Ономастика және тарихи сана

немесе атағы ауылдан ары аспаған атамыздың атына көше сұрауға неге құмармыз?
Патшалық және кеңестік заманда ономастика қазаққа қарсы ұлтсыздандыру саясатының бір тармағына айналған еді.
Өкінішке қарай, тәуелсіздік жылдарында да бұл салада өз руына, өз атасына қарай бұра тарту кең етек жайды. Қазір көшеге, елді мекенге ат беру бүкіл еліміз бойынша ортақ қолданысқа ие тізім арқылы іске асырылады. Бұл тізімге аз ғұмырдағы лауазымымен немесе бір ауылдың (бір әулеттің) мерейін үстем етуімен ғанаесте қалған адамдар емес, тұтас ұлтқа өлшеусіз еңбек сіңірген тұлғалар енген.
Соған қарамастан, көпшілік тарапынан ауыл, аудан, облыс деңгейінде кезкелген лауазымды қызмет атқарған туысына көше, мектеп атын сұраған ұсыныстар толастай қоймады.
Мұндай ұсыныстар — ұлттық идеологияның бір тірегі саналатын ономастиканы пендеуи мақтаныш жолында қолжаулыққа айналдырудың белгісі ғана емес, заң аясына да орынсыз іс екенін көпшілік ойлай бермейді.
Көне атаулар сыры
Тарихқа үңілсек, 1775 жылы Ресей билеушісі ІІ Екатерина патшайым Жайық өзенінің, Жайық қаласының және осы қалада бекінген Жайық казак әскерінің атын түгелімен «Орал» атауына ауыстыру жөнінде жарлық шығарған. Сөйтіп, картада Орал өзені мен Орал қаласы пайда болды, ал Жайық казактары енді Орал казактары деген атты иемденді. 1773-1775 жылдары бұл өңірді Пугачев көтерілісінің өрті шарпығаны белгілі. Көтеріліс басшысы қолға түскеннен кейін шыққан патша жарлығында жер-су және әскер атауынауыстырудың «Жайықта өткен бақытсыз жағдайды біржола ұмыту үшін» қажет екені көрсетілген. Ал кейін большевиктер патша үріккен Пугачевтің атын қайта тірілтіп, 1918 жылы оған Самара губерниясындағы Николаев қаласының атауынәперді. Бұл қаласодан бері Пугачевтің атын иеленіп келеді. Алайдабольшевиктер Орал өзені мен қаласының ежелгі атауын қайтару туралы ойлаған да жоқ. Өйткені Жайық атауын қайтару қазақ, башқұрт халықтарының тарихи жадына қозғау салумен бірдей еді.
Отарлаушылар XVIII ғасырдан бастап-ақ қазақ даласындағы тарихи атауларға ауыз сала бастады және бұл кеңес дәуірінде әбден шарықтау шегіне жетті.Мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі ғалым, профессор Мұхтар Арын (1936-1995 жж.) өзінің «Бес анық» атты еңбегінде: «Көшпенділер үшін жер-су атаулары дұрыс бағыт-бағдар алып, көшіп-қонып жүру үшін өте қажет болған… Географиялық карта болмаса да, қарттардың көз алдында, миында жер-су бейнесі, олардың атаулары сайрап тұрған. Сондықтан мұның бәрі — біздің тарихымыз, дүниетанымдық, әлеуметтік өміріміз. Бұған өте сақ қарауымыз керек. Қалай болса солай, аспаннан түскен нәрсе деу де — қате… Әрине, оның не айтатыны бар, біздің жер-су атауларымызға үлкен нұқсан келтірілді. Қазан революциясынан кейін талай жер халқымызға қатысы жоқ адамдардың атымен аталды. Осылайша біздің топонимдік жүйеміз талқандалды»деп жазды.
Беріде осы бодандық дәуірде ұрланған, дал-дұлы шыққан тарихымызды түгендейміз, жоғалтқанымызды табамыз деп жүріп, қисынды-қисынсыз жорамалдарға, ұшы-қиыры жоқ «зерттеулерге» де ұрындық. Мысалы, Ақтөбеге жалғас жатқан, Алға ауданына қарасты Бестамақ ауылының атауына байланысты мынадай пікір айтылды:ауылдың іргесінде тама Есет батыр Көкіұлы жерленген қорым бар екені баршаға аян. Осыдан келіп, «О баста ауылдың аты Бестама болса керек?» — деген жорамалтуды. Расында, бізге тәннің бәрін оңды-солды бұрмалаған отарлаушылардың Есет батырдың жерленген жерін ұмыттыру үшін қитұрқылық жасамағанына кім кепіл? Алайда үңіліп қарасақ, Бестамақ деген жер аты еліміздің әр өңірінде бар екен. Мұхтар Әуезов өзінің «Ақын елінде» атты очеркінде ұлы Абайтуған аймақта Бұғылы, Бестамақ, Мәйімбет сынды жерлердің бар екенін көрсетеді. Қарағанды облысының Нұра ауданында да Бестамақ ауылы бар. Қостанай облысының Әулиекөл ауданындағы ғалымдар энеолиттен орта ғасырларға дейінгі аралықты қамтиды деп санайтын Бестамақ қорымы көне археологиялық ескерткіш ретінде белгілі.Өз облысымызда Бестамақ аталатын ауыл Алға ауданына қоса, Ойыл ауданында да бар. Тіпті сонау Кавказдағы, Ресейдің Кабардин-Балқар республикасында да Бештамақ аталатын жер атауы кезігеді. Түркі халқына жататын балқарлардың тілінде бұл «бес өзеннің түйіскен жері» дегенді білдіреді екен. Осы жерден Терек, Черек, Чечем, Баксан, Малка аталатын өзендер ағып өтетін көрінеді. Қазіргі біздің Ақтөбе қаласы мен оған жалғас Бестамақ маңына да нақ осындай ерекшелік тән. Кезінде Ақтөбе бекінісіне әр қиырдан келіп қоныстанғандар өз естеліктерінде бұл жерді жан-жақтан орап, ағып жатқан өзендерді, олардың балыққа, яғни байлыққа толы екенін тамсана жазған.
