Жаңалықтар

Жаңа тарифтік саясатқа кезең-кезеңімен көшеміз

Былтыр жылдық инфляция 20 пайызға жетсе де, Ақтөбе облысында коммуналдық қызметтерге тарифтердің айтарлықтай өсуі байқалған жоқ.

Бұл туралыТабиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Жасұлан Қартымбетов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында айтты.

Алдағы уақытта инфляция деңгейі, сондай-ақ облыстағы инженерлік инфрақұрылымдардың тозуы ескеріліп, коммуналдық сегменттегі тарифтердің өсетіні анық. Бұл айтарлықтай инвестицияларды тартуды талап етеді.Мәселен, Ақтөбе облысы бойынша коммуналдық желілер орта есеппен 60 пайызға тозған. Оның ішінде Ақтөбе қаласы бойынша жылумен жабдықтау желілерінің тозуышамамен 55 пайызға, сумен жабдықтау желілері 48 пайызға, электр желілері 75 пайызға жетіп отыр. Ел Президенті былтырғы Жолдауда монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа тарифі саясатына көшу керектігін тапсырған еді. Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында бүгінгі таңда Қазақстанның табиғи монополиялар саласындағы қолданыстағы заңнамасына бірқатар өзгерістер енгізілуде, — дейді Жасұлан Қартымбетов.

Сондай-ақ ол қазіргі уақытта Мемлекет басшысының коммуналдық қызметтер секторының инвестициялық тартымдылығын жақсарту жөніндегі тапсырмасын іске асыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын, бұл инвестициялықбағдарлама тарифтердің өсуі есебінен инженерлік инфрақұрылымдардың тозу деңгейін төмендетуді көздейтінін, сәйкесінше, бұл тарифтер деңгейінің айтарлықтай өсуіне әсер ететінін айтты.

— Осыған байланысты уәкілетті орган бүгінгі күні тұтынушылар мен табиғи монополиялар субъектілері мүдделерінің теңгеріміне қол жеткізу жолымен осы тапсырманы іске асыру әдістерін әзірлеп отыр. Оның бірі — тартылатын инвестициялардың көлемінен түпкілікті тарифке түсетін жүктемені азайту мақсатында инвестиция көлемін бірнеше жылға, яғни 2030 жылға дейін тариф құрамына бөлшектеп қосу және аталған жылға дейін желілердің тозу деңгейін 15 пайызға дейін төмендету.Тарифтің деңгейі табиғи монополия субъектісі ұсынған өтінімге байланысты болады, өтінім жұртшылықпен, сарапшылармен бірге қаралады. Енді тарифтердің көтерілуі кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, — дейді Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Жасұлан Қартымбетов.

«Табиғи монополиялар туралы» Заңға сәйкес уәкілетті орган мемлекеттік реттеу рәсімдерінің жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында табиғи монополиялар салаларындағы біраз қызметтіцифрландырып жатыр. Сондай-ақ тарифтер мен инвестициялық бағдарламаларды бекітпес бұрын уәкілетті орган жария тыңдаулар өткізеді, онда тариф пен инвестициялық бағдарламаның жобасы тұтынушылар алдында қорғалады. Уәкілетті органның ведомствосы жанынан құрылған сараптамалық кеңестерде қаралады. Барлық рәсімді өткізгеннен кейін уәкілетті орган тариф пен тарифтік сметаны, сондай-ақ мемлекеттік органдармен бірлесіп инвестициялық бағдарламаларды бекітеді. Жасұлан Қартымбетов барлық мүдделі тұлғалардан тарифтерді қалыптастыру және инвестициялық бағдарламаларды бекіту процесіне белсенді қатысуға шақырды.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button