Жаңалықтар

Зардап шеккендер дәрігерлер бақылауында

«Қарда жүретін көлік демалыс базасының меншігі емес. Ол сол көлікті басқарған баланың туысына тиесілі екендігі анықталды», — деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Өткен аптада қала сыртындағы «Тау» демалыс базасында болған оқиға жұртшылықты дүр сілкіндірді. Қарда жүретін көлікті тізгіндеген жасөспірім бір топ адамды қағып кетіп, соның салдарынан 40 жастағы әйел қайтыс болды, бірнеше адам зардап шекті. Көлік қаққандардың ең кішкентайы — 1,5 жаста.
— Оқиға 28 қаңтарда сағат 15.30 шамасында болған. 2007 жылы туған кәмелетке толмаған азамат қарда жүретін Lynx автокөлігін жүргізіп келе жатып, жабдықталған қар сырғымасының жанында тұрған бір топ адамды қағып кетті. Аталған факті бойынша облыстық полиция департаменті тексеру жүргізіп жатыр, — деді облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Ерболат Сарқұлов.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасына хабарласып, зардап шеккендердің жағдайын сұрағанбыз. Басқарма басшысы Рүстем Исаев олардың барлығы дәрігерлердің бақылауында екендігін, ауруханада ем алып жатқандарын айтты.
— Көлік қаққандардың ең кішкентайы — 1,5 жаста. Баланың жағдайы — орташа ауыр. Миы шайқалған. Қазір травмотология бөлімінде ем қабылдап жатыр. Миы шайқалып, бастың маңдай, төбе аймағының жұмсақ тіндерінің мыжылған тыртығын алған 5 жасар ер бала да сол бөлімде. Оның жағдайы да — орташа ауыр. Есін біледі. Сол кезде жарақат алған 16 жастағы қыз баланың жағдайы ауыр. Жамбас сүйегі сынған. Өкпесіне зақым келген. 16 жастағы екінші қыз баланың жағдайы орташа тұрақты. Миы шайқалған. Жақ сүйегі сынған. Травмотология бөлімінде ем қабылдап жатыр.
Ал 1974 жылы туған ер адам жедел жәрдем ауруханасында жатыр. Оның да миы шайқалып, кеуде сүйегіне зақым келген. Қазіргі жағдайы — орташа тұрақты. Кейінірек ота жасалатын болады, — деді Рүстем Исаев.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button