Басты жаңалықтарЖаңалықтар

Көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары талқыланды

Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен отырыста биылғы көктемгі су тасқынына қатысты төтенше жағдайлардың алдын алуға дайындық мәселелері талқыланды.

Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Марғұлан Аманбаев қазіргі уақытта облыстың үш ірі су қоймасында көктемгі су тасқынын өткізуге арналған сыйымдылық қоры бар екенін баяндады. Оның айтуынша, Ақтөбе, Сазды және Қарғалы су қоймаларындағы су көлемі жобалық мәні 32 пайыздан 54 пайызға дейін жетеді.

Су тасқынының алдын алу және оның салдарын жою үшін жанар-жағармай, инертті материалдар қоры дайындалды, елді мекендерде қар шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Облыс әкімі Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарының әкімдіктеріне төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, тұрақты мониторинг жүргізуді, тасқын және еріген қар суы ағып өтетін көпірлерді, арықтарды, өзен арналарын, гидротехникалық құрылыстар мен қорғау бөгеттерін тазалауды дайындауды тапсырды.

— Су тасқыны қаупі бар әрбір учаске, елді мекендер бойынша іс-шаралар жоспары қажет. Талдауды 26 қаңтарға дейін әзірлеуді тапсырамын. Су тасқыны жағдайын бақылау басты назарда болуы керек, —  деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Бұдан өзге облыс әкімі шетелдік көліктерді заңдастыруға қатысты бір реттік іс-шараны халыққа түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

— Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін облысымызда көлік құралдарын заңдастыру басталды. Бұл — өте маңызды әлеуметтік мәселе. Халықты ақпараттық қамту барынша жоғары болуға тиіс, — деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Айта кетейік, процесті тиімді ұйымдастыру мақсатында облыс орталығы мен аудандардағы әрбір ХҚКО-да өз-өзіне қызмет көрсету орындары ашылды, онда мамандар азаматтарға деректерді eGov.kz электронды порталы арқылы тексеріп, өтінім беруге көмектеседі. Ақтөбе қаласының мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы шара аясында автокөлік иелеріне сапалы әрі жылдам қызмет көрсету үшін жұмыс күнін ұзартып, автотұрақтағы орындарды кеңейтті.

Сондай-ақ жиын барысында әкімдіктерге қоқыс пен қарды шығару, аумақтарды санитарлық тазалау жұмыстарын күшейту тапсырылды.

А.САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button