Жаңалықтар

Еңбек ардагеріне құрмет

Облыстық ардагерлер кеңесінде еңбек ардагері, ұзақ жыл Мұғалжар ауданында басшылық қызмет атқарып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан Бердіғали Әйтпенбетовті мерейлі 75 жасымен құттықтау рәсімі өтті.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов мерейтой иесінің ауыл шаруашылығын  өркендету ісінде айрықша қолтаңбасы бар екенін атап өтіп, облыс әкімі Ералы Тоғжановтың құттықтауын, республикалық ардагерлер ұйымының төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің Алғыс хатын табыс етті.

«Ел ісіне, мемлекет жұмысына ерте араласқан Бердіғали Әйтпенбетұлы Тәуелсіздік жылдарында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына бар ынта-жігерімен қызмет етті» деп жазылған құттықтау хатта.

Бердіғали  Әйтпенбетов басшылық жасаған жылдары Мұғалжар ауданы облыста үздіктер қатарынан көрінді, экономикалық көрсеткіштер бойынша көш бастады. Кейін ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің салалық кәсіподағына жетекшілік етіп, жұмысшылардың еңбек құқығын қорғауда игілікті істер атқарды.

Салтанатты жиында той иесіне, сондай-ақ ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің Алғыс хаты және «Ерен еңбегі үшін» арнайы төсбелгісі табысталды.

Жылы жүзді жүздесуде еңбек ардагерін Т.Айжарықов, Қ.Аймағанбетов, Т.Сұлтанғалиев, Ж.Алданиязов, С.Мамытов құттықтап, оның ел мүддесі жолындағы еңбегіне кеңінен тоқталды.

Нұргүл ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button