма салады. Ақыры майдан сапына алынып, гвардиялық әскер дивизиясының құрамында Сталинград шайқасына аттанады. Сол бір шайқаста мина жарылып, әкемді ес-түссіз жатқан жерінде тауып алып, госпитальге апарады. Сол кезде екі аяғын кесуге тура келеді.
Әкем спортпен айналысатын, бірнеше шақырымға созылған Ойыл өзені мен Жайықты жүзіп өте алатындай қауқарлы, салауатты өмір салтын ұстанған азамат болып қалды менің есімде. Әрі мықты шахматшы еді, — деп еске алады ол. Ақтөбе қаласында тұратын қызы Зинаида Жақияқызы да әкесі туралы естеліктерімен бөлісті. Бұл ақпараттардың барлығы да оқушы Инабат Викторованың «Ерліктен — батырлыққа. Жақия Жүсібалиев» тақырыбындағы зерттеу жұмысында кеңірек жазылған. Осындай шәкірттеріміз барда жақсылардың аты өшпейтіні ақиқат.
Айнұр РАХМЕТОВА,
№69 жалпы білім беретін орта мектебінің тарих пәні мұғалімі.
Ойыл ауданы.
Дайындаған Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.



