Жаңалықтар

Ғалымға құрмет көрсетілді

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, осы университеттің еліміздегі іргелі оқу орындарының біріне айналуына өлшеусіз зор үлес қосқан білікті басшы Кенжеғали Кенжебаевтың 70 жылдығына арналған ғылыми кеңестің кеңейтілген отырысы өтті.

Еліміздің белгілі математиктері бас қосқан іс-шараға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, қала әкімі Мұрат Жөребеков, зиялы қауым өкілдері мен университет басшылығы, ғалымның шәкірттері қатысты.

Облыс басшысы Кенжеғали Кенжебаевтың Ақтөбе өңірінің өркендеуі мен дамуына  қосқан елеулі үлесі мен ел игілігі жолындағы еселі еңбегін, білім саласында салған сара жолын атап өтіп, құрмет көрсетті.

Кенжеғали Кенжебайұлы — өмірін өз қолымен жасаған қазақтың біртуар ұлы. Әрбір ата-ана сәбиі дүниеге әкелгенде «балам адам болса екен» деп тілейді. Ата-ананың тілегі қабыл болды десем, артық айтқаным емес. Ол — бір ғана отбасының емес, елдің азаматы. Тұлғалық болмысымен ғылым-білімнің дамуына үлес қосты. Еселі еңбегін бүкіл жұрт біледі. Жүріп өткен сара жолы — кейінгі буынға үлгі, — деген облыс әкімі Ералы Тоғжанов мерейтой иесінің иығына шапан жапты.

Жиында профессордың өмірі мен қызметі, ғылыми жетістіктері, еліміздің жоғары мектебіне сіңірген еңбегі жайында физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Жайшылық Сартабанов баяндама жасады.

Ал мерейтойға арнайы келген белгілі математик Асқар Жұмаділдаев:

— Математика — өз ішінде бірнеше салаға бөлінетін іргелі ғылым. Кенжеғали ағамыздифференциалды теңдеулер саласының үлкен маманы. Математиктер аса көп қауым емес, бірақ басымыз қосылып, бүгінгі шараға ағамызға құрмет көрсету үшін келдік. Кенжеғали Кенжебайұлы — облыстық деңгейдегі педагогикалық институтты республикалық деңгейге көтеріп, Құдайберген Жұбанов атындағы университеттің негізін қалаған адам. Ағамыздың іскерлігінен бөлек, жанашыр азаматтығы бір төбе, — деді ол.

Профессор Кенжеғали Кенжебаев Жұбанов университетінде қызмет жолын аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, факультет деканы қызметтерінен бастап, 20 жылдан астам уақыт университет ректоры қызметін абыроймен атқарды.

Ғалымның 100-ден астам ғылыми еңбегі ТМД елдерінің басылымдарында жарық көрді. Оның жетекшілігімен дифференциалды теңдеулердің сапалық теориясын зерттеу және басқарудың математикалық теориясының кейбір есептерін талдап жасау жөніндегі ғылыми мектептері қалыптасқан.

Айта кетейік, мерейтойға арналған жиында Кенжеғали Кенжебаевқа «Құдайберген Жұбанов» төсбелгісі табысталды. Белгілі математиктер Сайлаубай Жұматов пен Асқар Жұмаділдаевқа  Жұбанов университетінің «Құрметті профессоры» атағы берілді.

— Расын айтқанда, мерейтойымды мұндай үлкен көлемде атап өткім келген жоқ. Бірақ жастардың осындай белгілі азаматтарды көріп, танысып жатқанына қуаныштымын. Бұл іс-шараға еліміздің математика саласындағы мықтылары жиналды. Бұл — мен үшін үлкен қуаныш, ал Ақтөбе өңірі үшін үлкен абырой деп ойлаймын, — деді мерейтой иесі Кенжеғали Кенжебаев.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button