Жаңалықтар

Салтанаттың  дүкені

Жуырда Ойылда жартылай дайын өнім дайындайтын «Tомирис» дүкені ашылды.

Жеке кәсіпкер Салтанат Қалдығұлова бұл дүкенді алу үшін «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2 млн теңге қайтарымсыз грант алған. Дүкенде тұшпара, манты, самса, жайма және басқа да өнімдер дайындалады. Сонымен қатар тұтынушыларға қолжетімді бағада барлық азық-түлік және ет өнімдері сатылады.

Салтанат былтыр «Атамекен» өңірлік ұлттық палатасы арқылы мемлекеттік грант алуға байқауға қатысып, бизнес жоспарын сәтті қорғап, қайтарымсыз 2 млн теңгені ұтып алған. Бұл қаржыға кәсіпкер өндіріске қажетті заманауи құрал-жабдықтар, атап айтсақ, тоңазытқыш, мұздатқыш, ет тартқыш, қамыр илейтін және қамыр араластыратын аппараттар, үстелдер сатып алған.

Салтанаттың негізгі мамандығы— инженер-технолог. Өз қызығушылығын мамандығымен ұштастыра білген көпбалалы ана қазір жеке кәсіп ашуға мүмкіндік мол екенін айтады.

— «Бастау-Бизнес» курсын оқып, кәсіпті қалай бастау қажет екенін, оны қалай дамыту керектігін толығымен меңгердім. Соның нәтижесінде дүкен ашып отырмын. Қазір ауылда тұрғындардың жартылай дайын өнімдерге сұранысы артқан. Мәселен, дүкенде біз күніне 15 келі өнім өндіреміз,—дейді ол.

Кәсіпкер етті аудандағы «Еңсеген», «Сағын» шаруа қожалықтарынан алады. Қазір ол бір адамды жұмыспен қамтып отыр.

— Өнімдер сұранысқа ие болғандықтан, алдағы уақытта тұрғындардың таңдауына сай оның түрлерін көбейтіп, өнімдерімізді өзге де дүкендерге тасымалдап,кәсібімді кеңейтуді жоспарлап отырмын, — дейді Салтанат.

Гаухар АЛЕКСЕЕВА,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button