Жаңалықтар

Алтай Көлгінов Ақтөбе облысында халықтың табысын арттыру мәселелері бойынша көшпелі отырыс өткізді

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов Ақтөбеде көшпелі отырыс өткізді. Онда қазақстандықтардың кірісін көтеру, халықтың табысын арттырудың өңірлік бағдарламаларын әзірлеу, «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобаларын іске асыру мәселелері, сондай-ақ әлеуметтік саланы дамытуға қатысты басқа да өзекті тақырыптар талқыланды.

Жиынға Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстары әкімдерінің орынбасарлары бейнеконференция режимінде қатысты.

Қазіргі уақытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Үкімет 2025 жылға дейін халықтың табысын арттырудың кешенді жоспарына өзгерістер енгізуде. Облыс әкімдіктері өңірлік бағдарламаларды әзірлеуге міндеттелді.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары халықтың табысын арттырудың барлық көздерін, оның ішінде бюджеттік және жеке инвестициялық жобаларды өңірлік жоспарларға қосу қажеттігіне назар аударды.

«Ауыл халқының табысын арттыру жобасына ерекше назар аудару керек. «Ауыл аманаты» жобасы 2023 жылдан бастап барлық облыстарда іске асырылуда, осы мақсаттарға 52,4 млрд. теңге көзделген, 11 мың несие беру жоспарлануда. Жобаны іске асыру кезінде әр аймақтың ерекшелігін ескеру қажет. Мұнда Сіздің ұсыныстарыңыз маңызды. Басты мақсат – ауыл тұрғындарының төмен пайызбен несие беру арқылы өз ісін ашуы үшін жағдай жасау. Бұл ауыл үшін бірқатар өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Өңірлердің дайындығына байланысты біз қаржыландыру көлемін ұлғайтуды қарастырамыз», – деп атап өтті Алтай Көлгінов.

Айтып өту керек, Ақтөбе облысы өңірлер арасында алғаш болып «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға кірісті. Бірінші кезеңде 24 ауылдық округте 2 700-ден астам жоба қолға алынады. Осы мақсатқа 3 млрд теңге бөлінді. Бұдан бөлек, ірі шаруа қожалықтары есебінен қатысушыларға 6 мың бас мал тауарлық несиеге беріледі. Жобаны іске асыру барысы туралы баяндаған облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова алдағы үш жылда жобаға өңірдің барлық ауылдарын қатыстыру үшін қосымша 58,6 млрд теңге қажет болатынын айтты.

Облыс әкімдерінің орынбасарлары халықты жұмыспен қамту бағытындағы шаралардың нәтижелері туралы да есеп берді.

Мәселен, Ақтөбе облысында кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында 2022 жылы 57,9 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде облыс бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,8%-құрады, ал былтырғы жылдың 9 айында орташа айлық жалақы 28,1%-ға өсті. Биыл облыстың ірі кәсіпорындары да қызметкерлердің жалақысын индекстеуді жоспарлап отыр.

Отырыс барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов ауыл халқының табысын арттыру, сондай-ақ «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобаларын іске асыруға қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Осы ұлттық жобалар аясында Ақтөбе облысында 2025 жылға дейін 20 мектеп, сондай-ақ ауылдық жерлерде 29 медициналық нысан салынып, халық игілігіне беріледі (оның 15-і – 2023 жылы, 14-і – 2024 жылы пайдалануға беріледі). Осылайша, 2025 жылы өңірде апатты және үшауысымды мектептер мәселесі толығымен шешіледі.

Сонымен қатар, Вице-Премьер облыс әкімі Ералы Тоғжанов бастамашылық еткен «БІЛІМ ALL» өңірлік жобасына жоғары бағасын беріп, Оқу-ағарту министрлігіне жобаны бүкіл ел аумағында оқу процесіне енгізу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Естеріңізге сала кетейік, «БІЛІМ ALL» шағын жинақты ауылдық мектептерді қолдауға, оқушылардың тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы білім алуына жағдай жасауға бағытталған.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ақтөбе облысына жасаған жұмыс сапары аясында «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация жанынан ашылған «Ауыл аманаты» жобасы бойынша өтінімдерді қабылдайтын орталық және «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасындағы «Ауыл аманаты» жобасына қатысушыларды оқытатын орталыққа да барды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button