Жаңалықтар

Қатты аяздың салдары

Қыс қаһарына мініп, ел аумағында бір жетіден бері аяз күшейіп тұр. Ауа температурасының осылай күрт төмендеуі, өкінішке қарай, коммуналдық қызмет саласының жұмысына кері әсерін тигізіп жатыр. 

Ақтөбе қаласының әкімі Мұрат Жөребеков коммуналдық қызметтердің  жұмысы, қалада туындаған жағдай туралы айтты.

Ауа райының қолайсыздығы ең алдымен қоғамдық көліктің жүруіне кедергі болды. Қатты аяздың салдарынан автобустар кешігіп жатыр.

Әрине, қарап қалмай, мәселені шұғыл шешу жолдарына кірістік. Қоғамдық тасымал қызметімен айналысушы 4 компания да маршрут кестесі мен қозғалыс арақашықтығын қамтамасыз ету бойынша барлық мүмкіндіктерді жасап жатыр.

Бұдан бөлек қоқыс шығаратын арнайы техникалар жұмыс барысында, полигон аймағында қатып қалып жатқанынан да тұрғындарымыз хабардар болып отыр. Қатты-тұрмыстық қалдықтарды алатын 3 мердігер ұйымның бекітілген кестеден кешігіп жатқанының себебі — осы.

Сол сияқты, көше жолдарын қыста күтіп ұстаумен айналысатын 13 мердігер ұйымның да жұмысына қатты аяздың салдары кедергі келтіруде. Арнайы техника екі күннен бері жолда қатып қалып, жұмыстарын жалғастыра алмай жатыр. Дегенмен жұмысшылар үскірік аязға қарамастан, қар шығарып, көшелерді тазалап жүр. Осындай еңбек адамдарына алғысым шексіз! — деп жазды ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

М.Жөребекөвтің айтуынша, өңір басшысы Ералы Тоғжановтың тапсырмасына сәйкес барлық коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді, тәулік бойы кезекшілік қамтамасыз етіліп тұр.

Күн райы жылынған бойда, апта соңында коммуналдық-шаруашылық жұмыстарға толық күшпен қайта кірісетін боламыз. Ал жылу беру кезеңінің штаттық режимде өтуін тәулік бойы бақылап отырмын. Оған алаңдауға негіз жоқ.

Жалпы, осы аязды күндері қаламызда туындаған уақытша қолайсыздықтарға ақтөбеліктерден түсіністікпен қарауды өтінемін. Төтенше жағдай қызметі таратып отырған ескертулерге құлақ түріп, алыс жолға шықпауды сұраймын, — деп жазды ол.

«Ақтөбе-ақпарат».

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button