Жаңалықтар

30 күрделі операция жасады

ҚР Президенті Ісбасқармасының Медициналық орталығының дәрігерлері Ақтөбе облысындағы күндері аясында 157 науқасқа консультациялық көмек көрсетіп, 30 күрделі ота жасады. Бұл — еліміздің үздік дәрігерлерінің халыққа практикалық және консультативтік-әдістемелік көмек көрсету, шеберлік сағаттарын және күрделі жоғары технологиялық операциялар жүргізу мақсатында облысқа алғаш рет келуі.

Ақтөбеге арнайы жұмыс сапарымен келген медициналық орталықтың басшысы Алексей Цой  облыстық перинаталды орталық пен Ақтөбе медициналық орталығына барып, отадан шыққан науқастардың жағдайымен танысты.

Облыстық перинаталды орталық — жүктілік пен босанудың асқынулары кезінде қызмет көрсететін бірегей медициналық кешен. Медициналық мекеме еуропалық стандарттарға сәйкес келетін заманауи жабдықтармен, соның ішінде шала туған нәрестелерге күтім жасауға және күрделілігі жоғары хирургиялық операцияларға арналған арнайы реанимациялық жүйелермен жабдықталған. Мұнда ай сайын орташа есеппен 650-700 сәби дүниеге келеді. Салмағы 500 грамнан басталатын шала туған нәрестелерге күтім жасауға мүмкіндік бар. Алексей Цой перзентхана мен операциялық блоктың, сәулелік диагностика, балалар жансақтау және қарқынды терапия бөлімшелерінің жабдықталуын жоғары бағалады.

Бұдан соң ол Ақтөбе медициналық орталығының жұмысымен танысты. Бөлімшелерді аралап, науқастардың операциядан кейінгі жағдайын білді. Ақтөбе медициналық орталығы — ересектерге 25 бейін бойынша көмек көрсететін өңірдегі ең ірі көпбейінді стационар. Облыста 12 бейін бойынша көмек түрі тек осында ғана көрсетіледі. Мұндағы балалар кардиохирургиясы, аритмология, тамырлы хирургия, трансплантология бөлімшелері жоғары технологиялық жабдықтармен жабдықталған. Бұдан өзге, мамандандырылған орталықта ересектерге арналған гастроэндоскопиялық және аллергоцентр жұмыс істейді. 2022 жылы Ақтөбе медициналық орталығында 20 мыңға жуық науқас ем алған.

— Бүгін Ақтөбе облысындағы жетекші медициналық мекемелердің жұмысымен танысып, науқастардың жағдайын білдік. Денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөліп отырған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевбарлық өңірлерде әсіресе ауылдық жерлерде тұратын тұрғындарға қолайлы жағдай туғызуды тапсырды. Ақтөбе — медициналық әлеуеті жоғары, мықты мамандар шоғырланған өңір. Облыс орталығындағы медициналық университетте білім алған түлектер еліміздің ең таңдаулы деген емдеу мекемелерінде нәтижелі еңбек етіп жүр.

Біздің облысқа келудегі мақсатымыз — өз ісінің мамандарын бір-бірімен танысытыра отырып, тұрғындардың басқа қалаға шықпай-ақ осында ем алуына жағдай жасау болды. Байқағанымыздай, мұнда күрделі ота жасайтын білікті кадрлар да, қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген мекемелер де бар, — деген Алексей Цой өңірдің медициналық әлеуетіне жоғары бағасын берді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button