Жаңалықтар

Сан мен сапа

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ,

«Ақтөбе»

Ойтүрткі

Дарынды балалар ауылдарда да бар. Оларды дер уақытында тани алмай жатырмыз. Ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтық  еліміз бойынша өзекті мәселе болып отыр. Мұныжою үшін ел Президенті құзырлы органдарға нақты міндет жүктегені белгілі. Соның бірі — ауыл мен шағын қала мектептерін жаңарту жобасының арқасында өңірдегі 282 білім шаңырағы жаңармақ.

Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың бастамасымен біздің облыстан бастау алып, республикаға үлгі болған бірегей «БІЛІМ ALL» жобасының да басты мақсаты — осы ауыл мен қала мектептерінің арасындағы алшақтықты жойып, шағын жинақты білім шаңырақтарының білім сапасын көтеру. Қазір аталған жобаға өңірдегі 120 мектептің 10 575 оқушысы қатысып жатыр. Бұл мақсатта 6 жетекші мектептің 35 үздік педагогі тартылып отыр.

Еліміз бойынша ұйымдастырылып жатқан «Мың бала» ұлттық олимпиадасының басты мақсаты да ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтықты азайту. Байқау жеңімпаздары еліміздің дарынды балаларға арналған үздік білім шаңырақтарында білім алады.

Облыс бюджетінің 40 пайызының білім саласына бөлінуі де бұл салаға мемлекет тарапынан көп көңіл бөлініп жатқанының айғағы. Соңғы 5 жылда өңірде еңсе тіктеген 59 білім шаңырағының 27-сі — ауыл мектебі. Яғни ауыл баласының сапалы білім алуы үшін материалдық-техникалық база нығайтылып, барлық жағдай жасалып жатыр. Мектеп ауылдың жүрегіболғандықтан бала саны талапқа сай келмесе де мемлекеттен қыруар қаржы бөлініп, қаншама мектеп сақталып қалуда. Жалпы біздің өңірде 404 мектеп бар. Соның 204-і — бала саны аз шағын жинақты мектеп. 57 мектептің (14 пайыз) контингенті нормативтен төмен. Мысалы, Әйтеке би ауданында — 9, Қобдада — 8, Байғанинде 6 мектеп нормативке сәйкес келмейді екен. Қарғалы ауданының Бозтөбе ауылындағы негізгі мектепте — 13, Шалқар ауданындағы Қопасор мен Қаңбақты ауылдарындағы негізгі мектептерде 21 баладан оқып жатыр. Талап бойынша негізгі мектепте кем дегенде 41 бала оқуға тиіс. Дегенмен жергілікті әкімдіктің қолдау көрсетуінің арқасында аталған мектептер жабылған жоқ. Шағын жинақты орта мектептердің де жағдайы сондай. Мәселен,Әйтеке би ауданындағы Үшқатты ауылындағы орта мектептегі оқушы саны — 24 бала, Мәртөктің Бөрте ауылындағы орта мектептегі балалардың үлесі — 43 оқушы. Ал шағын жинақты орта мектепте кем дегенде 81 бала білім алуға тиіс.

Өңірдегі шағын жинақты мектептерде оқып жатқан оқушы көп те емес: небары 14 505балабілім алып жатыр(облыстағы барлық оқушының 8,7 пайызы). Оларға 3876 мұғалім сабақ береді (олардың алтауы — педагог-шебер, 563-і — педагог-зерттеуші). Бұл — 3-4 балаға бір мұғалімнен келеді деген сөз. Сонда ұлт болашағын тәрбиелеуді асыл мұраты етіп, білім саласында жұмыс жасап жүрген педагогтеріміз өз мектептеріндегі 80-90 әлде 100-120 баланың бәрін емес, тым болмаса, 2-3-еуін неге үздік,алғыр оқушы етіп тәрбиелемейді?Аз ғана баланың қабілет-қарымын, бейімін анықтап, біліп неге сол бағытта жұмылып, жүйелі жұмыс жасамайды? Сол тынымсыз еңбектің нәтижесіноблыстық, республикалық білім бәйгелерінен көріп неге біз сүйсінбейміз?

Әрине, өңірдегі шағын жинақты мектептің бәріндебірдей сапа төмен десем. қателескен болар едім. Әйтеке бидің Еңбекту, Байғаниннің Қаражар шағын жинақты мектептерінің оқушылары білім сапасына байланысты ұйымдастырылған түрлі олимпиадаларда, зияткерлік байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүр. Басқа мектептердің Еңбекту мен Қаражардан несі кем?

Ауылдағы шағын жинақты мектептердің кейбір мұғалімдері өз балаларын жұмыс жасайтын жерінде емес, Ақтөбедегі білім шаңырақтарында оқытып жатыр. Бұған не себеп?..

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша мұғалімдердің жалақысы 2020 жылғы қаңтардан бастап жыл сайын 25 пайызға көбейді. Биыл да өсті.

Қысқасы, мұғалімге де, мектепке де үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Ал баланың саналы тәрбие, сапалы білім алуы үшін не істеу керек? Мемлекет берген мол мүмкіндіктің, көп игіліктің қайтарымы қайда?..

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button