Өстіп, тек қазақ емес, оның арғы жағындағы түркі дәуірінен (кем дегенде, түркі дәуірінен) бері келе жатуы мүмкін, көздің қарашығындай сақталуға тиіс атауды білместікпен бір руға «меншіктей» жаздаған жайымыз бар.
Зерттеушілер қазақ топонимиясында жер бедеріне, табиғатына байланысты атаулардың көптігін, сонымен қатар түрлі тарихи оқиғалар, тарихи тұлғаларға қатысты атаулардың ұшырасатынын, жер-су аттарының мән-мағынасыз, кездейсоқ қойыла салмайтынын айтады. Профессор Оғаз Сұлтаняев қазақтың жер-су аттары сол жердің табиғатын дәл сипаттайтынын атап көрсеткен. Ал профессор Мұхтар Арын: «Қазақтың атамекенге, жерге деген сүйіспеншілігінің айқын дәлелі — халқымыздың жер-су атаулары кілең бір әдемі сөздер болып келеді» дейді.
«Әп-әдемі ән еді…»
Бодандық заманда отарлаушылар осы байлығымызды аяусыз таптап, ұрпақ жадынан мүлде өшіруге, жоқ етуге тырысты. Ал тарихи атауларды қайтару мәселесі тәуелсіздік қарсаңындағы жылдардан бастап қолға алынып, бірқатар өңірде, соның ішінде біздің өңірде де, әсіресе тәуелсіздіктің бастапқы кезінде қарқынды жүрген еді.
Бірақ, өкінішке қарай, кейін осы аса маңызды істі жершілдік, рушылдық, әркім өз атасын дәріптеу, мақтан қуу секілді келеңсіздіктерге киліктіріп, «әп-әдемі ән еді, пұшық шіркін қор қылды» дегендей, қор қылуға қарай бет бұрдық. Бірер жыл шамасында редакциямызға бір қыз бала келді. Әкесі ұйытқы болып, үлкендер жиылып, ауылында бір кісіге ас берілген екен. Қалада жұмыс істеп (әлде оқып?) жүрген қызына сол ас туралы хабар жазып, газетке беруді тапсырыпты. Қолыма ұстатқан қағазға үңіліп оқи бастасам, ас берілген кісінің (иманды болсын, әрине) бар еңбегі — өз ауданында кеңес өкіметін құруға атсалысқаны, ревком мүшесі болғаны. «Неге ас нақ осы адамға арнап ұйымдастырылды? Сіздің атаңыз ба?» — деп сұрадым. «Жоқ, тікелей атамыз емес, — деді хатты әкелген жас бала. — Әкем біздің рудың белгілі адамдарын іздестірген екен, сөйтсе, ең лайықтысы, ең атақтысы осы кісі болып шыққан ғой».
Өз әулетінен, одан таппаса, руынан «лайықты» адам іздеп, атасына ауыл, көкесіне көше атағын шығаруға күш салу, осы іске нақ бір жарыс жарияланғандай-ақ жан-тәнімен кірісу осылайша науқанға айналды.
Біздіңше, бұның өзі — бодандық замандағы мемлекетшілдік санадан айырылудың ащы зардабының бірі. Тарихшылар өз жерінде азшылықта болғанына, оның үстіне кеңес билігінің орыстандыру саясатын барынша қатаң, аяусыз түрде жүргізгеніне қарамастан, қазақтың өз тілін жоғалтпай, ұлт ретінде сақталып қалуын Қазақ хандығы кезінде қалыптасқан мемлекетшілдік сананың арқасы деп біледі. Қазақ хандығы жойылғанымен, оның тұсында қалыптасқан мемлекетшілдік сана кешегі ХХ ғасырдың 80-жылдарына дейін ұлт тағдырына өз сәулесін шашып келді. Елдік сана, ұлттық құндылықтарды ұстанған соңғы буын — даланың исі аңқыған дана қарияларымыз 80-жылдардың ішінде келмеске кетті. Одан кейінсанамызда кеңестік тәрбие біржола үстемдік алды. Аға буын ғана емес, орта буынның да әлі күнге дейін сол тәрбиенің жетегінде келе жатқанын байқау, түсіну қиын емес.
