Басты жаңалықтарЖаңалықтар

Шетелдік көліктерді тіркеу басталды

Кеше елімізге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыру басталды.

Ақтөбе облысы әкімшілік полиция басқармасының жол және техникалық инспекция бөлімінің басшысы Еркін Өтегеннің айтуынша, тұрғындарға дүрлігудің, асығудың қажеті жоқ. Алдымен көлігіңізді заңдастырылуға болатынына көз жеткізіп алыңыз. Көлігіңізді тіркеу үшін eGov.kz порталы арқылы онлайн өтініш беруге болады. Екі күннен соң ұялы телефоныңызға көлігіңізді тіркеуге болатыны не болмайтыны туралы хабарлама келеді.

Көлікті мемлекеттік тіркеуге қоюдың басты екі талабы бар: біріншісі —  көліктер елге 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін әкелінген болуы керек. Ал ұрланған, іздеуде жүрген немесе қандай да бір қылмысқа қатысы бар көліктер рәсімдеуге жатпайды. Сонымен қатар Еуроодаққа мүше емес елдерден келген көліктер кедендік тексеруден өтуге тиіс, — дейді облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы Данияр Сарқұлов.

Көлікті мемлекеттік тіркеуге қою үшін төленетін қаражат көлемі — 200 мың теңге. Ал көліктің техникалық құжаты мен мемлекеттік нөмір үшін 15 мың теңге мөлшерінде төлем жасалуға тиіс.

Кеше, автокөліктерді заңдастыру басталған күні облыстық полиция департаменті өкілдері Ақтөбедегі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына ағылған көлік жүргізушілерінің сұрақтарына жауап берді. Данияр Сарқұловтың айтуынша, көлік иелері мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында өзіне-өзі қызмет көрсету секторы арқылы да өтініш бере алады.

Шетелдік автокөліктерді заңдастыру жұмыстары бір реттік акция ретінде ұйымдастырылып жатыр. Азаматтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында арнайы мамандандырылған бөлімдер жұмыс жасайды. Мұнда полиция департаменті және мүдделі мемлекеттік органдар, оның ішінде мемлекеттік кірістер департаменті, сақтандыру компаниялары мен кеден қызметтерінің қызметкерлерінен құрылған штаб орналасады. Облыс бойынша барлығы 124 жұмыс бөлімі бар.

С.ЖҰБАНҒАЗИН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button