Жаңалықтар

Қанша тұтынушының құқығы қорғалды?

Былтыр облыс бойынша тұтынушыларға жалпы мөлшері 38,3 млн теңге қаражат қайтарылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,6 млн теңгеге артық. Оның ішінде 

30 млн теңге бөлшек сауда саласына қатысты болса, 2,3 млн теңге — тұрмыстық қызметтер, 2,1 млн теңге — туристік қызметтер, 3,3 млн теңге — электронды сауда саласына байланысты қайтарылған қаражат.

Бұл туралы кеше өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Ақтөбе облысы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Жұмамұрат Алдашев айтып берді.

— Департамент мамандары өткен жылы тұтынушылардың құқықтарының бұзылуына қатысты 976 өтініш қарады, оның ішінде 228-і жазбаша өтініш болса, 77-сі — телеграм-бот арқылы түскен өтініш, 186-сы — мамандардың қабылдауы арқылы түскен өтініш. Сондай-ақ жедел желі арқылы 483 өтініш түсті. Былтыр 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өтініш саны 134 пайызға жетті. Демек, бұл былтыр  тұтынушылардың құқықтары жиі бұзылғанын аңғартады. Біз түскен өтініштерді қарап, олардың 551-ін, яғни 56 пайызын қанағаттанарлық деңгейде шештік. Ал 368  тұтынушыға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, құқықтық көмек көрсетілді, 53 өтініш құзыретіне сәйкес тиісті мемлекеттік мекемелердің қарауына қайта жолданса, 4 өтініш биылғы жылдың қарауына өтті, — деді Ж.Алдашев.

Оның айтуынша, 2022 жылы департамент мамандары 3 сот отырысына қатысып, оның екеуінде тұтынушылардың құқығын қорғауға атсалысқан. Сотта медиативтік келісім жасалуына байланысты 2 тұтынушыға 1 697,8 мың теңге қаражат пен 200,0 мың теңге өкілдік шығын төлетілген.

Ал биыл департамент қызметкерлері бөлшек сауда саласына қатысты 3 кәсіпкерлік субъектісіне тексеру жүргізген. Нәтижесінде біреуіне ұйғарым шығарылса, екі кәсіпкерге  ескерту берілген.

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button