Кеңестік қалалардың бәрінде дерлік оқу орындары, түрлі мекеме-кәсіпорындар мен көшенің атаулары қайталанып келетін: бұлар — төңкеріске, жаңа өкіметті құруға қатысқан, партия, кеңес қызметінде істеген тұлғалар мен кеңестік идеологияны насихаттауға атсалысқан ғылым, әдебиет және өнер адамдары. Өкініштісі, осы «үлгіні» тәуелсіздік жылдарында да жалғастырдық. Өз әулетімізде, руымызда патша, одан кейінгі кеңес заманында тіпті аз уақытқа болсын, қандай да бір лауазымды қызмет атқарған тұлға болса, жапа-тармағай оның деректерін, құжаттарын жинақтап, көше, мектеп атын сұрауды әдет қылдық. Мысалы, Үкімет жанындағы ономастика комиссиясы 2014 жылы 609 ұсынысты қараған. Бұл ұсыныстардың 80 пайызында түрлі нысан, елді мекен, көше аттарына кісі есімін беру сұралған. Ал олардың дені ұлттық деңгейде танымал емес адамдар болып шыққан. Осындай сұраулардың көбейіп кетуіне байланысты, 2015 жылы елімізде ономастикалық атау беру мен қайта атау бойынша жұмыстардыуақытша тоқтатуға да тура келген.
Расында, қандай биік болса да, мансап пен лауазым адамды ауыл, көше атын иеленіп, ұрпақтар жадында мәңгі қалуға лайық тұлға санатына қосуға негіз бола ала ма? Ұлы Абай өзінің қара сөзінде: «Биік мансап — биік жартас. Ерінбей еңбектеп жылан да шығады, екпіндеп ұшып қыран да шығады» дейді. 1933-1937 жылдары Қазақ КСР-інің халық ағарту комиссары болған Темірбек Жүргеновтің туған жұртына сіңірген еңбегі баршаға аян. Ал одан бергі тарихта бұл лауазымды (білім, мәдениет министрі) қанша адам иеленді? Олардың арасында жұрты мақтан тұтатындай іс істемей кеткенібылай тұрсын, мемлекет қаржысын жымқырып, ұлт мүддесін аяқасты еткендер де бар. Мансабы, қызметі бір болғанымен, еліне деген сүйіспеншілігі, перзенттік борышын өтеуі тұрғысынан келгенде Жүргеновтің тырнағына татымайтын адамдар неліктен ұрпақтың жадында, тарихтың бетінде онымен бірдей құрмет биігінде тұруы керек?!
Түрлі кәсіп иелері, қаламгерлер, өнер адамдары туралы да осыны айтамыз. Өз уақытында жыл сайын кітап шығарып, төрге озып, даңққабөленгенімен, соңынан жазғанын ұрпақтар қабылдай алмаған ақын-жазушықай халықтан да табылады. Оның шығармашылығының ұлт әдебиетін, мәдениетін өркендетіп, өсіруге титтей де болсын үлесі тиді ме? Әйтеуір жазды ғой демей, керісінше, жаза жүріп, әдебиетке кесірін тигізетін, ұлт руханиятының тұнығын лайлайтын қаламгерлердің де болатынын түсінуге тиіспіз.
Қазіргі ресми орындарға жеткен немесе жетпей қалса да, жиын-той, садақалар кезінде айтылып жүрген көп ұсынысты ой елегінен өткізсек, ономастиканың елдің тұтастығына, халықтың бірлігіне қызмет ететінін ұмыт қалдырған секілдіміз. Ұлттық деңгейдегі қайраткерлерден гөрі, өз жерімізден, руымыздан шыққан мықтыларға бүйрегіміз «бұрып тұрады». Шәкәрім қажы тек Шығыста, Әлия Ақтөбеде, Әлихан Арқада ғана құрметке бөленуі тиіс пе? Бұлай етсек, олардың тұлғасын қаншалық аласартатынымыз кейбіріміздің қаперімізге кірер емес.
Осысөзбүгін ғана қозғалып отырған жоқ, әрине. Талай мақала жазылып, сұхбат берілді, мінберлерден сын да айтылды.Әйткенмен, жоғарыда айтқанымыздай, ономастика саласында орынсыз ұсыныстар, дау-дамай әлі де толастамай келеді…
Ономастика — ұрпаққа қалдыратын рухани мұраның маңызды әрі үлкен бір бөлшегі. Сөз соңында тәуелсіздік жылдарында бұл салада жақсы өзгерістердің де көп болғанын айтқымыз келеді. Еліміздің батысындағы ең ірі елді мекен — Ақтөбе қаласындағы атаулардың басым көпшілігінің қазақылануын соның бір дәлелі санаймыз. Ал ресми түрде қазақшаланған атауларды халық әрі іліп алып кете алмай жүрген тұстар да бар. Мысалы, Ақтөбеде Заречный, Новый, Ясный деген ауылдар жоқ, олардың аттары қазақшаланған. Алайда насихаты аз ба, мұны екінің бірі білмейді, ал білгендер де қолдана бермейді.
Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.



