Жаңалықтар

Берекелі істің бастауы

Ойыл ауданында «Ауыл аманаты» жобасына Көптоғай, Саралжын ауылдық округтері таңдап алынды. Жобаға екі округ бойынша барлығы 204 отбасының құжаттары ұсынылған.

Жобалардың ішінде 36-сы — өсімдік шаруашылығы, 148-і — құс шаруашылығы, 17-сі — шағын кәсіпкерлік, 3-еуі — кооперативтер ашу, ал 63 жоба мал шаруашылығын дамытуға бағытталып отыр. Екі округ бойынша жалпы саны 511 отбасындағы 4308 тұрғынның 2271-і — жұмысқа жарамды азаматтар.

Сондай-ақ аталған округтердегі атаулы әлеуметтік көмек алатын 29 отбасының 23-і «Ауыл аманаты» жобасы арқылы тауарлы несие алуға өтініш тапсырыпты. Жоба шеңберінде ауданда тұрғындарға тауарлы несие беретін «Берік-А», «Идеят» және «Нұр-Асыл» шаруа қожалықтары бүгінге дейін бірнеше отбасыға қой мен ірі қара берген.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі мамандарының айтуынша, бүгінде аталған жобаға қатысатын округ тұрғындары кепілге қойылатын жылжымайтын, жылжымалы мүліктері бойынша құжаттарын әзірлеп жатыр. Қазір Саралжын ауылдық округі бойынша 12 тұрғын құжаттарын тапсырып, 15 жоба ұсынған, оның ішінде 9 құжат мақұлданған. Ал Көптоғай ауылдық округі бойынша 3 тұрғынның құжаттары тапсырылып, оның екеуі мақұлданған.

Көптоғай ауылының тұрғыны Болатбек Омаров құс шаруашылығын дамыту бойынша аталған жобаға қатысады. Ол құжаттары мақұлданғанын айтады. Алдағы уақытта ол 2,5 пайызбен 2 млн теңге көлемінде несие алып, қаз сатып алмақшы.

— Биыл облыста алғаш рет ауылдарды дамыту үшін «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылуда. Осылайша біз сияқты ауыл тұрғындарының кәсіп ашып, мал, құс, егін шаруашылықтарымен айналысуына жағдай жасалып отыр. Аталған бағдарламаға қатысуға мен де ұсыныс білдіргенмін. Жобам мақұлданды, енді несие алып, қаз сатып аламын. Ауылда құс шаруашылығын дамытуды көздеп отырмын, — дейді ол.

Айта кету керек, биыл «Ауыл аманаты» жобасы бойынша аудандағы қалған бес ауылдық округке скринг жұмыстары жүргізілуде. Қазір аталған бағдарламаға қатысуға бес ауылдық округтен 595 тұрғын ниет білдіріп отыр.

С.ҚОЙБАҒАРОВ,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button