Басты жаңалықтар

Кәсіпкерлікті дамыту және ветеринария мәселелері талқыланды

Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында кәсіпкерлікті дамыту және эпизоотиялық ауруларға қарсы ветеринариялық алдын алу шаралары туралы мәселелер қаралды.

Мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаржылық қолдау көрсету — бизнесті қолдаудың басты тетіктерінің бірі. 2022 жылы кәсіпкерлікті дамытудың Ұлттық жобасы аясында бұл мақсаттарға 11.8 млрд теңге бөлініп, 4549 жоба қолдауға ие болды.

«Бизнестің Жол картасы» бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан жобалардың саны қарқынды өсуде. 12 жылдың ішінде бағдарлама 12 мыңнан астам жобаны қамтыды. Бүгінде олар экономика және жұмыспен қамту деңгейінің артуына әсер етуде: 2010 жылдан бастап 12,2 мың жаңа жұмыс орны құрылып, ашылған 43 мың жұмыс орны сақталды, өндірілген өнім көлемі — 2,5 трлн теңгеге,  түскен салық мөлшері 159,1 млрд теңгеге жетті.

Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратовтың сөзінше, Ақтөбе облысы екінші жыл қатарынан мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпкерлер саны бойынша өзге өңірлер арасында көш бастап тұр.

Облыс азаматтарының бизнес-бастамаларын тиімді іске асыру мақсатында Ералы Тоғжанов Ақтөбе қаласы мен барлық ауданда мемлекеттік бағдарламаларды жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Айта кетейік, 2023 жылы шағын және орта бизнес саласында тіркелген субъектілердің санын 100 мың бірлікке дейін немесе 10,4 пайызға ұлғайту міндеті қойылды.

— Сапалы жүргізілген түсіндіру жұмыстары мемлекеттік бағдарламаларға қатысушылар қатарын арттырып, жұмыссыздар санының қысқаруына септігін тигізеді. Облыстың кәсіпкерлікті дамыту бойынша нәтижелері жақсы, бірақ қол жеткізген көрсеткіштерге қанағаттанып отырудың қажеті жоқ. Біздің мақсатымыз — жұмыссыздықты толығымен жою, —  деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Бұдан өзге ауылдық жерлерде жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін өңір басшысы «Ауыл аманатының» бірінші кезеңіне енбеген елді мекендердің тұрғындарына жобаға қатысу мүмкіндігін беруді тапсырды.

Облыс бойынша эпизоотиялық және ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шараларды 13 ветеринарлық станса және ауылдық округтерде орналасқан 142 ветеринарлық пункт мамандары жүзеге асырады. Өңірде 2,3 млн астам ауыл шаруашылығы жануары тіркелген. Ветеринария басқармасының деректеріне сәйкес жануарларды аса қауіпті аурулардан қорғау үшін барлық алдын алу және диагностикалық іс-шара бекітілген жоспар бойынша жүргізіледі.

Ветеринарлық қызметтің еңбек жағдайлары мен материалдық-техникалық базасын жақсарту шаралары қабылдануда. Биыл ветеринария қызметкерлерінің жалақысы 30-40 пайызға көбейді, жаңа автокөліктер, компьютерлер мен планшеттер сатып алу жоспарлануда.

Облыс әкімі ветеринария басқармасына Әйтеке би ауданының «Саят» шаруа қожалығында малдың ауруын анықтау бойынша қызметтік тергеу жүргізуді, сондай-ақ барлық ауданға малды вакцинациялау, эпизоотиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

А.МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button