Жаңалықтар

Наурыз айында 100 автобус әкелінеді

Қала

Кеше Ақтөбе қаласының әкімі Мұрат Жөребеков тұрғындардың тасымалы мен қауіпсіздігіне жауапты мекемелердің жұмысымен танысып, биылғы жаңашылдықтар туралы айтты.

Шаһар басшысы алдымен Ақтөбе қалалық жол қозғалысы қауіпсіздігін және цифрлық технологияларды қамтамасыз ету орталығына барды. Мұнда қала бойынша қатынайтын барлық қоғамдық көліктің бағыты белгіленіп, бұлардың қозғалысы қадалағанып отырады. Қызметкерлер үлкен экран арқылы кез келген автобустың қай жерде бара жатқанын, кестеге сай жүріп-жүрмегенін бақылай алады. Сондай-ақ орталық өкілдері бағдаршамдардың жұмысын, жол белгілерінің талапқа сай орнатылуын, т.б. жол-көлік мәселелеріне жауап береді. Айталық, әкімге қала бойынша 129 бағдаршамның бары айтылып, жол белгілерінің аужайы көрсетілді. Өз көзегінде Мұрат Жөребековжүргізушілер мен жолаушылар үшін бағдар болатын белгілердің аздығын сынға алды.

— Мысалы, Астана қаласында барлық бағдаршамның алдында қандай көшеде келе жатқанымыз, тіпті келесі көшенің қандай екені белгі түрінде көрсетіліп тұрады. Ал бізде бұл жағы жоққа тән. Сосын жол белгілері де аз. Әр қиылыста қай жаққа бұрылуға болатыны-болмайтыны тайға таңба басқандай белгіленіп тұруы қажет. Бұл жол бойында болуы тиіс қарапайым ғана талаптар емес пе? Жаяу жүргіншілер жолы — «ала жолақ» белгісінің алдында да көліктерді еріксіз кідіртетін төмпешіктердің болғаны жөн. Бұның да қалада кемшін екенін байқадым. Жалпы, көліктердің нөпірі қалың жерде қосымша белгілер қойылмаған. Соның кесірінен кептеліс болады. Осы мәселелердің бәрін қарастырып, әр қиылысты жеке зерттеп, тиісті шараларды қолға алуды тапсырамын. Бұл бойынша жергілікті полиция бөлімінің басшысына да нұсқау бердім.

Жасыратыны жоқ, бізде қоғамдық тасымалдау мәселесі өте өзекті. Халық тарапынан бұған қатысты арыз-шағымдар жиі түседі. Қазіргі таңда осы іспен айналысатын 5 компанияға бақылауды күшейтіп жатырмыз. Өз міндеттемесін дұрыс орындамағандарға ескерту беріліп, кейіннен нәтиже болмаса өзін жақсы көрсеткендерге жұмысты тапсырамыз.

Бүгінгі уақытта қалада 46 бағыт бойынша 230-ға жуық автобус қатынайды. Мұның өзі бізге жеткіліксіз. Сондықтан наурыз айында сыйымдылығы үлкен 100 автобус әкелуді жоспарлап отырмыз. Аталған мәселені шешу үшін жергілікті бюджеттен қосымша қаржы да қарастырып жатырмыз, — деді Ақтөбе қаласының әкімі.

Түске жақын қалалық полицияға қарасты жедел басқару орталығының жай-күйі де тексерілді. Облыстық полиция департаментінің ғимаратында орналасқан кешенде қала көшелеріндегі 208 бейнекамераның «назарына» іліккен көріністер онлайн режимде көрсетіліп тұрады. Осындай құрылғылардың көмегімен өткен жылдың өзінде 121 қылмыстың беті ашылыпты. Бақылау құрылғыларымен, орталық қызметкерлерінің жұмысымен танысып шыққан қала әкімі:

— Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес биыл Ақтөбеде 2600 бейнекамера орнатылады. Яғни қазіргі жағдаймен салыстырғанда, бейнекамералардың саны он есе артады. Бұл ең бірінші кезекте қоғамдық тәртіпті күшейтіп, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау үшін жасалып отыр, — деді.

Мұнымен бірге, тәртіп сақшылары атқарушы билік өкілдеріне арнайы бақылау камераларымен жабдықталған су жаңа 5 көлікті көрсетті. Оның 3-еуі облыстық маңызы бар тасжолдарға жұмылдырылмақ.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button