Биыл 48 жоба жүзеге асады
«Халық қатысатын бюджет» жобасына өзгерістер енгізілді. Бұл туралы Ақтөбе қалалық әкімдігінде қалалық мәслихат хатшысы Анар Даржанованың төрағалығымен өткен кездесуде айтылды.
Бұған Астана ауданы әкімінің орынбасары Алмас Жақсылықов пен бірқатар қалалық бөлім басшылары және жобаға жауапты мамандар қатысты.
Анар Даржанованың айтуынша, «Халық қатысатын бюджет» жобасының ауқымы жыл сайын кеңейіп келеді. Белсенді тұрғындардың қызығушылығы артуда. Сондай-ақ жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржының көлемі де артқан.
Астана ауданы бойынша былтыр 17 жоба іске асқан. Өткен жылы қабылданған жобалардың 48-і биыл жүзеге асырылмақ. Оның жалпы құны 937 миллион теңгені құрайды.
Биыл жобалар 20 қаңтардан бастап қабылданады. Яғни өткен жылға қарағанда 1 ай ерте басталады.
— Биыл тұрғындарды ерте құлақтандырып жатырмыз. Жобаның негізгі бөлігі қоғамдық орындарды абаттандыру жұмыстарына арналады. Бұған тротуарлар салу мен балалар ойын алаңын орнату, спорт алаңдары және скверлер мен саябақтар салу кіреді.
Әр жобаның құны былтыр 10 мың айлық көрсеткіш болса, биыл 15 мың айлық көрсеткішке тең. Биыл мақұлданған жоба келесі жылы іске асады, — дейді Астана ауданы әкімінің орынбасары Алмас Жақсылықов.
Жоба 8 бағыт бойынша жалғасады. Келіп түскен жобалық ұсыныстар талдау үшін сараптамалық кеңеске жолданады. Одан әрі жобаларды сайтқа орналастырып, белсенді тұрғындар онлайн режимде дауыс береді. Әр ұсынушының жобасы 50 дауыстан кем жинамау керек. Бюджеттік өтінімдерді бекіту жұмыстары мамыр айынан басталады.
С.ЖҰБАНҒАЗИН.